Ауқымды өзгерістер сол кезден басталды
2022 жылдан бастап 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде араға 13 жыл салып қайта аталып өтіліп келеді.
Егемендікке қол жеткізгенге дейін еліміз көптеген тар жол тайғақ кешулерден өтті. Тәуелсіздігін жариялау үшін қаншама қаракөз апаларымыз, боздақ бозбала ағаларымыз кеудесін оққа тосты, жан кешті.
Осы уақыттан кейін Қазақстан әлемде жеке-дара дербез ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Сол себепті жастарды отансүйгіштік қасиетке, елдік рух пен ұлттық ұстанымын берік етуге шақыратын ұлттық мерекенің маңызы зор.
Республикамыз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеді. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды.
Республика күні тек тәуелсіздік символы ғана емес, сонымен қатар мәдени көрініс пен қоғам бірлігінің тұғырына айналып отыр. Бұл айтулы күн бүгінгі таңда Қазақстан халқын біріктіріп, әріптес мемлекеттер мен түрлі халықаралық ұйымдармен екіжақты қатынастарды нығайтуға, елде жоспарланған реформаларды жүзеге асыруға зор ықпал етеді.
Бірақ тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ерен еңбегінің нәтижесі болғанын әрдайым есте ұстаған жөн. Олардың ұрпақтары ретінде біздің алдымызда Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау мен нығайтудың жоғары мақсаты тұр.
Елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке әрбір жерлесімізге шаттық сыйласын!
Баршаңызды еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан ұлттық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Болат КӨПДІКБАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
облыс бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы