Кәсіп

Бір ауылда 51 қандас кәсіппен айналысады

«Туған жердің торғайы, тұрымтайдай көрінер» деген қазақ даналығы бекер айтылмаған. Алайда ауызша айтқаныңмен бастан өткермейінше ешбір дүниенің байыбына бара алмайсың. Олай дейтініміздің де жөні бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын түрлі зардап пен залалды, жала мен наланы, қаншама қасірет пен қайғыны бастан кешкен жұртымыз тарыдай шашылып, қойдай қырылғаны тарих беттерінде жазулы тұр. Сол бір қиын кезеңде ұйыған ұлтымыз жылы ұясынан жырақ кетуге мәжбүр болды. Алайда халқымыз сан жылғы арман-мақсатына қол жеткізіп, тәуелсіздік мөрі басылғаннан кейін қандас бауырларымыз елге қайта оралып, ел экономикасының өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

Еліміз азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіздік таңын атырған күннен бастап бүгінгі күнге дейін 1 миллион 200 мыңға жуық отандасымыз оралған. Олардың басым көпшілігі Өзбекстан мен Қытай мемлекетінен қоныс аударған. Қандастардың көбі Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облысына табан тіреген.

Ал облысымызға 1991 жылдан бері 20 243 отбасыдан құралған 66 188 қазақ азаматы елге келген. Ал биылғы жылдың 1 қазанындағы статистика бойынша жыл басынан бері 343 отбасыдан тұратын 587 адамға қандас мәртебесі берілген. Олардың қатарында Өзбекстан Республикасынан – 273 отбасы (490 адам), Қырғызстаннан – 34 отбасы (46 адам), Түркіменстаннан – 20 отбасы (30 адам), Ресейден – 1 отбасы (1 адам), Тәжікстаннан – 12 отбасы (17 адам) және Қытай Халық Республикасынан 3 отбасы (3 адам) атажұртқа келген. Олар әр ауданнан өз орындарын тауып, бірі малшаруашылығымен айналысса, бірі егіншаруашылығы арқылы өз нәсібін тауып, енді бірі кәсібін дөңгелетіп отыр.

Өңірімізде қандастардың басым көпшілігі Жуалы ауданында тұрады. Бұл аймаққа оралған қазақтар тәуелсіздік алған жылдары үй тіге бастаған. Биылғы жылдың өзінде 12 отбасы жайлы орынға жайғасқан. Мәселен Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылдық округіндегі тұрғындардың 51 пайызын қандастар құрайды.

Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Аманбекұлының айтуынша, шет елден көшіп келген қандастар саны бүгінде 2 205 адамға жеткен.

Тәуелсіздік жылдары Нұрлыкент ауылынан тұрақ тапқан азаматтар бүгінде жеке кәсібін дамытып, аудан экономикасының өркендеуіне септігін тигізуде. Мәселен Нұрлыкент ауылына 1992 жылы қоныс аударған Мұрат Демеусінов диқаншылықпен айналысып, ризығын жерден айыруда.

Ал Гүлзира Утенова есімді ауыл тұрғыны 2024 жылға дейін шаштараз болып еңбек етіпті. Биыл жеке асханасын ашып, өзін жаңа қырынан сынап көруде.

Жоғарыда айтқанымыздай, Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғындары ауылшаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп, өңір эконикасының дамуына қомақты үлес қосуда. Ендеше ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем нұрлыкенттіктердің ел ырысын еселеу жолындағы жұмыстарына тек табыс тілейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ