Ауылшаруашылығындағы орны ауқымды колледж
Республика күні десе ойымызға тәуелсіздік ұғымы да қатар орала кететіні орынды. Өйткені 1990 жылы елімізде Егемендік туралы Декларация қабылданып, соның арқасында азаттықтың ақ таңы туды. Еліміз еркіндікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы елең-алаң шақта халқымыз талай тағдырлы, талай сындарлы сәттерді бастан кешті.
ӨТКЕНГЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК
КСРО ыдырамай тұрып басталған қаржылық дағдарыс ел экономикасын тұралатып, ауылшаруашылық саласы да ауыр кезеңді бастан өткерді. Бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, білікті мамандар жұмыссыз қалды. Ауылдық елді мекендегі еңбек адамдары жаңа жүйеге бейімделе алмай, шаруашылық біткеннің тіршілігі тоқырауға ұшырады. Уақыт өте келе еліміз етек-жеңін жиып, аталған саланың күре тамырына қан жүгіргенде ауылшаруашылық саласының қыр-сырын білетін мамандар ауадай қажет болды. Осы ретте Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжі тәуелсіздік жылдарында маман даярлау ісін бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Сондықтан осы колледждің өңірдің ауылшаруашылығын қайта көтеруге өз үлесін қосқанын айрықша атап өтуіміз қажет. Колледжде жастарға жер игеру, малшаруашылығын дамыту, техника жөндеу сияқты нақты мамандық түрлері үйретілді. Соның арқасында аталған білім нысаны агросалаға қажетті кадр даярлайтын тәжірибелі ұжымға айналды. Демек, Құлан агротехникалық жоғары колледжін тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан бірден-бір оқу орны десек қателеспейміз.
Аталған оқу орнының тарихына көз жүгіртсек, 1923 жылы 3 тамызда Қазақ АССР-нің Халық комиссарлар кеңесінің жарлығымен Орынбор қаласында өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникум болып ашылды. Техникумда алғашқыда ветеринарлық және зоотехникалық бөлімдері болса, кейін жер қатынастары бөлімі ашылған екен. Одан кейін, яғни 1926 жылғы 24 маусымдағы Қазақ АССР-ның Халық комиссарлар кеңесі отырысының шешімімен Орынбор қаласынан Алматы қаласына көшіріліп, Алматы ветеринарлық жер қатынастары техникумы болып құрылған. 1930 жылы Алматы қаласынан Әулиеата (Жамбыл) қаласына ауыстырылып, Әулиеата ветеринарлық-зоотехникалық техникумы деп аталыпты. 1932 жылы Әулиеата қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан №49 Жылқы зауытының орталығы Седовка ауылына көшіріліп, Әулиеата жылқы техникумы болған. Седовка ауылында оқу корпусы мен жатақхананың тапшылығынан техникум 1935 жылы Әулиеатаға қайта көшіріліп, жалданған ғимаратқа орналасқан. 1941 жылы техникумда ветеринарлық бөлім құрылып, содан бері Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы деп атала бастайды. Техникум сол кезде Жамбыл қаласының маңындағы ірі оқу шаруашылығы болды. Оқуды практикалық істермен тығыз байланыста жүргізу мақсатында техникумның өндірістік базасы ұлғайтылады. Білім ошағының оқу шаруашылығына сол замандағы алдыңғы қатарлы егіншілік технологиясы, ауыспалы егіс жүйесі енгізіліп, ол тәжірибе облыс көлемінде таратылды. Техникум жанында егіншілік жүйесі кеңейтіліп, жеміс ағаштары отырғызылды. Сонымен қатар мал басы көбейтіліп, 92 ірі қара мен 50 бұзауға, 100 шошқаға арналған қора-жай салынды. Студенттер барлық тәжірибелік жұмыстарды техникумның оқу шаруашылығында жүргізуге мүмкіндік алады. Осылайша оқу шаруашылығы егіншілікке қажетті техника мен құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген болды. ХХ ғасырдың 50 жылдарының басында Жамбыл қаласында техникумның жаңа оқу корпусының құрылысы басталды. 1958 жылдың қазан айында техникум жаңа ғимаратқа көшеді (кейін ол ғимарат Жамбылда құрылған гидромелиоративтік-құрылыстық институтына беріледі). 1961 жылы Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің №277 бұйрығына сәйкес техникум Талас ауданының Ақкөл ауылына қоныс аударды. Ақкөлде техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының болмауына байланысты оқушылар оқу тәжірибесін Жамбыл қаласының ет комбинатында, ПОШ фабрикасында, сүт зауытында және басқа шаруашылықтарда өтетін болыпты. Сонымен қатар оқушыларды тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмау мәселесі де туындаған. 1963 жылы 23 сәуірде Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің №93 бұйрығымен техникум Ақкөлден Луговой (қазіргі Құлан ауылы) селосына көшіріледі. Осыдан кейін Құлан ауылы техникумның тұрақты мекеніне айналады.
Құлан ауылының маңындағы Шөңгер аймағынан 360 гектар жер бөлініп, техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының негізі қаланды. Онда әкімшілік және шаруашылық нысандары, үй құрылысы, мал қора-жайлары салынды. Техникум сапалы кадрлармен жасақталып, оқу-өндірістік шаруашылығы дамып, жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы нығаяды. 1965 жылы мұнда бухгалтерлік бөлімі ашылып, «Ауылшаруашылығы өндірісін жоспарлау», «Ауылшаруашылығы өндірісінің бухгалтері» мамандықтары бойынша студенттер қабылданды. 1970 жылы 650 орындық жаңа типтік оқу корпусы пайдалануға берілді. Оқу ғимаратында 19 оқу бөлмесі, 18 зертхана, кітапхана, оқу, мәжіліс, спорт залдары және тир болыпты. 1973 жылы 632 орындық жатақхана, 110 орындық асхана салынып пайдалануға берілген. Ауылшаруашылығына қажетті білікті мамандар даярлауда техникум педагог кадрлардың кәсіби өсуіне күнделікті қамқорлық жасап отырды. Ауылшаруашылығы мамандары болып саналатын оқытушылар өндірістен қол үзбей бір жылдық педагогикалық факультеттерде Мәскеудегі К.И.Скрябин атындағы малдәрігерлік және К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылығы академияларында, Ленинград, Киев, Новосибирск, Харьков, Алматы қалаларында орналасқан педагогтық білім беретін ауылшаруашылығы жоғарғы оқу орындарында білімдерін шыңдайды. Білікті мамандарды дайындаудың негізгі кезеңдерінің бірі өндірістік тәжірибе болғандықтан 1985 жылы малдәрігер мамандығының тәжірибелік алаңын кеңейту мақсатында 100 орынға арналған типтік клиника салынып, пайдалануға берілген екен.
ЖЕТІСТІК ЖОЛЫ

Қазіргі уақытта мұнда студенттер «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Электр жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі», «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Ет және ет өнімдерін өндіру», «Сүт және сүт өнімдерін өндіру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Агрономия», «Жеміс-көкөніс шаруашылығы», «Орман шаруашылығы», «Ветеринария» мамандықтары бойынша білім алуда. 2021 жылы колледжде облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасын орындау бағытында өңірдің ауылшаруашылық саласының сұранысына сәйкес «Ара өсіру және жібек шаруашылығы», «Балық шаруашылығы» мамандықтары ашылған екен.
Колледж облыс көлемінде өткізілген «Табысты менеджмент-2021», «Озық әдістемелік қызмет – 2021» байқауларында бас жүлдені жеңіп алыпты. Бұл оқу орны білікті мамандар даярлауды қаперде мықтап ұстаған ұстаздардың жетістігімен де ел мақтанышына айналған. Мұнда өз ісінің шебері, ізденімпаз педагогтер көп. Мысалы, ветеринарлық пәндер оқытушысы Бірлік Сраилов республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы, «2014 жылдың үздік педагогы» атағының иегері болса, Еркебұлан Ертаев та «Үздік педагог» байқауында топ жарған. Ол «2019 жылдың үздік педагогы» атағын иеленген. Техникалық және кәсіптік білім беру әдіскерлері арасындағы екінші орын жүлдегері Гүлмира Маханбетова «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының республикалық «Жыл әдіскері-2013» байқауында көш бастаса, 2015 жылы Венера Майтанова осы орталықтың «Педагогикалық идеялар» республикалық фестивалінің екінші орынды еншілеген. Гүлназ Қойшыманова білім саласында ерекше көзге түскен ұстаздардың бірі. Ол Ресейдің Чувашия өңірінде өткен халықаралық әдістемелік фестивальде бірінші орын алып, еліміздің атын асқақтатыпты. Мая Бағылбекова Қ.Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Білім беру ұйымы басшысының үздік орынбасары» байқауында бірінші орынды иеленіп, басқару ісіндегі кәсіби шеберлігін дәлелдеген. Тағы бір мақтан тұтар жан Разалья Шихованың білім беру саласы бойынша өткен республикалық кәсіби шеберлік конкурсында «Ізденімпаз педагог» аталымында жеңімпаз атануы да оқу орнының үлкен бір жетістігі.
Колледж базасында 2021 жылдан бері республика көлемінде ауылшаруашылығы саласына арналған кәсіби шеберлік конкурсы өткізіліп келеді. Бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен үздік мамандардың қатысуы дәстүрге айналған. Сол сайыстарда да Құлан колледжінің өкілдері әр жылы биік тұғырдан көріне білген. 2021 жылы «Ветеринария» бағыты бойынша Рашид Сарсенбиев бас жүлдені иеленсе, 2022 жылы Жанар Байсақалова бірінші орын алған. Бұрнағы жылы бас жүлде Айсұлу Көпбаеваға бұйырыпты. Өткен жылы Бауыржан Тұтқышбаев бірінші орынды жеңіп алған екен. «Агрономия» бағыты да жетістікке толы, Марат Ятаев 2022 жылы екінші орынды, Айгерім Болатханова 2023 жылы, Әсел Әбишева 2024 жылы бірінші орынды қанжығасына байлапты.
Осы жылдың 9-10 қазан күндері Құлан агротехникалық жоғары колледжінің базасында ауылшаруашылығы саласы бойынша V республикалық кәсіби шеберлік конкурсы өтіпті. Бұл додаға Қазақстанның 12 облысы мен Алматы қаласындағы 15 колледжден келген 22 педагог және 17 компатриот қатысқан екен. Байқау «Ветеринария» және «Агрономия» мамандықтары бойынша ұйымдастырылған.
Конкурс барысында қатысушылар өз білімін теория жүзінде сынап, практикалық тапсырмалар орындап, кәсіби шеберліктерін көрсетіпті. Құлан агротехникалық жоғары колледжінен екі ұстаз қатысып, жүлделі орындарға ие болыпты. Атап айтқанда, «Ветеринария» бағыты бойынша Тілек Қысық, «Агрономия» бағыты бойынша Жандарбек Дәулетов екінші орын иеленіпті. Осы байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар еліміздегі аграрлық және ветеринария саласының тәжірибелі ғалымдары мен мамандары баға берген. Міне, осындай табыстардың арқасында Құлан агротехникалық жоғары колледжінің аты көпке танылып отыр.
ТЕГЕУІРІНІ МЫҚТЫ ТҮЛЕКТЕР
Қарағанды облысының білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы «WorldSkills Karaganda-2019» аймақтық чемпионатында «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша сол кездегі студент Қысық Тілек жүлделі үшінші орынға ие болыпты. 2022 жылы Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы Шағалалы ауылы Жоғары агротехникалық колледжіне «Астық және оны қайта өңдеу өнімдерінің сапасын анықтау» құзыреті бойынша өткізілген «WorldSkills Aqmola-2022» өңірлік чемпионатында Байбулатова Сезім жүлделі екінші орынға ие болды. Жастар жылы аясында колледжде республикалық «Үздік ветеринар-2019» байқауы өткізіліп, ветеринария мамандарын дайындайтын білім беру ұйымдарының арасында ынтымақтастық орнату, озық тәжірибелерді анықтау мақсатында өткізілген байқауға Қазақстанның 8 облысынан 9 колледждің 18 студенті қатысқан екен. 2023 жылы «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП 100 студенті» республикалық байқауында «Электр жабдықтары» мамандығының студенті Бакулин Артем жеңімпаз атанып, колледждің мерейін асқақтатқан. Бұрнағы жылы Қ.Нұрғалиев атындағы жоғары колледжінің (Өскемен қаласы) ұйымдастыруымен өткізілген «Адами капитал – инновациялық даму негіздері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан колледждің студенттері Р.Мороз, Е.Камидулла бірінші орынды, А.Бакулин екінші орын иеленіпті. Осы жылы – колледждің инженер-педагог қызметкерлері Т.Кольбаев, Е.Ержанов және «Электр жабдықтары» мамандығының студенті Ильяс Әділет «Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша «ENERGY FEST» республикалық кәсібіи шеберлік триатлонында үшін орын иеленді.
2025 жылы Камидулла Ернар Жетісу облысының білім басқармасы ұйымдастырған Республикалық «VETERENARUS OPEN ZHETYSU» кәсіби шеберлік байқауының екінші орын иеленіпті.
Уақыт өте колледждің ауқымы кеңейіп, жаңа серпін беретін жобалар жалғасын тапқан. 2021 жылы «Жас маман» бағдарламасы бойынша «Агрономия» және «Дәнекерлеу ісі» мамандықтарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Осы бағытта арнайы құзыреттілік орталықтары құрылып, студенттерге жаңа технологияларды меңгеруге жол ашылды. Қазір колледждің екі оқу ғимараты, студенттерге арналған жатақханасы мен асханасы бар. Ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, сүт және ет өнімдерін өндіретін цехтар жұмыс істейді. Бұған қоса жылыжай, бақ, егістік пен жайылым жерлерден тұратын оқу шаруашылығы бар. Осындай жерде оқыған мамандар бүгінде қажыр-қайратын, білімін іс жүзінде өңірдің даму жолына арнап отыр.
Нұрым Сырғабаев