Жамбыл жаңалықтары

Қордайда қос бірдей мектеп ашылды

Республика күні қарсаңында Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Келешек мектеп» жобасы аясында Қордай ауданында 2 білім ошағы пайдалануға берілді.

Қордай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдымен Қарасу ауылындағы №53 орта мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Білім ошағы 300 балаға арналған. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы, ал құрылыс жұмыстарын «Рэйс Капитал» серіктестігі жүргізіпті.

Салтанатты іс-шарада Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, мектеп ұжымы мен оқушыларды, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

Бұдан кейін ауыл ақсақалы Тұрған Жасыбаев сөйлеп, батасын берді.

Жоба құны 3 миллиард 428 миллион теңгеден асатын білім ошағының қазығы 2023 жылы қағылған екен. Мұнда 28 оқу кабинеті, 80 орындық мәжіліс залы, 80 балаға арналған асхана бар. 667 шаршы метрлік үлкен спортзал, STEM зертханасы, робототехника кабинеті, 3 зертхана, кітапхана мен оқу залы, 2 компьютер сыныбы және 3 шеберхана оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ коворкинг орталығы да қарастырылған.

Бұдан кейін Е.Қарашөкеев Қаракемер ауылына да арнайы барды. Ел игілігіне берілген №54 орта мектеп 300 оқушыға лайықталған заманауи білім ордасы саналады. Жобаға «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тапсырыс берсе, негізгі құрылыс жұмыстарын «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Құрылыс барысын техникалық тұрғыда «Самрук-Казына Девелопмент» компаниясы бақылауда ұстапты. Жобаның жалпы құны 3 миллиард 454 миллион теңгеден асады.

Мектептің ішкі жабдықталуы заман талабына сай. Оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған.

Облыс әкімі алдымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өзге мектептердің атсалысуымен ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Ал салтанатты іс-шарада көпшілікті қуанышымен құттықтаған Ербол Шырақпайұлы өңірдің білім саласындағы жарқын жетістіктеріне тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде өңірімізде жаңа мектептер салу, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тек биылдың өзінде облыс бойынша 26 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 қосымша ғимарат пайдалануға беріліп, 2026 жылы тағы 11 жаңа нысан бой көтермек.

Ашылу салтанатында заманауи мектеп бұрнағы жылдан бері көпшіліктің күткен ең үлкен қуанышы екенін жеткізген ауыл ақсақалы Ерғазы Бозшаев мемлекет, облыс басшылығына алыс айтты.

Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековтің айтуынша, Қарасай ауылындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектеп бұған дейін үш ауысымда болған. Жаңа мектептің пайдалануға берілуімен үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген.

Ал Қаракемердегі Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 мектепте де оқушылар саны көп болған. 560 орындық білім ошағында 800-дің үстінде бала оқыған. Қазіргі таңда 300-і жаңа мектепке ауысып, жүктеме азайған.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Қордай ауданы