Жаңалықтар

Аида Балаева: «Капитан Байтасовтың ерлігі – нағыз патриотизмнің үлгісі»

Республика күні қарсаңында Астанада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген «Капитан Байтасов» фильмі таныстырылды, деп хабарлайды arainfo.kz

Фильмнің тұсаукесеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, актерлер мен туындының шығармашылық тобы, сондай-ақ батырдың отбасы – жұбайы Гүлжамал Тажиева мен ұлы Арманжан қатысты. Киноның көрсетілімі алдында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Фильмнің сюжеті 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған шынайы оқиғаға негізделген. Сол күні полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін қиып, террористі тоқтатып, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалған еді. Полицейдің бұл ерлігі батырлықтың, патриотизм мен адалдықтың символына айналды. Аида Балаева өз сөзінде мұндай жобаларды қолдау – ұлттық киноны дамыту ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақтың бойына ерлік, әділдік, адалдық сияқты құндылықтарды дарытудың маңызды құралы екенін атап өтті.

Аида Балаева сондай-ақ фильмді түсіруге атсалысқан барлық шығармашылық ұжымға алғысын білдірді. Картинаның режиссері – Дәурен Қамшыбаев. Басты рөлдерді белгілі қазақстандық актерлер – Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат және Самал Еслямова сомдаған. «Капитан Байтасов» фильмі 23 қазаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіледі.