Қазақстанда таеквондодан алғаш рет Әлем чемпионаты өтеді
Қазақстанда таеквондодан (WT) 2027 жылғы Әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) жиынында маңызды шешім қабылданды – келесі әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу жөнінде шешім бірауыздан мақұлданды.
Федерацияға мүше елдердің өкілдері Қазақстанның кандидатурасын толық қолдап, Астанада бұған дейін өткен халықаралық турнирлердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті.
Алдағы әлем чемпионаты Қазақстан тарихында және жалпы Орталық Азияда алғаш рет өтпек. Турнирдің өткізу орны ретінде Астана қаласы белгіленді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Уси қаласында 2025 жылғы әлем чемпионатына қатысу үшін әлемнің 179 елінен 991 таеквондошы жиналды. 24–30 қазан аралығында өтетін додада Қазақстанның намысын 16 спортшы қорғайды.