Әлеумет

Дәрігерлер оқушыларға дәріс оқыды

Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Сардар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері үшін ерекше әрі маңызды сабақ өткізілді. Бұл күнгі сабақ олардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Ерекше білім беру сағатын Тараз қаласындағы Әскери госпитальдің медицина қызметкерлері өткізді. Кездесуге госпитальдің медициналық бөлім бойынша орынбасары, медицина қызметінің майоры Ернар Садыков, әскери емхананың бастығы, медицина қызметінің майоры Абдулла Сәуленбеков және әскери психолог, аға лейтенант Бахтыкүл Әжіханова қатысты.

Сабақтың басты мақсаты – тәрбиеленушілерге әскери жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету. Сондықтан бұл күні әдеттегі дәптер мен оқулықтың орнын шиналар, таңғыштар мен жгуттар алмастырды. Теориялық дәріс орнына тәжірибелік жаттығулар өтті.

Офицерлер балаларға қан кетуді тоқтату, сынған сүйекті бекіту үшін шина салу, жасанды тыныс алдыру, жүрек соғысын қалпына келтіру сияқты әдістерді көрсетті. Әрбір қимыл мен тәсілдің маңызын түсіндіріп, жылдам әрі дұрыс әрекет етудің адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынын айтты.

Сабақ тәжірибемен ғана шектелмей, кәсіби бағыт-бағдар беруді де көздеді. Әскери қызметкерлер мамандықтары туралы, әскери дәрігер болудың жауапкершілігі мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берді. Олар өз өмір жолынан сыр шертіп, бұл мамандыққа қалай келгенін айтып, оқушыларға шынайы үлгі көрсетті. Әңгімелердің әсерлі болғаны соншалық, көптеген оқушы үлкен қызығушылықпен тыңдап, көздерінен құрмет пен таңданыс байқалды.

Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі ерекше байқалды. Олар бірінен соң бірі кезекке тұрып, шина салу, таңғыш байлау немесе қан қысымын өлшеу сияқты дағдыларды өз қолдарымен жасады. Оқушылар мұндай тәжірибенің қызықты әрі пайдалы болғанын айтып, әсерлерімен бөлісті.

Оның сыныптасы Сапарбек Дінмұхамед те бұл іс-шараның ерекше әсер қалдырғанын айтады.

Мектеп басшылығы мен Әскери госпиталь өкілдері осындай бірлескен іс-шараның жоғары деңгейде өткеніне ризашылық білдіріп, мұндай тәжірибелік сабақтарды алдағы уақытта тұрақты түрде өткізу жөнінде келісімге келді.

Көп жылдан бері белсенді жұмыс істеп келе жатқан «Сардар» әскери-патриоттық клубы оқушылардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруды басты мақсат етеді. Клубтың тәрбиеленушілері әрдайым қоғамдық және әскери бағыттағы іс-шараларға белсене қатысып келеді.

Осылайша, «Сардар» клубының жас сарбаздары үшін өткен бұл сабақ тек әскери медицинаның негізін үйретіп қана қойған жоқ, сонымен қатар олардың жүрегіне нағыз ерлік пен адамгершілік рухын ұялатты.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ