Дін

Психологиялық тұрғыдан осалдық танытпайық

Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғам түрлі идеологиялық, рухани және әлеуметтік сынақтарға жиі ұшырауда. Солардың ішінде ерекше алаңдататыны – деструктивті (құрылымды бұзушы) ағымдардың әсері мен олардың жастар мен әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды арбау әрекеттері. Мұндай теріс пиғылды күштердің басты нысанасы – психологиялық тұрғыдан осал адамдар.

Психологиялық осалдық – адамның ішкі тұрақтылығының әлсіреуінен туындайтын, эмоциялық, танымдық немесе мінез-құлықтық тұрақсыздықты білдіретін күй. Мұндай жағдайда адам өзін қоғамнан шет қалғандай, жалғыз, қажетсіз, қорғансыз сезінеді. Бұл – өмірлік мақсат пен бағыттың жоғалуымен, отбасылық немесе әлеуметтік қолдаудың жетіспеуімен, материалдық қиындықтармен, өтпелі кезеңдегі дағдарыспен немесе интернет пен әлеуметтік желідегі теріс ықпалмен байланысты пайда болатын ішкі күйзеліс.

Деструктивті ағымдар дәл осындай осал күйдегі адамдарды арбау арқылы өз қатарларына тартуға тырысады. Олар көбіне өмірде өз орнын таба алмаған, қоғамнан шет қалған адамдарға бағытталған жалған уәделер мен «шындықты жеткізуші» ұрандар арқылы сенімге кіреді. Идеологиялық немесе діни ұғымдарды бұрмалап, адамның әлсіз тұстарын зерттеп, оны өз мақсатына пайдалануға ұмтылады. «Сен біз үшін маңыздысың», «біз сені түсінеміз», «өміріңнің мәнін бірге табамыз» деген секілді жылы сөздермен жақындап, өз идеяларын жүйелі түрде сіңіреді. Мұның салдары – тұлғаның санасының улануы, қоғамнан оқшаулану және өз ортасына, отбасына, тіпті мемлекетке қарсы көзқарастың қалыптасуы болуы мүмкін.

Психологиялық осалдық әркімде әртүрлі жағдайда көрініс табуы мүмкін. Дегенмен, белгілі бір әлеуметтік топтар ерекше қауіп тобына жатады. Атап айтқанда, жасөспірімдер мен жастар өмірлік тәжірибесінің аздығынан және өз-өзіне сенімсіздігінен осал келеді. Жаңа ортаға бейімделе алмаған мигранттар, жұмыссыз немесе әлеуметтік қолдауы әлсіз азаматтар, үлкен күйзелісті бастан өткергендер, интернетке тәуелді, шынайы өмірмен байланысы әлсіреген адамдар да деструктивті ағымдардың ықпалына түсіп кету қаупі жоғары топтар саналады.

Мұндай қауіптің алдын алу үшін ең алдымен отбасы ішіндегі тәрбие мен сенімді қарым-қатынасты нығайту қажет. Баланың ішкі дүниесіне үңіліп, оның алаңдаушылығы мен қызығушылығын түсінуге тырысу – ата-ананың жауапкершілігі. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау жүйесін дамыту, ақпараттық сауаттылықты арттыру – жастарды зиянды идеялардан қорғаудың пәрменді жолы. Интернет кеңістігінде ұсынылатын контентті сын көзбен бағалай білу, жалған ақпаратты ажырата алу қабілеті қалыптасуы тиіс.

Бұл ретте азаматтық қоғамның да рөлі ерекше. Үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестіктер халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастармен бетпе-бет кездесулер ұйымдастыруы қажет. Мемлекет тарапынан әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету, жастарды жұмыспен қамту, рухани-адамгершілік тәрбиені нығайту бағытындағы кешенді шаралар да деструктивті идеологияның таралуын шектеуге сеп болмақ.

Психологиялық осалдық – бұл тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның әлсіз тұсы. Оны дер кезінде анықтап, алдын алу – әрбір азаматтың, ата-ананың, ұстаздың, мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Деструктивті ағымдармен күресте ең мықты құрал – сауатты сана, сыни ойлау қабілеті және рухани тұрақтылық. Сондықтан жастардың бойында ұлттық құндылықтарға негізделген дүниетаным, діни сауаттылық пен ақпараттық төзімділік қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы болып қала бермек.

Жанна ҚАЛДЫБЕКОВА,

облыс әкімдігі дін проблемаларын

зерттеу орталығының психологі