Республика күні қалай тойланады?
Республика күні қалай тойланады?
– Өздеріңізге белгілі 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен Республика күні 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтілетін болды. Ұлттық мереке Республика күнін дайындау және өткізу жөніндегі облыстық жоспарға сәйкес, облыстық мәдениет және өнер мекемелерінде өтетін іс-шаралардың жоспары әзірленген, – деді А.Садубаев. Оның сөзінше, мерекеге орай өңірдегі мәдениет және өнер мекемелерінде «Менің Отаным Қазақстан», «Менің Республикам – менің мақтанышым», «Еркін елдің ұланымын, Тәуелсіз ел қыранымын», «Қазақстан – достықтың киелі мекені», «Туған жерім тұғырым» және тағы да басқа тақырыптарда әдеби танымдық кештер, «дөңгелек үстел», кездесу кеші, тақырыптық көрмелер, концерттік бағдарламалар өткізу жоспарланған. Екінші спикер Ерлан Жүнісбайдың мәліметі бойынша, 22 қазан күні облыс басшылығының қатысуымен «Баласағұн» орталық концерт залында Республика күніне орай салтанатты жиын өтеді. Салтанатты жиын барысында облыс өнерпаздарының мерекелік концерті ұйымдастырылады. Ал 25 қазанда «Көне Тараз» кешенінде «Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстан!» атты мәдени көпшілік іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Аталған іс-шара барысында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ. Айта кету керек, Республика күніне орай өңірде жалпы 19 нысан ашылады деп күтілуде.
Аяулым ЖАМАНҚАРА