Дін

Құран – адамзатқа Алладан нәсіп болған ұлы сый

Құран – Алла Тағаланың адам баласына берген ең ұлы мұғжизасы әрі соңғы иләһи хабары. Адамзат баласы Құранмен өмір сүргенде ғана ақиқаттың шынайы биігін бағындыра алады.

Құран – жүректі тазартып, ақылға нұр, жанға тыныштық сыйлайтын шипа. Пенде бұл өмірде Раббысының разылығына жетуді мақсат тұтса, онда оның ең сенімді жолы – Құранды оқу, түсіну және амал ету. Құранды жиі оқу, үнемі жаттап жүру арқылы пенде Алланың сүйікті құлдарының қатарына кіру мәртебесіне қол жеткізеді. Мұсылманның тақуалығы мен көркем мінезі де осы Құранмен тығыз байланысты. Құранды жеңіл әрі терең жаттаудың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік тәсілдері, тәрбиелік әдістері, жүрекке жетер жолдары бар. Бұл – тек тілмен оқу емес, жүрекпен сезіну, көңілмен қабылдау жолы.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, адамзат ұрпақтары! Сендерге Раббыларыңнан ізгі хабар келіп жетті. Көкіректеріңді кернеген күмәннан арылтатын, иман келтіргендер үшін даңғыл тура жол болатын (Құран Кәрім) келді. Пенделерге былай деп айт (уа, Мұхаммед): «Алланың осындай жарылқауы мен мейірімінен жандарыңа қуаныш құйыңдар. Сендердің (дүниеқоңыздықпен) жинаған дүние-байлықтарыңа қарағанда, бұл анағұрлым қайырлы» («Жүніс» сүресі, 57-58-аятар).

Осы аятқа тәпсір жазған ғалымдарымыз былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде иман келтірген пенденің жандүниесіндегі маңызды бір қасиеттерін айтып еді. Алланың елшісі «Кімде-кім Құдай Тағала мұсылмандық жолға түсіріп, Құранды үйреткеннен кейін де әлгі пенде дүниеге деген мұқтаждығын, кедейлігін айтып жылана берсе, екі көзінің ортасына «қайыршылық» деген сөз жазылып Қиямет Қайымға дейін сақталады» деп келетін 10-сүренің (яғни «Жүніс» сүресін) 58-аятын оқыды».

Осы ұлы Құранды дәріптеп, оны жаттаған қарилардың еңбегін бағалау мақсатында Астана қаласындағы республикалық Бас мешітте ІІ Халықаралық Құран жарысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) 35 жылдық мерейтойына арналды.

Екі күнге созылған дүбірлі сайыста әлемнің түкпір-түкпірінен келген Құран қарилары жатқа оқу шеберлігін көрсетті. Жарыстың алғашқы күнінде 16 қари өзара бақ сынап, халықаралық деңгейдегі тәжірибелі әділ-қазылардың бағалауынан өтті. Құран оқыған қарилар арасында Иордания, Өзбекстан, Малайзия, Бахрейн, Шешенстан, Қазақстан, Иран, Татарстан, Түркия, Палестина, Пәкістан, Марокко, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Тәжікстаннан келген қари-ұстаздар бар.

Жарыстың ресми ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құранның қоғамдағы рухани рөліне тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құранға құрмет көрсету жөніндегі халықаралық үндеуінің мәнін айрықша атап өтті. Бұл үндеу – Құранды құрметтеп, қасиетті кітап ретінде бағалауға үндейтін игі бастама.

Өз сөзінде Бас мүфти халықаралық деңгейдегі бұл жарыстың маңыздылығына ерекше тоқталып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.

– Аллаға шүкір, Астана қаласында әлемнің әр бұрышынан, алыс та жақын шет елдерден келген тәжірибелі қариларымыз екі күн бойы Құранды жатқа оқудан сынға түсіп, керемет үлгі көрсетті. Расында Құранның мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Құран оқыған сайын бойымызда сабырлық, байсалдылық, қарапайымдылық, кез келген кісімен көркем мәміле жасай алатын жақсы мінез қалыптаса бастайды. Құран оқылған жерге Алланың берекесі мен тыныштығы орнайды. Құран оқылған жер ерекше нұрға бөленеді. Екі күн бойы елордамызда оқылған Құран аяттары арқылы еліміз бен жеріміз нұрға бөленді деп үміттенемін. Алла соны нәсіп етсін, – деді Бас мүфти.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға арнап құттықтау хатын жолдады. Құттықтау сөзді Сенат депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі оқып берді.

Қасиетті Құранды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқау ҚМДБ-ның «Munara TV» телеарнасынан және «Мүфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан тікелей эфирде көрсетіліп, барша көрерменге рухани әсер сыйлады. Әсіресе, YouTube платформасында 9 сағат 11 минутқа созылған тікелей эфирді 46 112 адам тамашалағаны халықтың Құранға деген ықыласының ерекше екенін дәлелдейді.

Жарыстың екінші күнінде Алжир, Мысыр, Индонезия, Қырғызстан, Әзербайжан және Ресей елдерінен келген қарилар өзара сайысқа түсті.

Марапаттау рәсімінде ҚМДБ Төрағасы ІІ халықаралық Құран жарысына қазылық жасаған қари-ұстаздарға – Осман Шахин (Түркия), Насыр бин Сауд әл-Қасами (Сауд Арабиясы), Насрулла Искандаров (Қырғызстан), Махер Фарамауи (Мысыр Араб Республикасы) және әділ-қазылар алқасының төрағасы Ерсін Әміреге алғыс хаттар табыс етті.

Қазылар алқасының шешімімен Құран жарысының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. І орынға Фахд ибн Мухаммад әш-Шәми (Сауд Арабиясы) лайық деп танылса, ІІ орынды Мерожиддини Ахмадзода Ахмад (Тәжікстан) еншіледі. ІІІ орын Шохан Уәлиевке (Қазақстан) бұйырды. Сонымен қатар Салих Мухаммад Муса Тохами (Мысыр) мен Джалил Нуруддинов (Ресей) IV орынды қанағат тұтты. Ал Ахмад Ашраф Уәлид Хамад (Палестина) «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек байқауға қатысып, жүлдегерлер қатарына енбеген қариларға да құр қол қайтпау үшін ынталандыру сыйақысы ретінде 500 АҚШ долларынан үлестірілді. Бұл – Құранды жаттап, оны әлем алдында паш етіп жүрген қарилардың еңбегіне деген құрметтің, бағалаудың нақты көрінісі.

Құран жарысының рухани мәні мен халыққа тигізген әсері зор болды. Себебі Құран оқылған, құрметтелген ортада мейірім, тыныштық, бірлік пен береке орнығатыны ақиқат. Елдің әр өңірінен жиналған дін қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар Құранның сиқырлы үніне бөленіп, шын мәнінде елордада рухани көктемнің ескенін сезінді.

ІI Халықаралық Құран жарысы жай ғана сайыс емес, бұл жүректерге иман дәнін сеуіп, ел мен жерге береке дарытатын, Құранды сүйетін жандардың басын қосатын рухани басқосу болды. Құран жаттаудың мәртебесін арттыру, жас буынға үлгі болу, қарилардың беделін көтеру – осындай игі шаралардың басты мақсаты. Қатысушылардың Құранды шебер оқуымен қатар, олардың әдебі, көркем мінезі, сабырлылығы мен тақуалығы да осы жарыстың биігін арттыра түсті.

Қасиетті Құранды жаттаған және оны ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен мұсылман үмбетінің асыл перзенттері екі күн бойы Тәңір сөзін дәріптеп, жүректерге иман нұрын септі. Бұл жарыс – тек жарыс қана емес, күллі мұсылман жұртшылығына Құранның қадір-қасиетін тағы бір еске салған тағылымды тағзым еді. Осындай шаралардың көптеп ұйымдастырылуы – руханиятымыздың кемелденуіне, дін мен дәстүр сабақтастығының нығаюына, жас буынның Құранмен сусындауына үлкен себеп болары сөзсіз.

Айжан ӨЗБЕКОВА