Брифинг

Бір шешім бірнеше адамның өмірін құтқарады

Бүгінде Қазақстанда күту парағында 4 384 пациент, олардың ішінде 121 бала бар. Пациенттердің басым бөлігі бүйрек трансплантациясын қажет ететіндер, олар жағдайлардың жалпы санының шамамен 91 пайызын құрайды.

Бауырды 222 пациент, жүректі – 149, өкпені – 27, өкпе-жүрек кешенін 6 адам күтуде. Жыл сайын 300-ден аса адам трансплантацияны күтпей, өмірден озады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина хабарлады.

Келісім білдірушілер саны артқанына қарамастан, бас тарту үлесі одан да жылдам өсіп келеді. Бұл қоғамда әлі де сенімсіздік пен ақпараттану деңгейінің төмен екенін көрсетеді.

Донорлық үдерістердің ең жоғары белсенділігі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында байқалады. Ал Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды өңірлерінде көрсеткіштер өте төмен деңгейде қалып отыр. Қоғамда донорлық туралы түрлі қате түсініктер: отбасының келісімінсіз ағзалардың алынуынан қорқу, ағзаларды бөлу процесінің ашықтығына күмән және діни стереотиптер әлі де кең таралған.

Келешекте нормативтік базаны жетілдіру, жасанды интеллект элементтері бар донорлар мен реципиенттерді есепке алудың медициналық ақпараттық жүйесін енгізу, донорлар отбасыларын әлеуметтік қолдау, сондай-ақ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықты өңірлердегі филиалдары бар Ұлттық орталыққа айналдыру жоспарлануда. Бұл қадамдар донорлықты дамыту жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспармен бірге процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамның сенімін нығайтуға тиіс.

Қазақстанда ағзалық донорлық белсенді дамудың кезеңінде тұр. Тірі донорлардан ағза трансплантациясы жүйелі түрде жүргізіліп келеді, алайда мыңдаған адамның өмірін сақтап қалудың кілті – қайтыс болғаннан кейінгі донорлық болып табылады.

«AR-AI»-ақпарат