Денсаулық

Тұмау жеңіл-желпі сырқат емес

Жыл өткен сайын тұмау да басқа дерттер сияқты өзгеріп, күрделене түсуде. Қазіргі тұмау бұрынғыдай емес – белгілері ауыр, асқыну қаупі жоғары. Әсіресе соңғы жылдары тұмаудың да, коронавирус секілді вирустардың да түрлері түрленіп, адамның иммундық жүйесіне шабуылдау тәсілдері күшейгені байқалып отыр. Бұрын жай ғана «суық тиді» деп жүрген жағдайлар бүгінде салдары қауіпті сырқаттарға айналып барады.

Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ), соның ішінде тұмау мен коронавирус – бүкіл әлемде ең жиі кездесетін жұқпалы аурулар қатарында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, жыл сайын әлемде шамамен 500 миллионға жуық адам осы инфекциялармен ауырады. Ал елімізде жыл сайын 1 миллионнан астам адам тұмау немесе ЖРВИ жұқтырады. Олардың тең жартысы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл сандар аурудың қаншалықты кең таралғанын көрсетіп қана қоймай, сақтық шараларына салғырт қарамау керектігін де дәлелдейді.

Вирустық инфекциялар ең алдымен тыныс жолдарын зақымдайды. Аурудың түрі жеңіл болуы мүмкін, бірақ бұл әрдайым солай өтеді деген сөз емес. Кейбір адамдар үшін тұмау мен ЖРВИ ауыр түрде өтіп, түрлі асқынуларға алып келуі әбден мүмкін. Әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, 60 жастан асқан қарттар, созылмалы ауруы бар науқастар мен медицина қызметкерлері қауіп тобына жатады. Бұл топтағы адамдар үшін тұмау – жай ғана маусымдық ауру емес, күрделі зардаптарға әкелуі мүмкін қауіпті инфекция.

Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрыннан су ағу немесе бітелуі, бас пен бұлшық еттердің ауыруы, әлсіздік. Ал балаларда бұған қосымша құсу, іш өту, тырысу, кей жағдайда өкпенің қабынуы сияқты ауыр белгілер қосылады. Мұндайда дер кезінде дәрігерге жүгіну – басты талап. Өзін-өзі емдеуге тырысу немесе «өзі өтеді» деп қарау жағдайды күрделендіріп жіберуі мүмкін.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі тұрғындарды бұл мәселеге байыппен қарап, алғашқы симптом пайда болған сәтте дәрігер кеңесіне жүгінуге шақырады.

Тұмау мен ЖРВИ адамнан адамға өте тез тарайды. Біріншіден, ауа-тамшы жолымен – түшкіргенде, жөтелгенде немесе сөйлескенде. Екіншіден, байланыс жолымен – лас қол, вирусты заттар мен беттер арқылы. Сондықтан аурудың таралуын тоқтату үшін әрбір адам жеке гигиена ережелерін күнделікті өмір салтына айналдыруы қажет. Қолды жиі және дұрыс жуу, антисептик қолдану, бетті ұстамау, жөтелу және түшкіру әдебін сақтау – қарапайым ғана ережелер, бірақ олардың әсері зор. Сонымен қатар науқас адамдардан оқшаулану, бөлмені жиі желдету, ылғалды тазалық жүргізу де аурудан сақтанудың тиімді тәсілдеріне жатады.

Иммунитетті нығайту – тағы бір маңызды бағыт. Ол үшін дұрыс тамақтану, дәруменге бай тағамдар тұтыну, жеткілікті ұйықтау, таза ауада серуендеу, дене белсенділігін сақтау қажет. Ағзаның қорғаныс қабілеті мықты болса, вируспен күресу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл сайынғы вакцинация – тұмауға қарсы ең тиімді қорғаныс құралдарының бірі. Вакцина адамның ауруды жеңіл өткеруіне немесе тіпті жұқтырмауына ықпал етеді. Әсіресе жоғары қауіпті топтарға жататын адамдардың екпе қабылдауы өз денсаулығын қорғап қана қоймай, айналасындағылардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сондықтан әр адам өзінің және жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қарапайым сақтық шараларын қаперден шығармауы керек. Ерте қамдану – денсаулықты сақтаудың сенімді жолы екенін ұмытпайық.

Айжан ӨЗБЕКОВА