Нұрасыл, Әйзере, Айлин... 35 жылда ең көп және сирек қойылған есімдер қандай?
Адам өміріндегі ең алғашқы әрі маңызды белгінің бірі – есім. Ол тек атау ғана емес, тағдырдың бір бөлігі іспетті. Қазақ халқында балаға ат қою – үлкен жауапкершілік. Бұл рәсімге ата-әже, ақсақалдар қатысып, жаңа өмірге келіп жатқан сәбиге жақсы ниетпен, тілекпен ат қояды.
Кісі есімін қоюдың қызығы мен сыры мол. Кейде ата-аналар баласының есімі ерекше болсын деп, жаңаша ат іздейді. Бірі белгілі тұлғалардың атын қойса, енді бірі туған күннің ерекшелігіне қарай таңдайды. Керісінше ең көп қойылып жатқан, сәнге айналған есімдерді де іздейтіндер бар. Енді біреулері наным-сеніміне қарай да таңдайды. Ең бастысы – оның білдіретін мәнінде.
Кісі есімдеріне байланысты әлеуметтік желіде де, өмірде де, түрлі ортада да әралуан сұрақтар туып жатады. Соның ішінде жаңадан туған сәбилерге ат қою кезінде бұл тақырып көп талқыланады. Олай болса еліміз бойынша 1990-2025 жылдар аралығында әр онжылдық бойынша бір жылды ала отырып, ең көп қойылған есімдер бойынша Ұлттық статистика бюросының ақпаратын көрдік. Осы орайда қыз балаларына қойылған есімдерге салыстырма жасадық. Онда 2025 жылы ең көп қойылған 10 қыз баланың есімі көрсетілді. Оның ішіндегі Айлин есімі жыл басынан бері 4266 қыз балаға қойылыпты. Одан кейінгі тұрғаны – Асылым. Яғни, бұл есімді 3486 балаға берген. Топ ондықтың үшінші орнына Медина есімі жайғасса, одан кейінгілері Айша, Томирис, Мариям, Сафия, Аяла, Адия, Айым болып жалғасады. Бұл көрсеткіш Жамбыл облысы бойынша шығарылған тізіммен де дәлме-дәл келеді. Бұл кезеңде ұлдарға Мұхаммед, Айсұлтан, Омар есімдері ең көп қойылыпты.
2015 жылғы көрсеткіш бойынша Айзере есімі ең көп қойылыпты. Ол 6581 сәбиге берілген. Одан кейін Айару, Раяна, Кәусар, Айша, Інжу, Амина, Айлин, Аружан, София деп тізбектеліп кете береді.
Ал ұлдарға Алихан есімі 3217 рет қойылыпты. 2640 бала Нұрислам атанса, 2537 нәрестенің есімі Айсұлтан деп таңдалған. Одан кейін тізбек Ерасыл, Санжар, Нұрасыл, Мирас, Рамазан, Арсен, Алинұр есімдерімен жалғасқан.
2005 жылғы ең көп қойылған қыз бала есімдерінің ондығын Аружан есімі бастап тұр. Ол 4635 қыз балаға қойылған. Одан кейін Диана, Аяулым, Анастасия, Алина, Дильназ, Виктория, Айдана, Мадина, Дарья есімдерімен жалғасады. Бұл жердегі есімдер ұлтына бөлінбей, жалпы берілгендігін де назарыңызға жеткіземіз. Соның ішінде Жамбыл облысы бойынша Аружан есімі 313 қызға қойылыпты. Сондай-ақ бұл өңірде көп қойылған есімдер тізімінде Аяжан, Мерей мен Нұрай аттары да бар.
Ал ұлдарға қойылған есімдер ішінде ең көбі - Диас, Ерасыл, Нұрсұлтан, Бекзат есімдері.
1995 жылы елімізде Айдана есімі ең көп қойылыпты. Яғни 1995 жылы туған 3111 Айдана есімді қыз бар. Жазу ерекшелігі болмағанда, бұл жылғы ең көп қойылған қыздардың атының тізбегін Айгерім есімі басып озар еді. Дегенмен бірінде «Айгерім», екіншісінде «Айгерим» болып жазылып, әрқайсысы 2000-ға жуық қойылыпты. Оның себебі елімізде бұл жылы ақын Абайдың 150 жылдық мерейтойының тойлануында болса керек. Мерейлі жылға орай Абай мен Бауыржан есімдері ұлдар арасында ең көп қойылыпты.
Бұл жылы көп қойылған есімдер тізімінде сонымен қатар қыздарға Анастасия, Мадина, Динара, Арайлым, Екатерина, Назерке, Айжан аттары болса, ұлдарға Абай, Азамат, Нұрсұлтан, Еламан, Данияр, Бауыржан есімдері жиі қойылған.
1990 жылы туғандар арасында Айгерим деп жазылған қыз балалардың есімі АХАЖ бөлімінде 4334 рет тіркеліпті. Одан кейін Динара, Айнур, Айдана, Асель, Айжан аттары сәл ғана айырмасымен ретімен төменге қарай түсе береді. Ал ұлдарға көп қойылған есімдердің цифрлық көрсеткішіндегі айырмашылық кішкене ғана. Әр есім орташа алғанда 1300-1200 реттен қойылыпты. Олар: Азамат, Нурсултан, Олжас, Данияр, Руслан, Ерлан, Бауыржан, Арман, Ержан, Нурлан.
Соңғы 35 жылға талдау жасайтын болсақ, қазақтар арасында қыздарға Аружан, Айзере, Айша, Айару, Айдана есімдері, ұлдарға Алихан, Ерасыл, Азамат, Нұрислам, Диас есімдері ең көп қойылыпты. Оның ішінде Аружан есімі 73713 рет, Алихан есімі 57792 рет тіркелген. Ал ұлдарға қойылған есімдер тізімінен қайталанбайтын ондық ішінде ең таң қалдырғаны - Әбілхайырхан Сұлтан есімінің «-» деп тыныс белгісімен қойылғаны болса, қыздардың есімдерінің ішінде – Лютиэн, Зои Анель, Опмпрас және мүлде қайталанбайды деп көрсеткен Жаннұрайым есімдері бар.
Бір байқағанымыз, тәуелсіздік алғанға дейінгі кісі есімдерінің жазылуында бұрмалану, орысша жазу белгілері басымырақ. Ал кейінгі жылдары сәбилердің есімін қазақша жазуға баса мән берілген. Бастапқыда бірдей есім қою үрдісі жиі болса, кейінгі уақытта кісі есімдерінің түрленіп қойыла бастағанын статистика көрсеткіштерінен байқаймыз. Бір қызығы, қай кезеңде де «А» әрпінен басталатын есімдер ең жиі қойылады екен. Осы жазбаны дайындап отырып, жүз жыл бұрынғы қойылатын Озипа, Ыбан, Зиба, Ұштап, Молша мен Бөктік, Тұрсынкүлдердің есімдері де көнеріп, ел ішінде сирек қойылатын, тіпті қойылудан қалғанын да аңғардық. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген кезеңдерде қазақтарда ең сирек қойылған есімдерді білуді де жөн көрдік. Ол тізімде негізінен жазылу ерекшелігіне басымдық берілген. Яғни құжат бойынша есімінің жазылуы сол жылы туылғандар арасында мүлде қайталанбайтын болып шықты. Олай болса олардың көрсеткіші келесідей болды.
Мысалы, 2025 жылы Сайора, Асылсулу, Сәльсәбиль, Айсан, Лиэль, Жанара, Айзира, Тамелия, Ай, Ильяна. Ұлдарға: Уго, Жансырым, Адар, Жан-Ахмед, Әлжалил, Жансезім, Султан Мухаммад, Мухаммад-Фатих, Наим, Абдухафиз есімдері бір ғана перзентке қойылған.
2015 жылы қыздарға берілген Айжамиля, Насима, Бағызор, Хамза, Байяу, Аруша, Хадидже, Дами, Аль-Мирис, Ғани, ұлдарға қойылған Аль-Руми, Аиюб, Бахариддин есімдері еш қайталанбайды.
Сол сияқты 2005 жылы Гулмариям, Инайа, Ақжүзік, Мерве, Ағлима, Изабелла, Галиябану, Елмұра, Гүлназат, Сумея. Ұлдарға: Асаубек, Қайырлыбек, Есентоғай, Иманғазы, Абдыхалық есімдерін бұл кісілерден басқа ешкімнен кездестірмейсіз.
1995 жылы қойылған Мағия, Адиша, Арша, Мұқсын, Калдаш, Ариана, Балтаре. Ұлдарға: Нүрәлі, Абдірашид, Ерадил, Найманбек, Айсан, Төленбай, Күнбек есімдері кейін мүлде берілмеген.
1990 жылы қыздарға таңдалған Нұркамал, Жазний, Гүлбәдән, Оңалхан, Мерген, Жараскан, Аралгуль, Мадиням, Анзира, ұлдарға қойылған Дамырбек, Садвокас, Мұханбетияр, Жұбандық, Ақтай, Мирхад, Көркемәлі есімдері осы перзенттерге ғана қатысты айтылады.
Кісі есімдерінің осылай өзгеруі – қоғамның да, заманның да айнасы. Әр дәуір өз рухын, өз талғамын аттар арқылы қалдырып отыр. Бәлкім, бірнеше онжылдықтан кейін бүгін сәнге айналған есімдер де көнерер. Бірақ қалай десек те, ат қою – адам өмірінің ең нәзік әрі жауапты сәті. Өйткені есім – тек дыбыс емес, ол адаммен бірге жасайтын тағдырдың атауы. Өз ұлты мен туған жер тарихының бір бөлігі екенін де ұмытпай, қазақы дәстүрлі есімдерді қоюға басымдық берсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Назым ҚОЖАМАР,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және
тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі