Малдың амандығы маманға байланысты
Ветеринария саласындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру және жандандыру үшін облыста барлық мүмкіндік жасалып жатқаны белгілі. Әсіресе соңғы жылдары бұл бағытта нақты істердің қолға алынуы соның дәлелі.
Мысалы, қазіргі уақытта ауылдық округтерде жаңа ветеринариялық пункттер ашылып, мамандардың жұмыс жағдайы жақсаруда. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, кадр тапшылығын азайту, жастарды осы салаға тарту ісі де жүйелі жүргізіліп келеді. Ветеринар мамандар «еңбегім елге болсын» деген ниетпен ауылшаруашылығы саласында тұрақтылықтың сақталуына сүбелі үлес қосуда. Тиісті жұмыстар жүйелі жүргізілген сайын мал басы тұрақты көбейіп, халықтың да тұрмысы жақсара түсті.
Облыстық ветеринариялық станса басшысы Серік Бердыбаевтың айтуынша, бүгінде аймақтың эпизоотиялық ахуалы тұрақты. Эпизоотияға қарсы шараларға облыстық бюджеттен 3,49 миллиард теңге бөлініп, 2,1 миллиард теңгесі игеріліпті. Республикалық бюджеттен 678,9 миллион теңге қаралса, 396 миллион теңгесі қажетті бағытқа жұмсалған.
Аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауылшаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу мақсатында 10 жылда бір санақ жүргізіліп тұратыны белгілі. Ел Үкіметі 2023 жылдың 29 желтоқсанында «2025 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу туралы» қаулы қабылдаған болатын. Осылайша биылғы жылдың 1 тамызында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Ауқымды статистикалық шара барлық өңірді қамтып, өзекті деректердің маңызды көзіне айналды. Санақтың бастапқы бірінші онлайн кезеңі 1-31 тамыз аралығында өтіп, өсімдік және малшаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ үй шаруашылықтары қатысты. Одан кейінгі екінші офлайн-кезең – 20 қыркүйек-20 қазан аралығында интервьюерлер онлайн-сауалнамадан өтіп үлгермеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралады.
Жалпы ауылшаруашылығы санағының нәтижесінде осы саланың жай-күйінің егжей-тегжейлі және объективті бейнесі алынып, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер, оның әрбір санатының рөлі туралы толық деректер алынған екен. Соның ішінде мал санағына келсек, бүгінде ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесінде 504 147 мүйізді ірі қара, 3 835 222 уақ мал, 217 339 жылқы 8 665 түйе тіркеліпті. 2025 жылы 1 492 781 төлді бірдейлендіру жоспарланса, бұл іс қазіргі уақытта аяқталуға жақын.
Мұндай жұмыстар әрбір ауданда жүргізілетіні белгілі. Талас аудандық ветеринария бөлімінің атқарған жұмыстары да көңілге қонымды. Аталған бөлім жылдың басынан бері жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау мен қан сынамаларын алу жұмыстарын бекітілген жоспарға сай атқарып келеді.
Аудан бойынша 36 167 мүйізді ірі қара, 463 018 уақ мал, 2 548 түйе, 20 578 жылқы, 162 шошқа бірдейлендіру есебіне тіркеліпті. Сонымен қатар ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру базасының дұрыс жұмыс істемеуі мал санын нақты білуге кедергі келтіріп тұр екен. Бұл жөнінде Талас аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Берік Қаратаев айтты.
Аудан бойынша Аққұм, Бостандық, Сәду Шәкіров, Ойық, Үшарал ауылдық округтерінде ветеринариялық пункт 2020 жылы салыныпты. Аққұм ауылдық округіндегі ветеринариялық пункт қолайсыз жерге және төмен сапада салынғандықтан бұл күнде жарамсыз жағдайда тұрса керек. Қазіргі уақытта ветеринар мамандар амалдың жоқтығынан әкімшілік ғимаратта қызмет көрсетіп жатыр екен. Сонымен қатар Бостандық, Сәду Шәкіров, Ойық ауылдық округтеріндегі ветеринариялық пункттер жылумен қамтылмағандықтан олар да әкімшілік ғимаратты паналап отырған көрінеді. Биылғы жылы Ақкөл, Қызыләуіт, Тамды, Берікқара, Кеңес, Қасқабұлақ ауылдық округтерінде жаңадан ветеринариялық пункт салу жұмыстарын жүргізу қолға алыныпты. Қаратау ауылдық округінде ветеринариялық пункт сатып алынған жеке үйде орналасқан екен. Алдағы уақытта Қаратау қаласы мен Көктал ауылдық округінде ветеринариялық пункт салу жоспарға еніпті. Жалпы мамандар қажетті жабдықтармен қамтылыпты.
Халық арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары бойынша ауылдық округтерде 45 кездесу өткізіліп, аудандық «Талас тынысы» газетіне 5 мақала беріліпті. Сонымен қатар бөлімнің әлеуметтік желідегі «Instagram», «Facebook» парақшасында 32 пост жазылыпты.
Ветеринария саласын цифрландыру жұмыстары бойынша ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру, бірыңғай автоматты база жүйесі, «Ветлаб», «Itcor», «Tort tolik» қосымшалары желіге қосылып, қазіргі уақытта жұмыс қалыпты жұмыс істеп тұр екен.
Жалпы ауылдық округтер бойынша 87 маман жұмыс атқарса, оның 33-і жоғарғы білімді, 32-сі арнаулы орта, 17-сі орта білімді, бесеуі техникалық қызметшілер. Ветеринар мамандардың қазіргі уақытта орта жасы 40 жасты құраған. Биылғы жылы 4 жас маман жұмысқа қабылданса, Қасқабұлақ, Қаратау, Көктал, Тамды ауылдық округтерінде мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Жас мамандардың ветеринария саласына келмеуіне айлық жалақының төмен болуы мен жұмыстың қиындығы себеп болып отыр екен. Мәселен, ветеринариялық санитар 90 мың теңге айлық алса, ветеринариялық фельдшер 160 мың, ветеринариялық дәрігер 220 мың теңге еңбекақы алуда. Сонымен қатар 2024 жылы 3 жас маман жәрдемақы алса, 2025 жылы 6 жас маман өтініш білдіріпті.
Ауданның ветеринария саласында еңбек етіп жүрген жас маманның бірі – Бейбарыс Сарабек. Ол 1998 жылы Қаратау қаласында дүниеге келген. Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияда 9-сыныпқа дейін білім алып, одан кейін осы аудан орталығындағы техникалық колледжге архитектура мамандығы бойынша оқуға түскен.
Бейбарыс биыл наурыз айында Тамды ауылдық округінің ветеринариялық пунктіне меңгерушісі болып барыпты. Жас та болса жауапкершілігі мол маманға басшылық сенім артып отыр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ