Әлеумет

Құтқарушылар құрмет құшағында

Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне және ұлттық құтқару жүйесіне 30 жыл толып отыр. Айтулы мерейтойды облыс құтқарушылары есте қаларлықтай атап өтті.

Сала мамандары мерейлі мерекені Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен бастады. Іс-шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Қатысушылар бір минут үнсіздікпен ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды.

Одан кейін Тараз қаласының орталық алаңында Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай заманауи өрт сөндіру және құтқару техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Онда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өртті сөндіру және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде пайдаланылатын ең үздік арнайы техникалары көпшілік назарына ұсынылды.

Сол секілді дәл осы күні облыс орталығында Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай жаңа тақырыптық нысан – «Құтқарушылар аялдамасы» ашылды. Жоба Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен мен қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Аялдамада LED-экран орнатылып, онда Төтенше жағдайлар министрлігінің профилактикалық бейнероликтері мен әлеуметтік хабарламалар көрсетіледі.

Мерекелік шаралар легі «Баласағұн» орталық концерт залында Құтқарушылар күні және Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынмен қортындыланды. Салтанатты кешке облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, құқық қорғау органдарының басшылары, төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Нұржан Сәбитұлы ерлік пен адалдықты, батылдық пен жауапкершілікті ту еткен құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, сын сағатта алдыңғы шепте жүргендері үшін алғыс білдірді.

Өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою барысында ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталды. Оларға облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сонымен бірге төтенше жағдайлар департаментіне 10 теледидардың сертификаты берілді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов та өз әріптестеріне арнаулы атақтар мен «Төтенше жағдайлар министрлігіне – 30 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

Бұдан бөлек, ерлікпен қаза тапқан құтқарушылардың ата-аналары мен жұбайларына қаржылай сертификаттар беріліп, ерекше құрмет көрсетілді.

Бұл күні дәл осындай салтанатты кештер әр ауданда өтіп, құтқарушылар құрмет құшағына бөленді.

Осы ретте айта кетейік, 30 жылда құтқару қызметі айтарлықтай дамып, жетістіктерге жетті. Реформалар мен сынақтарға қарамастан, құтқарушылар әрдайым шешуші сәттерде алдыңғы қатарда болды. Бұл кезеңде шамамен миллионға жуық зардап шеккен адамға көмек көрсетіліп, жарты миллионнан аса төтенше жағдай жойылды. Ірі және ауқымды төтенше жағдайлар жойылды.

Бұл туралы жуырда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 19 қазан – Құтқарушы күніне орай өткен баспасөз конференциясында Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Кеген Тұрсынбаев айтты.

Шағын ауылдардың мыңдаған тұрғынын қорғайтын 82 жаңа өрт сөндіру пункті ашылған. Еріктілерге техникалық қолдау көрсетіліп, байланыс құралдары берілуде.

Сондай-ақ табиғи қауіптерге, оның ішінде қар көшкіні мен сел процестеріне мониторинг жүргізу жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. Алатау тауларында заманауи гидро-сейсмикалық бекеттер орнатылды.

Сонымен қатар Сейсмологиялық ғылыми база жетілдірілуде, оның жабдықтары жаңартылып, Қазақстан-Қытай сейсмология орталығын құру туралы меморандумға қол қойылды.

Алматы қаласында жер сілкінісі болған кезде зардап шеккендерді қабылдап, орналастыру және құтқару операцияларын үйлестіру үшін «Алатау» Оңтүстік базасы құрылды.

Расында да 30 жылдық тарихында ҚР Төтенше жағдайлар министірлігі еліміздің қауіпсіздік жүйесінің берік тірегіне айналды. Сол себепті құтқарушыларға құрмет мерекеде ғана емес, күн сайын көрсетілсе де артық емес.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ