Жамбыл жаңалықтары

Иесін тапқан марапат

Әлемдегі ең жауапты әрі абыройлы мамандық иелерінің бірі – құтқарушылар. Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек ететін ержүрек жандар кез келген төтенше жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға бар күшін салады. Осындай ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісін жамбылдық құтқарушы Шынболат Әзімбаев көрсетіп келеді.

Шынболат Берікұлы 1989 жылы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Бала күнінен спортқа әуес болып өскен азамат 9-сыныптан кейін спорттық олимпиада резервін дайындау мектебіне ауысып, сонда білім алады. Жас күнінде жүзу спортымен айналысып, тіпті бірнеше жарыста жүлделі орындарға ие болғаны бар. Сонымен қатар спорт шеберлігіне кандидат атағын да қорғаған екен.

Сондай-ақ 2007-2011 жылдар аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша сырттай білім алады.

Оқуын аяқтаған соң еңбек жолын Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы 2837 әскери бөлімде взвод командирі ретінде бастайды. Уақыт өте келе тынымсыз еңбегінің арқасында рота командирі, тыл қызметінің бастығы лауазымдарына дейін көтеріледі.

Бауыржан Момышұлы атындағы 2837 әскери бөлімде бірнеше жыл еңбек еткен соң Астана қаласына ауыстырылып, Төтенше жағдайлар министрлігінде 3 ай бойы резерв құрамында болады. Кейін туған жерге қайта оралып, Қордай ауданында қарауыл бастығы лауазымына тағайындалады. Мұнда тәжірибелі маман өз ісіне адалдығымен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті.

Құтқарушы өзінің кәсіби жолында Көкшетау техникалық институтының үлкен мектеп болғанын әрдайым ерекше ілтипатпен еске алады. Айтуынша, бұл оқу орнында ол тек кәсіби білім алып қана қойған жоқ, сонымен бірге моральдық-психологиялық тұрғыдан да шыңдалды. Көкшетау техникалық институтының ұстаздары мен тәлімгерлері өмірлік бағыт-бағдар беріп, нағыз азаматтық қорғау маманының қандай болу керектігін үйреткен.

Мақтауға лайық ержүрек құтқарушы аталғандардан бөлек бірнеше ірі резонансты өртті сөндіру жұмыстарын басқарған. Мысалы, 2025 жылғы 09 қыркүйек күні сағат 13:11-де «112» пултіне «ЖамбылПолимер» зауытының (Ниетқалиев көшесі №97 «А» мекенжайында орналасқан) аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жоғары №2 шақырту бойынша гарнизонның күштері мен құралдары дереу жеткен. Мамандар оқиға орнына жеткен соң, жағдайды жедел әрі сауатты бағалап, өрттің зауыт ғимаратында орналасқан 100 литрлік 10 газ-бутан баллондарына және полимерлік материалдар өндіру қондырғыларына таралуына жол бермейді.

Сол секілді 2025 жылғы 7 қыркүйекте «112» орталық байланыс пунктіне «Астана» ықшамауданы, №26 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түседі. Өртсөндірушілер құрамымен бірге кейіпкеріміз оқиға орнына дереу жетеді. Тілсіз жау шыққан аумақты бақылаған соң №19 пәтердің қылтимасында (балкон) басталған өрттің №18 пәтердің қылтимасына тарағаны, соның салдарынан кіреберісте қатты түтіндеу болғаны анықталды. Шынболат Берікұлы осы тұста өртсөндірушілермен бірге 20 адамды, оның ішінде 10 баланы шұғыл эвакуациялады. Ерекше атап өтерлігі, осы оқиға кезінде құтқарушы жеке өзі №17 пәтерде ата-анасыз қалған 3 (3, 5 және 7 жастағы) кәмелетке толмаған баланы қауіпсіз орынға көшірді.

2021 жылғы 26 тамызда Байзақ ауданы, Қызылқайнар ауылында орналасқан №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған өртті жоюға да Шынболат тікелей қатысқан. Ол кезде құтқарушы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқаратын. Хабарлама келіп түскен сәттен бастап, өзінің бөлімшесімен бірге алғашқылардың бірі болып оқиға орнына аттанған. Оқиға орнына жеткен соң Ш.Әзімбаев қатты түтін шығып жатқан қоймада өрттің болғанын анықтап, бұл туралы Орталық байланыс пунктіне баяндайды. Ол жеке құраммен бірге Қызылқайнар ауылының тұрғындарын эвакуациялауға кірісіп, кейін өртті сөндіруге қатысады. Біраз уақыттан соң бірнеше жарылыс орын алып, Шынболат есінен танып қалады. Бірақ есін жиған соң жарақатына қарамастан әріптестерін іздеуге және көмек көрсетуге кірісті. Есінен айырылған екі азаматтық қорғау қызметкерін жарылыс аймағынан алып шығып, жедел жәрдем тобына тапсырған.

Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп жүрген кейіпкеріміз жақында 19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» орденін алды.

Құтқарушылардың жұмысы – көзге көрінбейтін, бірақ ел өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды тірек. Шынболат секілді бейбіт күннің батырлары «тілсіз жаумен» күресіп, әр адамның өмірі үшін арпалысып келеді. Сондықтан олар қандай құрметке болсын лайық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ