Саясат

«e-Parlament» жүйесі енгізіледі

2025 жылдың 8 қыркүйегі күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Жолдаудағы елді айрықша елең еткізген жаңалықтың бірі – Мемлекет басшысының алдағы уақытта елде бір палаталы Парламент құруды ұсынуы болды. Әрине, бір палаталы Парламент құруды табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Оған тыңғылықты дайындық керек. Бұл туралы үстіміздегі жылдың 14 қазаны күні Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында айтылды.

Бір палаталы Парламент құру  – елдің тағдырын шешетін және Қазақстанның болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай аса маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануы тиіс. Өйткені бұл  мемлекеттік құрылымның негіздерін қозғайтын күрделі реформа.

Президенттің өзі атап көрсеткендей, Парламенттік реформа - асығыс шешім қабылдауды әсте көтермейтін, мемлекетіміз үшін жеті өлшеп, бір кесетін аса маңызды мәселе.

 Жаңа бастаманың оң-солын, артық-кемін, тұтас қоғамдық дамуға тигізер тиімділігін жан-жақты сараптап, әбден екшеп, сонан соң ғана барынша тиянақталған әрі түпкілікті  ортақ түйін шығарудың ел үшін мәні зор.

Ең бастысы, мемлекеттің тағдыры айқындалатын мұндай аса маңызды мәселе халықтың келісімімен ғана жүзеге асуы тиіс. Мұндайда дана халқымыз «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп тектен тек айтқан жоқ. Парламенттік реформаға қатысты да көпшіліктің пікіріне құлақ асу өте маңызды.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойып, құрамын бекітті. Жұмыс тобының құрамына Парламент, Президент Әкімшілігінің, Үкімет және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері кірді.

Үстіміздегі жылдың 14 қазаны күні Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтіп, оған Мемлекет басшысы қатысты.

Алқалы жиында сөз сөйлеген Президент еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамалар туралы пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келетінін тілге тиек етті. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай жүйе қалыптасқан. Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент  ықпалды Парламент  есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беруге мүмкіндік береді. Сондай- ақ Президент бұл реформаның ел тағдырына тікелей ықпал ететін мәселе екендігіне баса мән беріп, осынау тарихи міндет жолында жұмыс тобының мүшелеріне сенім білдірді.

Елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер қолға алынып, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Осы өзгерістердің жалғасын табу керектігіне, бір орнында тұрып қалуға болмайтындығына тоқталды.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы: «Бүгін біз Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысына жиналдық. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада арнайы жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа  еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс. Жолдауымда бұл мәселе азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деп нақты айттым. Бүгін, міне, бірінші отырысымызда Парламенттің, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері бар. Бәрі де елге танымал азаматтар, түрлі саланың мамандары. Тағы да қайталап айтқым келеді: Парламенттік реформа   еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін.  Баршаңызға мәлім, елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер жасалуда. Бір ел болып саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы өзгерістер жалғасын табуы керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Дәл қазір бізге керегі  ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз»  деп атап көрсетті.

Президент айтқандай, бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болды. Бұл туралы ел ішінде, әлеуметтік желіде түрлі ой-пікірлер айтылуда. Басым көпшілігі мұны «Әбден пісіп-жетілген мәселе» деп санайды. Тіпті, «Халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойлар да айтылып жатыр. «Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады» деген пікірлер де бар. Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны  жақсы үдеріс.

Қоғамдағы жедел шешімдерге деген күтулерге жауап бере отырып, Президент елді сабыр мен байыптылыққа шақырды.

«Дегенмен парламенттік реформа  аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды.  Себебі, бұл   еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл  мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан  халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл  мызғымас ұстаным» - деген  Мемлекет басшысы  алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірін де  ортаға салды.

Осы ретте айта кету керек, жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі өткен кеңесте Президент қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өткен еді.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект барлық саланың қозғаушы күші болуға тиіс деп санайды. Оның пікірінше, жасанды интеллект  еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі.

Мемлекет басшысы e-Parlament жүйесінің де күні алыс емес екенін атап өтті.

Бұл туралы Президент «Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электрондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды. Заң шығару жұмысын жақсартудың жаңа тетіктерін енгізу аталған үдеріспен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр», - деді.

Президенттің айтуынша,  бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламент кәсіби болуға тиіс. Бұл  өте маңызды міндет. Парламентті пропорциялық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Демек популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі.

Жаңа Қазақстандағы дамудың жаңа кезеңінде ел Парламентін ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр және бұл конституциялық реформасыз мүмкін емес. Конституциялық реформа дегеніміз  Президенттің 2019 жылдан бергі бүкіл саяси реформаларының қисынды жал­ғасы. 

Жоғарыда айтқандай, Мемлекет басшысы әлеуметтік желілерде түрлі ой-пікірлер айтылып жатқанына назар аударды. Референдум өткізудің қажеті жоқ екені, реформаны қысқа мерзімде жасау қажеттігі туралы пкірлерді тілге тиек етті. Дегенмен де парламенттік реформаны күрделі жұмыс деп санайтындықтан асығыстыққа жол бермеу қажет деп отыр.

Президенттің сөзімен келісуіміз керек. Қазақстан бір парламенттік жүйеге көшетініне ешкім күмән келтіріп отырған жоқ. Өйткені бұл бастаманы билік те, көпшілік те қолдап отыр. Халық арасында бұл әңгіме бұрыннан айтылып келеді. Бұндай жүйе туралы сарапшылардың да айтып жүргеніне біраз болған. Алайда реформа кезінде ескеретін бір мәселе бар. Парламенттік жүйе ауысатын болса, алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Өзгерістер Конституция баптарына қатысты. Ата Заңымыздың үшінші бөлімі түгелдей Парламентке арналған. Енді сол жердегі Сенат туралы жазылғандарды алып тастауға немесе түзетуге тура келеді.

Ал, Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі Парламентте емес, республикалық референдумда шешіледі. Президенттің айтуынша, Негізгі  заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Сондай-ақ кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу қажет. Түптеп келгенде алдағы өзгерістер мен толықтырулардың ауқымы  жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар келетін жұмыс деуге болады. Сондықтан парламенттік реформаны жүзеге асырғанда тым жеделдетуге болмайды. Жан-жақты саралап, қоғам талқылауына шығарып, көпшіліктің пікірін ескеріп, содан кейін ғана өзгеріс енгізу керек. Ал, бұл жұмыстар бір сәтте жүзеге аспайды, үлкен тыңғылықты дайындық қажет.

Қазақстан  Әділетті мемлекет ретінде әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеретін болады.

Сонымен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның жетекшілігімен Жаңа Қазақстан дәуіріндегі кезекті Конституциялық реформаның жобасы жасалатын болады.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, жаңадан құрылған жұмыс тобының міндеті Парламенттік реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу.  Содан соң жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстар негізінде Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы дайындалып, кейін республикалық референдумға шығарылады.

Жұмыс тобының алғашқы отырысына қатысқан Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев «Біз де өз тарапымыздан өзіміздің жауапкершілігімізді түсініп, реформаның алға қойған мақсатына дейін жетуіне және де өз партияларымызды соған лайықты деңгейге дейін жеткізуге бар күшімізді саламыз, реформа елімізге жаңаша бір әсерін береді деп сенеміз»  деп отыр. Басқа да Жұмыс тобының мүшелерінің, жиынға қатысушылардың да пікірі осыған саяды.

Осылайша, парламенттік реформа жөніндегі бастама  Қазақстандағы саяси жүйенің сапалы жаңғыру кезеңін айқындайтын тарихи бетбұрыс болды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл реформа  ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Парламент  демократиялық қоғамның негізгі тірегі, ал оның тиімділігін арттыру  халық сенімін күшейтудің басты жолы.

Реформа заң шығару процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, саяси жауапкершілікті нақтылай түседі. Бұл өз кезегінде, әрбір депутаттың қоғам алдындағы міндетін терең сезінуге жол ашады. Қазір Қазақстанда саяси плюрализмнің жаңа деңгейі қалыптасып келеді, ал бұл реформаның нәтижесінде азаматтардың пікірін ескеретін, диалогқа негізделген парламенттік мәдениет орнығады. Осы бастама қоғамның саяси сауатын арттыруға да әсер етеді.

Президенттің «Парламенттік реформа халық тағдырын айқындайтын мәселе» деген сөзін әр азаматтың жауапкершілігін сезіндіретін үндеу деп қабылдауға болады. Бұл реформа билік пен қоғам арасындағы сенім көпірін нығайтады.

Мемлекет басшысы бастамашыл болған парламенттік реформа – Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырта отырып, тұрақтылық пен сабақтастықты сақтауға бағытталған, қазіргі уақыт талаптарынан туындаған сенімді қадам. Бір палаталы Парламенттің артықшылықтары туралы өзге мемлекеттердің тәжірибесінен де анық көрініп келеді.

Енді міне, елімізде маңызды саяси жаңғырудың жаңа кезеңі – Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы жүзеге асты.

Парламенттік басқару жүйесін жаңғырту, оның ішінде бір палаталы парламентке көшу, оның құзыреті мен жауапкершілігін нақтылау, заң шығару үдерісін оңтайландыру, сараптамалық талдаулар жасау, сондай-ақ, азаматтық қоғаммен арадағы диалог, саяси партиялармен байланысты  жетілдіру сияқты ауқымды жұмыстар Жұмыс тобының басты міндеті  болмақ.

Парламенттік реформаға қатысты алғашқы алқалы жиын  еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудағы шешуші кезеңнің бастамасы. Мұндай ауқымды жаңалықтар көп деңгейлі талқылауды, жауапкершілікті талап етеді. Осы жолмен Қазақстан басқару форматын халықаралық стандарттарға сай бейімдеп, демократиялық институттарын әрі қарай дамытуға бет алды.

Сондықтан реформаны сапалы әрі тиімді жүзеге асыру үшін Жұмыс тобының мүшелеріне зор сенім артылмақшы.

Асан ТІЛЕМІСОВ