Жамбыл жаңалықтары

Әл-ауқат деңгейі төмен отбасылар азайып келеді

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте «Отбасының цифрлық картасын» өзектендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта облыста 1,2 миллион халық (337,1 мың отбасы) бар екен. Отбасылардың әлеуметтік-материалдық жағдайын санатары бойынша жіктеп, нақты жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жүргізу мақсатында «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі құрылып, 2024 жылдың тамыз айыннан бастап жұмыстар қарқынды басталып кеткен.

Сондай-ақ «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарын жайын да баяндады.

Жиында облыс әкімі Д және Е санатындағы отбасылардың ішінен биыл қанша отбасы жоғары санатқа ауыстырылғанын сұрады. Сондай-ақ Д және Е санаттарына жаңадан қанша отбасы енгізілгенін және олардың бұл санатқа енгізілуінің негізгі себептері жайлы сауалын жолдады. Ербол Шырақпайұлы бейресми жұмыс атқаратын және жұмыссыз азаматтарға жаңа жұмыс орындарын ұсыну туралы берілген тапсырманың орындалу барысына да тоқталды.

Басқарма басшысы ұсынған мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта жұмыссыз ретінде 23 720 адам тіркелген. Оның ішінде 9 493 адам ғана жұмысқа орналасқан. Бұл жоспардың 40 пайызға ғана орындалғанын білдіреді. Осыған байланысты Ербол Шырақпайұлы жұмысқа орналастыру көрсеткіштерінің төмен болу себебін және аталған бағытта қандай нақты жоспарлар мен шаралар қабылданатынын сұрады.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіне енгізілген өзгерістерге байланысты 31 500 отбасы жоғары санаттарға ауысқан. Ал Д және Е санаттарына 18 400 отбасы қосылған. Аталған отбасылардың осы санаттарға қосылуының негізгі себептерінің бірі – отбасы мүшелерінің тоқсан күннен асқан институционалды белгілерінің болуы және кейбір отбасы мүшелерінің кредиттік несиелерін тоқсан күннен аса өтей алмауы. Мұндай жағдайларда несие тарихы бойынша көрсеткіш 250 баллға дейін төмендеп кететін көрінеді. Десе де Еркін Егембердіұлы қаржылық тұрақсыздыққа тап болған отбасылармен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі ақпараттық жүйе деректері бойынша орта білім беру мекемелеріне бармайтын 5 903 бала тіркелгенін атап өтіп, олардың шынымен де білім процесінен тыс қалу себебін және мектепке дейінгі біліммен қамтылған 7 мыңнан астам балаға қатысты қабылданып жатқан шаралар жайын сұрады.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбол Оршыбеков барлық баланың біліммен қамтылғанын, негізгі мәселе ұлттық білім беру деректер қоры мен отбасылық цифрлық карта жүйесінің өзара интеграциясының болмауында екенін айтты. Соның салдарынан деректерде 4 мыңнан астам сәйкессіздік анықталған. Қазір бұл тізім өзектендіріліп жатыр екен. Басқарма басшысы бұл жұмысты аяқтауға уәде берді.

Мектепке дейінгі білімге қатысты 3-6 жас аралығындағы балаларды ақпараттық жүйеде қамту көрсеткіші 98,7 пайызды құрап отыр. 5 мыңнан астам бала ата-аналардың шешімімен үйде тәрбиеленуде, олардың көбі үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер көрінеді. Биылдан бастап 2 жастан бастап балабақшаға қабылдау басталғандықтан, бұл көрсеткіш азаяды деп күтілуде.

Сонымен қатар облыс әкімі жеке кәсіпкерлік, шаруа және фермерлік қожалықтарда әлеуметтік төлем жүргізбейтін 9 058 адам тіркелгенін, бұл санның 21 қаңтармен салыстырғанда 40 адамға немесе 0,4 пайызға артқанын жеткізді. Осы мәселе бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысынан түсініктеме алынып, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен «Отбасының цифрлық картасы» мен тіркеусіз жүрген тұрғындар бойынша нақты атқарылып жатқан шаралар сұралды.

Жиында сонымен қатар облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару туралы баяндама жасап, осыған қатысты негізгі мәселелер талқыланды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ