Жаңалықтар

Қазақстанның 14 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

2025 жылғы 21 қазан күні еліміздің 14 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы Қазгидромет мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Синоптиктердің болжамынша, желдің күшеюі, тұман, сондай-ақ бірқатар облыстарда төтенше және жоғары өрт қаупі сақталады.

Атырау облысында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с жетеді. Облыстың солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде төтенше, ал солтүстік-шығыс пен оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі күтіледі. Атырау қаласында да желдің екпіні 15–18 м/с, төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысында батыс аудандарда нөсер жаңбыр жауып, түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз оңтүстігі мен шығысында желдің екпіні 15–20 м/с болады. Оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысының солтүстігі мен орталығында жел 15–18 м/с жылдамдықпен соғады. Оңтүстігі мен шығысында жоғары, батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі бар.

Жамбыл облысында таулы аудандарда тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/сдейін жетеді. Өңірдің батысы мен солтүстігінде төтенше, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында түнде және таңертең тұман түседі.
Ақмолада және Қостанайда жоғары өрт қаупі бар.

Жетісу облысында түнде және таңертең таулы аудандарда тұман күтіледі, ал кей өңірлерде 1–3 градус үсікжүреді.

Ұлытау облысында күндіз желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді. Оңтүстігінде төтенше, ал өзге аудандарында жоғары өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау, Қызылорда және Қарағанды облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі бар.
Қызылорда мен Ақтауда да өрт қаупі деңгейі жоғары.

Шығыс Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–18 м/с болады.

Қазгидромет мамандары тұрғындарды ауа райының өзгеруін қадағалап, сақтық шараларын сақтауға шақырады.