«Киелі мекен» – Қали Қораласбаевтың жеке көрмесі өтті
2025 жылдың 17 қазанында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің Көркемсурет галереясында ҚР Мәдениет саласының үздігі, мүсінші, карикатурашы Қали Қораласбаевтың «Киелі мекен» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды.
Көрме 25 Қазан – Республика күніне, Шу ауданының 95 жылдығына және суретшінің 60 жас мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Мақсаты: Қазақстанның бейнелеу өнері мен рухани құндылықты жаңғырту,мәдениет пен тарих арқылы тұлғаның дүние танымын кеңейту,өңіріміздің әрбір тарихи кезеңдердің орны – баға жетпес құндылық ретінде «Киелі мекен» атты көрмеде туған жердің тарихынан сыр шертетін рухани танымдылықты дамыту.
Қали Қораласбаев – 250-ге жуық көрме өткізген, елімізге танымал суретші. Ол бейнелеу өнерінің бірнеше жанрында: живопись, графика, скульптура мен карикатурада еңбек етеді. Туған жеріне деген сүйіспеншілігін мүсіндік композициялар арқылы да көрсетіп келеді.
Көрменің ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімдігі мен Шу ауданы басшылығы, ҚР Суретшілер одағының мүшелері және зиялы қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, сый-сияпаттар табыстады. Сондай-ақ, суретші туралы арнайы кітабы таныстырылды.
Көрмеге 100-ден аса туынды қойылып, көрермен назарына ұсынылды. «Киелі мекен» көрмесі – туған жер тарихы мен руханиятына арналған шынайы шығармашылық тағзым болып табылады.
Райкулова Балнұр Сембайқызы,
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің
Көркемсурет-галереясының меңгерушісі