Қазақстанда "Әскери баспана" жеңілдетілген ипотекасы қайта іске қосылады
Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер ұсынатын ипотекалық бағдарламалар саны азайған, деп хабарлайды arainfo.kz
Осыған орай, Қазақстан Үкіметі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолдауға бағытталған шешім қабылдады.
Азаматтарды қолдау мақсатында халыққа берілетін жеңілдетілген ипотекалық несие көлемі екі есеге арттырылады. Бұл шара тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Аталған бастамалар “Наурыз” және “Наурыз-Жұмыскер” бағдарламалары аясында жүзеге асырылады. Осы бағдарламалар бойынша несие көлемі 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Сондай-ақ, сұранысқа ие “Әскери баспана” бағдарламасы қайта іске қосылады. Бұл жыл сайын кемінде жеті мың әскери отбасының қайталама нарықтан пәтер алуына жол ашады», – деп хабарлады Үкімет.
Сонымен қатар, құрылыс компанияларымен осы бағдарламалар шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйлерге оффтейк-келісімшарттар жасалмақ. Бұл келісім бойынша құрылыс салушылары үш жылға дейін бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұру жөнінде міндеттеме алады.