Жаңалықтар

Антикордың бұрынғы басшысы Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Асхат Жұмағалиұлы Жұмағали бас прокурордың орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды arainfo.kz

Тиісті құжатқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Асхат Жұмағали 1979 жылы 19 тамызда Арқалық қаласында туған. 2000 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын Астана қаласы прокуратурасында бастаған. Әр жылдары Бас прокуратурада, Қаржы полициясында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, сондай-ақ Құқық қорғау органдары академиясында және Ұлттық тергеу бюросында түрлі басшылық қызметтер атқарды.

2023 жылғы сәуірден 2025 жылғы шілдеге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды.