Шу ауданында ерекше балаларға арналған алғашқы иппотерапия орталығы ашылды
Шу ауданында алғаш рет ерекше балаларға арналған иппотерапия орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл медициналық, психологиялық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған ерекше жоба.
Жаңа орталықтың ашылуы ата-аналар мен мамандар үшін ғана емес, бүкіл аудан тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Енді ерекше қажеттіліктері бар балалар өз өңірінен шықпай-ақ тиімді көмек ала алады.
Орталықты құру идеясы игі іске бейжай қарамайтын, белсенді тұрғындардың бастамасы. Олардың мақсаты қозғалыс, сөйлеу және қабылдау қабілетінде бұзылыстары бар балаларға атқа міну арқылы оңалуға мүмкіндік беру.
Иппотерапияның тиімділігі бұрыннан дәлелденген. Сабақ кезінде бала бұлшық еттерін нығайтып, қимыл-қозғалыс үйлесімін дамытады, сонымен қатар жануармен қарым-қатынас жасау арқылы сенім мен қуанышты сезінеді.
Орталықтың ашылуына жергілікті билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар, педагогтар мен ата-аналар қатысты. Шара барысында жылы сезім мен үмітке толы атмосфера орнады барлығы да бұл оқиғаның маңыздылығын жақсы түсінді.
Іс-шарада аудан әкімі Бақытжан Жанибеков сөз сөйлеп, жобаның аймақ үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол әлеуметтік бастамаларды қолдау жергілікті биліктің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.
Орталық барлық талаптарға сай жабдықталған және қауіпсіз әрі тиімді сабақ өткізуге арналған қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда тәжірибелі мамандар жұмыс істейді: екі иппотерапия нұсқаушысы, медбике, психолог, әлеуметтік қызметкер, ветеринар және басқа да сала мамандары.
Орталық жетекшісінің айтуынша, биылғы бағдарлама екі айға созылып, 40-тан астам баланы қамтиды. Сабақтар әр баланың жағдайы мен ерекшелігіне қарай жеке және шағын топтарда өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл орталықтың ашылуы үлкен істің бастамасы ғана. Келесі жылдан бастап кешеннің аумағын кеңейту, мамандар санын көбейту және жаңа оңалту әдістерін енгізу жоспарлануда.
Ашылу рәсіміне келген ата-аналар қуаныштарын жасыра алмады. Көптеген отбасы үшін мұндай орталықтың ашылуы көптен күткен үміттің жүзеге асуы.
Бұған дейін иппотерапия сабақтары тек Тараз қаласы мен Меркі ауданында ғана өткізілетін. Енді мұндай мүмкіндік Шу ауданының балаларға да қолжетімді болды. Жаңа орталық тек ем алу орны ғана емес, қамқорлық пен адамгершіліктің нышаны.
Осындай игі бастамалар әрбір жаңа қадамымен ауданның әлеуметтік жауапкершілігі мен өзара қолдау үлгісін қалыптастырады. Ал алғаш рет атқа мінген балалардың күлкісі – жақсылықтың шын мәнінде шипа болатынының айғағы.