«Таза Қазақстан» – теңдессіз жоба
Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» үлкен қоғамдық қозғалысқа, күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Акцияның мақсаты – елді мекендерді, өзен-көлдерді, орман алқаптарын, жол бойларын тазалау, көгалдандыру, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, ең бастысы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Елімізде өткен жылы акция бұрын-соңды болмаған ауқымды көлемде өтті. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен барлық өңірде экологиялық сенбіліктер өткізілді. Акцияға миллионнан астам азамат қатысып, 1 159 тоннадан астам қоқыс жиналды, 1 609 мыңнан аса ағаш көшеті егілді. Экологиялық нормаларды бұзған 105 дерек анықталды. «TazaQazBot» электронды платформасы іске қосылып, 7 929 өтініш қабылданса, 7 061-і орындалды. Бұдан бөлек мектептер мен колледждерде экологиялық тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Қала мен ауыл тұрғындары арасында табиғатты қорғауға бағытталған түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Акция аясында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениеті қалыптасты.
Облысымыз да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді атсалысып келеді. Тараз қаласында экологиялық акция аясында жасыл желектерді түгендеу және цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта арнайы сайт іске қосылып, облыс орталығындағы жасыл желектердің бірыңғай дерекқоры қалыптастырылуда.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша бүгінгі күнге дейін сенбіліктерге 109,4 мың жамбылдық қатысқан.
Сонымен қатар «Жасыл белдеу», «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2 000 тал егу» іс-шаралары аясында көктемде 303 мың көшет отырғызылған.
Десе де Тараз қаласында қоқыс мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Зерделеу нәтижелері бойынша қаланың әр аумағында бей-берекет қоқыс үйінділері кездеседі. Жағдай көңіл көншітпейді, ықшамаудандардағы тазалық та төмен деңгейде.
Жуырда Тараз қаласындағы «Қызыл-Абад» тұрғын алқабында өткен ағаш отырғызу акциясына қатысқан облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы да қала әкімдігіне экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ жаңадан орнатылған қоқыс алаңдарына бейнебақылау жүйелерін енгізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы акцияға қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық бірлестіктер мен еріктілер, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ түрлі кәсіпорын қызметкерлері белсене қатысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ облыс әкімі Тараз қаласындағы «Жансая» ықшамауданында өткен санитарлық тазалық шараларының барысымен танысып, тұрғындардың белсенділігіне ризашылығын білдірді.
Осы күні өткен көгалдандыру және тазалық шараларына 61 мыңға жуық тұрғын қатысып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға белсенді үлес қосты.
Сонымен қатар жақында еліміздің белсенді жастары Алматы қаласынан бастау алған кең ауқымды «Таза Қазақстан» road-эстафетасы аясында Әулиеата өңірін де қамтып, облыс аудандарында және Тараз қаласында тазалық жұмыстарын жүргізді. «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған, облыс әкімдіктері мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі қолдау білдірген бұл акция жастарды ортақ мүддеге жұмылдырды.
Үш күн ішінде қатысушылар өңіріміздің 6 ауданын және облыс орталығын қамтып, 500 шақырым жол жүрді. Олар тек жол бойын тазартып қана қоймай, өңірдің және елдің болашағы туралы жастармен еркін пікір алмасты.
Нәтижесінде үш күнде 60 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Тек бір күннің өзінде шамамен 30 тонна қалдық жиналды. Олардың ішінде пластикалық бөтелкелер мен пакеттер, әйнек, бір рет қолданылатын ыдыстар мен қаптамалар бар. Айта кетерлігі қалдықтар сол жерде сұрыпталып, пластик, шыны және қағаз бөлек жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.
Акция барысында Бауыржан Момышұлы және Тұрар Рысқұлов ауылдарының жастары ерекше белсенділік танытқан. Эстафета барысында «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы Ақерке Искандирова, экоактивист Диас Талғатұлы және Экологиялық даму орталығының жетекшісі Танир Ясса ауыл жастарының өзекті мәселелерін тыңдап, ашық диалог өткізді. Жастар интернетке қолжетімділік, жоғары оқу орындарына бөлінетін квоталар, жұмыс орындары, мәдени және спорттық нысандардың қажеттілігі жөнінде сауалдарын қойды.
Мұндай шаралар елдің экологиялық мәдениетін нығайтып қана қоймай, бірлік пен азаматтық сананы қалыптастырады.
Сымбат ҚУАНЫШ