Төрт түліктің саулығы – сақтықта
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр. Осы мәселеге айрықша назар аударған жөн» – деген болатын.
Президент осы сөзі арқылы ауылшаруашылығының дамуы ең алдымен малдың саулығына байланысты екенін меңзеп отыр. Расында да агроөнеркәсіп кешенімен қоса, ауыл тұрғындарының да тыныс-тіршілігі малшаруашылығымен біте қайнасып жатқаны белгілі. Сол үшін де күн ұзаққа мал соңында жүретін шаруа баққан ел үшін төрт түліктің амандығы қашанда маңызды. Егер мал-жан ауру-сырқаудан аман болса, одан алынатын өнімнің сапасы да, оны тұтынатын халықтың да денсаулығы қалыпты жағдайда болады. Мемлекет басшысы сөз еткендей, егер ветеринария саласы баяу дамып, қажетті деңгейде жұмыс істей алмаса, оның салдары індеттердің дер кезінде анықталмауына, екпе жұмыстарының ойдағыдай жүргізілуіне кері әсерін тигізеді. Бұл ретте жер-жерде ветеринариялық қызметті күшейтіп, мамандардың жағдайын жақсарту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және ауылшаруашылығының қауіпсіз дамуына қолайлы жағдай жасау күн тәртібінен түспеуі керек. Осы ретте біз облыста аталған салада жұмыс қай деңгейде жүргізіліп жатқанына назар аударған едік.
Осы жылы облыс аумағында ветеринариялық іс-шараларды өткізуге барлығы 4,6 миллиард теңге бөлініпті. Ауылшаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 16,5 миллион вакцинация және 5,6 миллион қан алу манипуляциясын жүргізу жоспарланған. Жыл басынан бері 10,4 миллион вакцинация және 3,6 миллион қан алу манипуляциясы орындалыпты. Облыста бекітілген ауылшаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жоспары бойынша бүгінгі күнге дейін 1 319 448 төлдің құлағына сырға салынып, деректер базасына енгізілген.
Қазіргі уақытта облыстағы төрт түліктің саны 4,5 миллионнан асып жығылады. Барлық жануарлар «IT-COR» атты электрондық жүйе арқылы тіркеліп, есепке алынуда. Бұл жұмыс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң негізінде жүргізіліп жатқанын айта кету керек.
Өңірде иесіз қалған мал-жанды уақытша ұстауға арналған 11 приют жұмыс істеп жатса, одан бөлек, Т.Рысқұлов, Шу және Қордай аудандарында малды уақытша паналату орындарының құрылысы жүріп жатқан көрінеді. Қаңғыбас иттерді аулап, зарарсыздандыруға жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге бөлініпті. Конкурстың нәтижесінде бұл жұмысты 24,1 миллион теңгеге облыстық ветеринария стансасы мамандары атқаруда. Сонымен қатар биыл 44 жаңа ветеринариялық пункт салу жоспарланса, қазір оның 32-сінің құрылысы жүргізілуде. Ал бір нысан Шу қаласында дайын күйінде сатып алыныпты.
Облыс әкімінің қолдауымен ветеринария саласының жұмысын жақсарту үшін 50 жаңа «Нива» автокөлігі мен 160 термошамадан сатып алынған екен. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 420 миллион теңге және 13,6 миллион теңге жұмсалыпты. Сонымен қатар тағы 50 «Нива» автокөлігін алу үшін 400 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланыпты. Бұған қоса 1 150 жиынтық қысқы арнайы киімге тапсырыс берілген.
Сібір жарасы ауруының алдын алу бағытында 2025 жылы 189 тіркелген көміндіні күтіп-ұстауға және зарарсыздандыруға 12,1 миллион теңге бөлініпті. Барлық көмінділер қоршалып, бетондалған, ал маңайына «Сібір жарасы», «Қауіпті аймақ» деген ескерту белгілері қойылған. Қуанышқа орай, жыл басынан бері бұл ауру бойынша күдік анықталмаған.
Биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы іс-шаралар жоспары бойынша Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ, Шу аудандарында және Тараз қаласында тиісті жұмыс жүргізілген. 46 елді мекенде екі кезең бойынша тиісті аумақтар дезинсекцияланған (кенеге қарсы өңдеу). Жалпы 5,7 миллион шаршы метр аумақ, 24 мыңнан астам мал қорасы, 168 мың шаршы метр қорғаныс аймағы және 580 мыңнан астам мал залалсыздандырудан өткен. Бұрын кенеге қарсы жұмыстарды әртүрлі ұйымдар атқарып келсе, 2025 жылдан бастап бұл міндет толықтай облыстық ветеринария стансасына жүктеліпті. Соның арқасында өткен жылмен салыстырғанда адамдарды кене шағу жағдайы айтарлықтай азайған.
Осы жылы жануарларға ветеринариялық қызмет көрсету тарифтері көтерілгенін айта кету керек. Соның нәтижесінде ауылдық және аудандық ветеринарлардың еңбекақысы 143 мыңнан 300 мың теңгеге дейін өскен. Бұдан бөлек, жануарлардың өлекселері мен биологиялық қалдықтарын жою үшін облыста 44 «Беккари» биотермиялық шұңқыры жұмыс істеуде. Биыл тағы 30 шұңқыр салу жоспарланса, олардың 21-і дайын.
Жалпы аталған салада көңілге қонымды тірлік Жуалы ауданында да атқарылуда. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бақыт Сүйіндіковтің айтуынша, мұнда ветеринариялық қызмет күшейтіліп, мал арасында тарайтын аурудың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Жуалы аудандық ветеринариялық бөлімде 85 адам жұмыс істеп жатса, мал санына қарай қажетті дәрі-дәрмек пен екпе толық жеткізіліп, мал дәрігерлері тұрақты түрде қора-қопсыларды аралап, түсіндіру, алдын алу жұмыстарын лайықты атқаруда. Сондай-ақ ауылдық ветеринариялық пункттер шетінен жаңартылып, қызметкерлер арнайы көлікпен қамтылуда. Осындай нақты атқарылған іс-шаралар нәтижесінде ауылшаруашылығының қауіпсіз дамуына және тұрғындардың сала мамандарына сеніммен қарауына мүмкіндік туып отыр.
Жуалы ауданында мал союға арналған бір ғана арнайы пункт болса, ол Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан екен. Қазіргі таңда бұл нысан тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Мұнда мал санитарлық талаптарға сай сойылып, ет өңдеу және сақтау жұмыстары жүргізілуде. Пункттің барлық инфрақұрылымы толық қамтамасыз етілген, яғни газ, су және электр желілері тартылған.
Аудан аумағында бұрын тіркелген Сібір жарасы ауруының көмінді орындары бар. Атап айтқанда, мұнда 45 ошақ тіркелген. Барлық көмінділер санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді. Әрбір нысан бетонмен қапталып, мықтап қоршалған, сыртында арнайы ескерту белгілері мен атаулары жазылған тақтайшалар орнатылыпты.
Ветеринар мамандардың еңбегі елеуге тұрарлық, олардың дені өз ісінің нағыз шеберлері. Төрт түліктің саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп, жылдың кез келген мезгіліне қарамай еңбек етуде. Соның бірі – Ерлан Құрал. Ол Ақсай ауылдық округіндегі Қайрат ауылында тұрады. Мұндағы ветеринариялық пунктте 4 маман жұмыс істейді. Ерлан жастайынан ауыл тіршілігінің қыр-сырына қанығып өскен, елгезек, еңбексүйгіш жан. Бала кезінен малға жақын болып, төрт түліктің бабын жасауды үйреніп өскен өрен өзінің болашағын осы саламен байланыстыруды әу баста мақсат тұтқан екен. Осы арман жетелеп, Алматыдағы Қазақ аграрлық университетіне оқуға түсіп, бес жыл бойы білім алып, ветеринария мамандығын игеріп шыққан екен.
Өз ісіне адалдықпен қараған жас маман екі жыл ауылдық ветеринариялық пункттің меңгерушісі қызметін атқарыпты. Қазір ветеринар-дәрігер ретінде еңбек етуде. Қайрат ауылының тұрғындары оны еңбекқор, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде бағалайды. Ерлан Нұрбекұлы отбасында қамқор әке. Жары ұстаздық жолды таңдаған мұғалім, бүгінде бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақтың отанасы. Ауыл халқының тұрмысын жақсартуға үлес қосып, елдің малының саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жас ветеринардың болашаққа құрған өзіндік жоспары бар.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ