Цифрлық Қазақстан

Қызғалдақтың тарихы – цифрлы форматта

Жамбыл облысында тұңғыш рет жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының көмегімен толыққанды анимациялық фильм әзірленіп, көрермен назарына ұсынылды. «Қызғалдақ қалай пайда болған?» деп аталатын бұл ерекше туынды – Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бастамасымен жүзеге асқан тың жоба. Бұл туралы өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов былай деп атап өтті.

«Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы жыл басынан бері бірқатар тың жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Солардың бірі «Әулиеата – кітап оқитын өңір» аясында жарық көрген «Әулиеата аңыздары» атты тұңғыш цифрлық кітап. Бұл жинақ қазақ және ағылшын тілдерінде әзірленіп, облыстың 10 ауданын түгел қамтитын тарихи жер-су атауларына қатысты аңыздарды біріктіреді.

Президентіміздің «Қазақстан – цифрлы елге айналуы тиіс» деген тапсырмасын негізге ала отырып, біз жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін руханият саласына да тереңінен енгізіп келеміз. Соның нақты нәтижесі ретінде «Қызғалдақ аңызы» атты алғашқы анимациялық роликті жарыққа шығардық. Айта кетерлігі, бұл туынды толықтай жасанды интеллект көмегімен жасалды.

Келесі бағытта Жамбыл облысындағы барлық тарихи аңыздарды цифрлы форматта, балаларға, туристерге және жалпы жұртшылыққа қолжетімді етіп, жасанды интеллект арқылы ұсынамыз.

Руханият орталығының алғашқы тырнақалды туындысына қуанып отырмыз, сәттілік тілейміз! Облыста мұндай рухани жобалар әрі қарай жалғасады» деп жазды Серік Жақсылықұлы.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіманаповтың айтуынша, бұл жоба жыл басында басталған «Әулиеата аңыздары» бастамасының жалғасы ғана емес, сонымен қатар мәдениет саласын цифрландыру бағытындағы нақты тәжірибелік қадамдардың нәтижесі.

«Қызғалдақ туралы аңыз» деп аталатын анимациялық фильм – Қаратаудың етегінде пайда болған қызғалдақ гүліне қатысты тарихи-мәдени аңызға негізделген.

Қызғалдақтың тарихи отаны Қаратау мен Алатау баурайы екені әлдеқашан дәлелденген. Ұлы Жібек жолы арқылы күллі әлемге тараған бұл гүлдің тамыры Қазақстан жерінен басталатынын, әсіресе Жамбыл өңірінде еркін өсетінін көпшілік біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аңыз желісі заманауи форматта ұсынылып отыр.

Анимациялық фильмнің тағы бір ерекшелігі – ашық түсті, жарқын бояулар мен қазақы нақыштағы кейіпкерлер бейнесінің үндесуі. Диалог барысында кейіпкерлердің бет-әлпеті мен ерін қимылы нақты бейімделген. Бұл – жас көрермендер үшін көркем әрі шынайы әсер қалдырады.

Жоба «Әулиеата аңыздары» жобасының екінші кезеңі. Жыл басында жарық көрген екі тілдегі (қазақ-ағылшын) «Әулиеата аңыздары» жинағы – Жамбыл облысының барлық 10 ауданындағы жер-су атауларына қатысты аңыз-әпсаналарды біріктіріп, цифрлы кітап ретінде ұсынылған болатын. Жаңа бастама сол жинаққа енген мазмұнды енді анимация тілімен сөйлетуге бағытталған.

Бұл – тек мәдениет пен тарихты танымал ету емес, балалар мен жасөспірімдердің рухани санасын қалыптастырудың, туризмге қызығушылықты арттырудың да бір жолы. Жоба авторлары алдағы уақытта басқа да өңірлік аңыздарды осындай ықшам әрі әсерлі форматта ұсынбақ.

Жалпы Шерхан Мұртаза есімімен аталатын орталық тек дәстүрлі мәдениетпен ғана шектеліп отырған жоқ. QR-кодпен оқылатын көрмелер, цифрлы архивтер, жергілікті аңыздар мен тарихи деректердің интерактивті таныстырылымы – орталықтың заман талабына сай жұмыс істеп отырғанының айғағы.

Мұндай жобалар өңір руханиятына серпін беріп қана қоймай, жас буынның тарихи сана-сезімін жаңа тәсілдермен қалыптастыруға жол ашады. Руханият – технологиямен үндескенде, өткен мен болашақ арасындағы алтын көпірге айналатыны осыдан-ақ көрінеді.

Қарапайым аңыз – жасанды интеллект көмегімен цифрлы мәдени мұраға айналып отыр. Бұл – руханияттың жаңа тынысы. Қызғалдақтың тарихы тек ботаниктерге емес, барша жұртқа – әсіресе балалар мен жас буынға қызықты әрі қолжетімді түрде ұсынылды. Қаратаудан басталған аңыз – бүгінгі ұрпақтың жадында цифрлы бейнеде жаңғырары анық.

Айжан ӨЗБЕКОВА