Әлеумет

Тірек мектептердің әлеуеті артып келеді

Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры бірлесіп «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба еліміздің барлық балаларына сапалы білім алуда тең мүмкіндік жасауға бағытталып отыр.

Жоба аясында үздік оқыту әдістемелері мен технологияларын енгізу, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына жағдай жасау және білім сапасын арттыру мақсатында әдістемелік қолдау көрсету қарастырылған. Айта кетсек, бұл жобаға өңірімізден 10 ауыл мектебі енгізілген.

Осы ретте жуырда Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында «Ауыл мектебі: сапалы білім мен кәсіби ынтымақтастық кеңістігі» атты облыстық мұғалімдер форумы ұйымдастырылды.

Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Гүлмира Тортаева қазіргі таңда ауыл мектебіне тек жаңартылған база мен заманауи технологиялар ғана емес, сонымен қатар мұғалімдерді жүйелі түрде қолдау қажет екенін атап өтті.

Өз кезегінде Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлнұр Мақсутова әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білімге тең қолжетімділігі маңызды басымдықтардың бірі екенін, ал реформалардың табысы мұғалімдердің кәсібилігі мен үздіксіз дамуына байланысты екенін айтты.

Форумның бірінші бөлімі пленарлық отырыс түрінде өтіп, оған өңірдегі тірек мектептердің директорлары қатысты. Спикерлер жобаға қатысу тәжірибелерімен бөлісіп, алғашқы нәтижелер туралы айтты.

Атап өтсек, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы тірек мектеп-гимназия (ресурстық орталық) бір жыл ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген.

Форумның екінші бөлімі «Басқару және бақылау», «Сауаттылық және сапа» және «Құндылықтар мен шығармашылық» бағыттары бойынша өткізілген шеберлік сабақтарынан  құралды. Сонымен қатар аймақ мұғалімдері инклюзивті білім беру, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану бойынша тренингтер мен коучинг-сессияларға қатысты.

Сымбат ҚУАНЫШ