Жаңалықтар

Тараз әкімі әлеуметтік желіде хат жазған оқушымен кездесті

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков әлеуметтік желіде өзіне хат жазған оқушымен кездесті, деп хабарлайды arainfo.kz

Тараз қаласының 12 жастағы тұрғыны, №40 мектеп-гимназиясының оқушысы Самвел Мусалеян әлеуметтік желі арқылы жазған хаты арқылы қала әкімі Бақытжан Орынбековпен жүздесті.Кездесуге Самвелдің анасы Мария Катанди мен сынып жетекшісі Дана Салмова да қатысты.

Әкіммен жүздесу барысында жас тұрғын өз ойларын ортаға салып, қаладағы балалар мен жасөспірімдерге арналған демалыс және спорт алаңдарын көбейту қажеттігін айтты. Қала басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, Таразда веложол мен скейт алаңдарын салу мәселесінің назарда екенін жеткізді.

Кездесу соңында әкім Самвелге қала әкімінің Алғыс хатын және Абай Құнанбайұлының үш тілде жарық көрген шығармалар жинағын табыстады.

Өз кезегінде Самвел Мусалеян қала басшысына ризашылығын білдіріп, тұрғындардың ұсынысына құлақ асып отырғаны үшін алғысын жеткізді.

Еске сала кетсек, бұған дейін 12 жастағы тараздық оқушы әлеуметтік желі арқылы қала әкіміне хат жазып, шаһарда веложол мен скейт алаңдарының аз екенін айтып, өтініш білдірген болатын. Жасөспірімнің бұл хаты көпшілік тарапынан кең қолдау тапқан еді.