Ерлан Қарин Парламенттік реформаны талқылауға қоғамды белсенді қатысуға шақырды
Бұл туралы Ерлан Қарин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды arainfo.kz
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы туралы ақпарат беріп, ел азаматтарының реформаны талқылауға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстары e-Otinish платформасы мен eGov сервисіндегі «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлім арқылы қабылданады. Бұл бастама әрбір азаматқа елдің саяси жүйесін жаңғыртуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Ерлан Қарин атап өткендей, Парламенттік реформаны мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог арқылы жүзеге асыру – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына толық сәйкес келеді.
Айта кетейік, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жетекші болып сайланды. Ал жұмыс тобы жетекшісінің орынбасарлары болып Ержан Жиенбаев пен Арман Қырықбаев тағайындалды.