Арманға апарар жол
Карантиннен енді аяқталып, үшінші курсқа өткен кезім. «Журналистер жұмысқа екінші курстан бастап орналаса алады. Үйде құр жатқанша, тәжірибе жина» деген анамның сөзінен кейін «Тараз 24» арнасында тәжірибеден өтіп жүрген болатынмын.
Газетте ғана практикадан өткен соң, сюжеттердің мәтінін тым ұзақ етіп жазып қоятынмын. Редакторым Мархабат түзеп береді, ал мен оны дыбыстағаныма мәзбін. Солай күндер өте берді. Бір күні жұмыс бойынша Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйіне» жолым түсті. Телеарна редакторы флешканы әкелуге жұмсағаны есімде. Ғимараттың екінші қабатында жүргенімде «AR-AI» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева хабарласты. Ол кісінің кім екенін де, газетті де аса білмеймін. Бірақ есімде қалғаны:
Ішімнен: «Құдайдың өзі осы ғимаратқа әкеліп тұр ғой. Аяулым, бұл мүмкіндікті жіберіп алма» деп ойладым. Флешкамды алып, бірден үшінші қабатқа көтерілдім. Кабинеттің есігін қаққалы жатқаным сол еді, алдымнан жауапты хатшының өзі шықты.
Бес минуттан кейін бас редактордың алдында отырдым.
Бойы ұзын, өңді, қаралау келген кісі өзін Біржан Сартбекұлы деп таныстырды.
Ол кезде бар болғаны он сегіздемін, ешкімнен қорқу деген жоқ.
Осы сәтте телеарна редакторы хабарласа бастады. Өйткені эфир уақыты жақындап қалған.
«Жарайды» дедім де, телеарнаға қарай зуылдап жүгірдім.
Келсем, редактор монтаж бөлмесінде отыр.
Ал ішімде қуаныш пен «Бұл жаңалықты қалай айтамын?» деген уайым қатар тұр. Келесі күні газеттің редакциясына барғаным әлі есімде. Солай мен «AR-AI»-дағы жаңа өмірімді бастадым.
«AR-AI» газетінде үш жылға жуық қызмет еттім. Осы уақыт ішінде сайт үш рет жаңарып, редакция құрамы да өзгеріп отырды. Алғашқы күндері «Мына кісілердің жасы қаншада екен?» деп ойлайтынмын. Кейін бәрінің жасы отыздан енді асқанын білгенде таңқалғаным есімде.
Жалпы, еңбек жолымды газеттен бастағаныма қуанамын. Мұнда ақпаратты саралауды, жазуды үйрендім, тәжірибе жинадым. Барлығы ұжымның демеуі мен үйретуінің арқасы.
Аяулым ЖАМАНҚАРА,
журналист