Әлеумет

«AR-AI» – альма-матер

Осыдан дәл 10 жыл бұрын Жамбыл жастарының жаршысына айналған «AR-AI» газетінің жас тілшісі атанып, журналистиканың табалдырығын имене аттағаныммен бұл басылыммен таныстығым мектеп партасынан басталған еді.

ЖАС ОҚЫРМАННЫҢ ОРЫНДАЛҒАН АРМАНЫ

Интернет дегеніңіз қиырдағы ауыл түгілі қаланың өзіне әзер жеткен шақта газет-журналдар дүйім жұртшылықтың ақпаратқа деген сұранысын барынша өтеп тұрғаны анық. Тіпті аптасына бір келетін газет-журналдардың өзінен жылт еткен жаңалық күтетін едік. Әкем мұғалім болған соң біздің үйден аудандық газеттен бастап, республикалық, одан қалса педагогика бойынша салалық басылымдар үзілмейтін.

Соның ішінде «AR-AI» газетін асыға күтіп, таласа-тармаса оқып шығатынбыз. Сыртқы безендірілуінен бастап, ішкі мазмұнына дейін басқа газеттерден ерекшеленіп тұратын бұл басылымның әр нөмірін біздің үйдегілер ғана емес, тұтас ауылдағылар қолдан-қолға түсірмей оқыды-ау шамасы. «AR-AI»-ға жазылмаған көрші-қолаңның осы газетті бірінен-бірі сұрап алып, жата-жастана оқитыны да есімде.

Оқырман жүрегіне жолды адаспай тапқан басылым тілшілерінің сол тұстағы шығармашылық ізденісіне бас имеске шараң жоқ. Басқа газеттерде өз қызметіне байланысты статистикаға сүйеніп, санаулы адам ғана түсінетін терминмен қасаң сұхбат беретін басшы-қосшылардың «AR-AI»-дағы әңгімесінен айызың қанады. Шенеунікпін деп шіренбейді, басшымын деп бәлсінбейді. «Біз де студент болғанбыз» деп студенттік жылдарын еске алады. «Мен қалай үйлендім?» деп «махаббат қызық мол жылдарынан» сыр шертеді. Енді бірі «Біздің мінберде» ғұмыр жолындағы көрген-баққанын, жиған-түйгенін әңгімесіне арқау етеді. Күлдіреді. Жылатады. Бастысы біз сияқты «Ертең кім боламын?» деп жүрген жастарға, жасөспірімдерге ой салады. «Мамандығын өзгертіп» базарда арба сүйреп, енді бірде суға сүңгіген газет тілшілері де тіршілік түйткілін әр кейіпкерінің көзқарасымен танытып жатады.

Бұдан бөлек, қоғам өмірінің сан саласындағы өткір мәселелерді арқау етіп, сын тезіне алған мақалалар да нөмір құрғатпай жарияланады. Оларға қойылатын тақырыптар да менмұндалап, көзге түседі. Оқырман назарын аударғаны өз алдына алғашқы әрпінен бастап, соңғы нүктесіне дейін еріксіз оқып шығуға мәжбүр ететіндей.

Осының бәрі мені «AR-AI»-дың ауылдағы жас оқырманынан болашағын журналистикамен байланыстырған арманшыл оқушыға айналдырды.

 

ОЙ ЖАРЫСТЫРАТЫН ОРТА

Тараз мемлекеттік университетіне түскенімде болашағын журналистикамен байланыстырған достарымның да әр бейсенбі сайын университет кітапханасына баспаханадан бояу иісі бұрқырап жеткен «AR-AI»-ға бас қоятынын байқадым. Ондағы әр материалды тұшына оқып шығып, «ар-айлықтар» секілді жазуға ұмтыламыз. Сұхбатты да дәл солар секілді алғымыз келеді. Екі ауыз сөз жазсақ та, тақырыбымыздың дәл «AR-AI»-дағыдай «айғайлап» тұрғанын қалаймыз.

Жазудағы шеберлік деп аталатын бұл дүниенің арғы жағында шығармашылық ізденіс, табандылық, жанкешті еңбек жататынын өндірістік тәжірибеден өткенде анық байқадық. Бірінші курсты бітірген жылы жазда тілшілік тіршілікке тәй-тәйлап қадам басқан бір топ қыз-жігіт жастар газетінің редакциясына топ ете қалдық. Газеттің сол тұстағы бас редакторы Гүлнұр Ембердиева мен оның орынбасары Дәулет Төленді бастаған шығармашылық ұжым кіл жастардан құралған екен. Дегенмен журналистердің жастығына қарамай жоспарлаудан басталып, шолумен аяқталатын газет шығару ісіне әбден ысылғаны көрініп-ақ тұр.

Аптасына бір рет шығатын газет редакциясындағы тіршілік араның ұясындай қайнап жатады. Соның арасында Есет Досалы, Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Саятхан Сатылғанов секілді журналистер бізге тапсырма беріп те үлгереді. Жазғанымызды оқып шығып, күзеп-түзеуге де уақыт табады. Екі жұмаға созылған практика соңында «AR-AI»-ға жарияланған шағын ғана 2-3 ақпараттың авторы атанғанымызды медет тұттық. Бас редактор Гүлнұр Бақытқызы бастап, өзге журналистер қоштап «жазып тұрыңдар» деген сөз мерейімізді өсірді.

Дегенмен «AR-AI»-мен шығармашылық байланыс орнатуды белгісіз себептермен кейінге қалдыра бердік. Студенттік шақтың біріне-бірі ұқсамайтын күндері зулап өте шықты да, газет редакциясының есігін араға бір жыл салып қайта аштық. Бұл жолы да тағы сол тілшінің тынымсыз тіршілігін, ынтымағы жарасқан шығармашылық ұжымды көрдік. Сол тұста газет тілшілерінің қатарын Талғат Нұрханов, Мұратхан Әлімхан сияқты өзімізден бірер курс жоғары оқыған, аздап аралас-құраластығымыз бар азаматтардың толықтырғаны бізді тіптен қанаттандыра түсті. Сол қарқынмен бұл жолы ақпаратпен шектелмей әлеуметтік мәселе көтеріп, «AR-AI»-дағы алғашқы мақаламызды да жарияладық.

Содан бастап жастар газетімен тұрақты шығармашылық байланыс орнатып, баспа ісінің қыр-сырына бойлай бастағандаймыз. Соны сезгендей 2015 жылдың жазында «AR-AI» газетінде жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті.

Бір күдікті бір үміт жеңдіріп екі айға созылған сынақ мерзімінде қарым-қабілетімді танытып үлгеруге барымды салдым. Алғашқы редакциялық жиналыстың үстінде-ақ бұл ұжымда бой емес, ой жарысатынын түсіндім. Ой болғанда да қандай ой? Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейінгі әр түрлі санаттағы оқырманның көкейіндегісін дөп басатын идея керек. Ізденіс, ізденіс және ізденіс қағидасына сүйенген журналистика әліппесінен алғаш үйренгенім осы болды.

Обалы не керек, еткен еңбек, төккен тер текке кетпей 2015 жылдың қыркүйек айында «AR-AI»  газетінің тілшісі атандым. Бұл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орайластырған дүбірлі тойдың дүбірі жақындаған сәт еді. Облыс қана емес, тұтас республика көз тігіп отырған елдік тойы қарсаңында жастар газетінің тілшісі қызметіне кірісу жауапкершілік жүгін еселей түскендей. Әйтсе де Гүлнұр Ембердиева, Дәулет Төленді сынды басшылар мен Тұрсынбек Сұлтанбек, Саятхан Сатылғанов сияқты бөлім редакторларының қамқорлығы қанат бітірді.

Оған қоса жазам деген журналистке тақырып жетіп артылады. Жыл бойы ел көлемінде ұйымдастырылған ірілі-ұсақты шаралардың соңғы нүктесін қоятын тойға дайындық қарқынды жүріп жатты. Ал қазан айының алғашқы күндерінде тотыдай таранған Таразға тойдың алғашқы қонақтары ағылды. Ұлы Жібек жолының бойымен жаяу-жалпы тарихи шаһарды бетке алған керуенді күтіп алып, хандық тақырыбын індете зерттеген ғалымдардың айтарына құлақ түрудің сәті түсті. Жастар газетінің тілшісі ретінде облыс тарихында өзгеше өрнектелетін осы бір оқиғаның бел ортасында жүргенімді абырой санаймын.

Торқалы тойдың ізін ала «AR-AI» газетінің 10 жылдық мерекесін де өзімізше ұжым болып атап өттік. Университет пен редакция арасында жүріп, жастар газетінің өз деңгейінде шығуына азды-көпті үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Бастысы теория мен тәжірибені қатар ұштап, тақырып табудан бастап, оны бетке салуға дейінгі баспа ісінің қат-қабат шаруасын көзбен көріп, көңілге көп нәрсе түйгендеймін.

 

ЕКІНШІ ТЫНЫС

Жыл соңында белгілі себептерге байланысты «AR-AI» газетінен жұмыстан шығып қалғаныммен, шығармашылық ұжыммен байланысым бір сәтке де үзілген жоқ. Керісінше Тараз мемлекеттік университеті медиа қызметінің, «Университет тынысы» газетінің тілшісі атанып, «AR-AI» газетінің штаттан тыс меншікті тілшісіне айналдым деуге болады.

Осы бір шығармашылық байланыс 2017 жылы «AR-AI»-ға қайта оралуыма ықпал етті. Сол жылдың ақпан айында газеттің бас редакторлығын қолға алған Масат Әшімұлы жастар басылымына тың серпін ала келгенін естіп-біліп жүрдік. Бұл өзгерістер көктемнің алғашқы нөмірінен-ақ байқалды. Сондықтан «AR-AI»-ға шақырту түскенде ойланбастан келісім бердім. Мемлекеттік, қоғамдық қызметтердің талайын абыроймен атқарған Масат Әшімұлы шығармашылық өзгерістерден бөлек журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мықтап кірісіпті. Редакция қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, тоқсан сайын сыйақы берудің тетігін заңдастырды. Абырой-беделін алға салып жүріп, газеттің таралымын арттырды. Басшымыз бізден бар болғаны өнімді әрі нәтижелі жұмыс істеуді талап етті. Сол жылы өзіммен қатар «ар-айлық» атанған Жасұлан Сейілхан, Нұрым Сырғабаев, Нұржан Қадірәлі сияқты журналистермен сол талаптың үдесінен шығу үшін барымызды салып еңбек етуге кірістік.

«AR-AI»-ға екінші қайта оралуым да ел өміріндегі аса маңызды оқиғамен тұспа-тұс келді. Бұл жолы бас редактордың орынбасары Тұрсынбек Сұлтанбек, фототілші Алтынбек Қартабаймен бірге Астана қаласына сапар шегіп, халықаралық «ЭКСПО» көрмесінің ашылу салтанатына куә болдым. Кейіннен «AR-AI»-дың тілшісі ретінде Астана, Алматы қалаларынан бастап, облыстағы барлық дерлік елді мекенді аралап шықтым. Жұмыс күнін редакциядан бастап, түсте облыстың бір қиырынан бір-ақ шығатын журналистік сапарлар тәжірибемді шыңдай түсті. Әсіресе газет баспаға жіберілетін күнгі іссапардан жедел ақпарат беру үшін күй талғамай жұмыс істеу, оның арасында ұсынып отырған фактілердің дұрыс-бұрыстығын қайта бір тексеру дегеннің бәрі әр іске жауапкершілікпен қарауға үйретті.

«AR-AI»-дан алған осынау құнды дәрістер қай қызметте болмасын кәдемізге жарап келеді. Сондықтан мен «AR-AI»-ды жай ғана газет редакциясы емес, жас журналистердің шығармашылық «ұстаханасы» деп білемін. Еңбек жолын осы ұжымнан бастаған қыз-жігіттердің көбі бүгінде сан түрлі салада жемісті еңбек жүр.

Одан соң «AR-AI» бір мақсат, ортақ мүдде біріктірген жандардан құралған ынтымағы жарасқан ұжым. Осы газет редакциясында қызмет еткен 4 жылға жуық уақыт ішінде мұндағы аға-әпкелермен тонның ішкі бауындай араластық. Бұл байланысымыз бүгінге дейін үзілген емес. Қазір «AR-AI»- дың құт қонған қара шаңырағындағы әріптестер алғаш нөмірінен бастап оқырман жүрегіне жол тапқан басылымның беделін биік ету жолында нәтижелі қызмет етіп жүр.

Оқырман назарын желідегі толассыз ақпарат ағыны жаулаған сәтте газетті жоғары талғамға сай етіп шығару оңай емес. Әсіресе 4-5 жыл бұрынғы ғаламдық пандемиядан кейін экономиканың басқа салаларымен бірге баспа ісі де ауыр соққы алды. Онлайн ұғымы өмірімізге дендеп енгелі таңертең бояу иісі аңқыған газетпен ұйқы ашу сәннен қалып бара жатқандай. Бірақ уақыттың өзі күмәнді ақпаратты жерден жеті қоян тапқандай жарыса тарататын сайттарға, жеке парақшаларға қарағанда газет сөзінің өміршең екендігін көрсетіп отыр.

Оған 20 жыл бойы Жамбыл жұртшылығын ақпарат нәрімен қуаттандырып, рухани азық сыйлап жүрген «AR-AI» газетінің шығармашылық дәурені мысал бола алады. Жиырма деген жасыңыз, түсіне білгенге, жігіттің жасампаз істерді қолға алатын шағы. Арғы тарихты айтпағанда, бір ғасыр бұрын Алаш қайраткерлерінің көбі дәл осы 20 жасында ұлт мұраты жолында басын бәйгеге тікті. Сол асылдар салған сара жолда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болу миссиясын мүлтіксіз атқарып келе жатқан «AR-AI»-дың, менің «AR-AI»-ымның, айтары, оқырманға берері таусылмасын!

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Президенті
Баспасөз қызметінің сарапшысы