Артылған сенімді ақтауға тырысамын
2021 жылдың тамыз айы. Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, қала әбігерге түсіп жатқан кез.
Менің «AR-AI»-дағы еңбек жолым дәл сол ауыр кезеңде басталды. Газетке жұмыстан жаңа қабылданып, алғашқы күнімнен-ақ қарбаласқа түстім. Ол кезде басылымның бас редакторы Біржан Сөктай ағамыз еді. Маған артылған міндет – газетіміздің әлеуметтік желілердегі парақшаларын жүргізу болатын.
Сол сәттен бастап күні-түні «Facebook» пен «Instagram» парақшаларын ақпаратпен толтырып, Байзақтағы ахуалды жұртшылыққа жеткізіп отырдық. Қаза тапқан батырлардың ерлігін жаздық, халықтың мұңын бөлістік. Аптаның қай күні екеніне қарамастан, 3-4 күн бойы үздіксіз жұмыс істегеніміз әлі есімде. Ол кезде менімен бірге жұмысқа қатар қабылданған студент Аяулым Жаманқара сайт жұмысына жауапты еді. Екеуміз иық тірестіріп жүріп журналистиканың ыстық-суығына төселіп кеттік.
Жаңа жылды жаңа ұжыммен қарсы алғанымызға көп өтпей, елімізді тағы бір сын – «Қаңтар оқиғасы» күтіп тұрды. Әлеуметтік желілер уақытша бұғатталған күндерде де тәжірибелі әріптестеріміз газетті тоқтатпай, ел ішіндегі ең соңғы жаңалықтарды жеткізіп отырды. Біз де қолымыздан келгенше ақпарат таратып, халықпен бірге қиындықты еңсердік.
Артылған сенімнің арқасында көп ұзамай штатқа толыққанды тілші болып қабылдандым. Содан бері де көзді ашып-жұмғанша төрт жылдан аса уақыт өтіпті. Қазір бас редактор – Тұрсынбек Сұлтанбек ағамыз.
Қанатымды қатайтқан «AR-AI» газеті биыл 20 жылдық белесіне қадам басты. Осы басылым арқылы мен өмірдің талай сынағына төтеп беруді, ақпаратты дер кезінде жеткізуді, шындықты халықпен бөлісуді үйрендім.
Осы бір қарапайым ұжым – мен үшін үлкен мектеп, ал әріптестерім – екінші отбасым. Жылдар бойғы абыройлы еңбегімен оқырман жүрегінен орын алған ардақты газетіміздің мерейі әрдайым үстем болсын!
Әрдайым биікте самғай бер, «AR-AI»!
Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
облыстық «AR-AI» жастар газетінің тілшісі