Әлеумет

Ұжымды қимай үш күн жыладым

Өмірде адамның жүрегінде өшпестей із қалдыратын сәттер болады. Солардың бірі – менің «AR-AI» газетіне келген күнім. 2023 жылдың 14 тамызында бұйрықпен қабылданып, редакция ұжымының бір бөлшегіне айналдым. Бұл – арманымның орындалған сәті еді.

Әрине, оған дейін де өмірдің талай жолынан өттім. Әуелде Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінде тағылымдамадан өтіп, алғашқы тәжірибемді жинадым. Сол кезең мен үшін үлкен мектеп болды. Кейін басқа да салада еңбек еттім. Дүкенде сатушы, сауда бөлімінде менеджер, әскери комиссаритта инспектор болып, әртүрлі қызметтің дәмін таттым. Бірақ жүрегімнің түбінде әрқашан газетке деген махаббатым өлмей, қайта жанымды жетелеп отырды. Ақыры армандаған ортам – «AR-AI»-ға келдім.

Өмір жолында адамның есінде мәңгі сақталатын, жүрегін жылытатын сәттер болады. Мен үшін сондай қымбат шақтың бірі – журналистика әлеміне алғашқы қадам жасаған кезім шығар. Өзімнің арманым жетелеп барған баспасөз ордасына сол уақыттағы «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры, білікті қаламгер, абыройлы азамат Оралхан Дәуіттің қабылдауы мен үшін үлкен мәртебе болды. Ол кісінің артық сөзсіз, сеніммен жұмысқа қабылдауы – менің өмірімдегі ең маңызды бетбұрыстардың бірі еді. Бұл сенім маған жауапкершілік жүктеп қана қоймай, шығармашылыққа деген құштарлығымды да арттырды.

Тағдырдың сәтті тоғысуымен, «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Темірланұлы Сұлтанбектей білікті, білімді, ісінің нағыз майталманы, адамгершілігі мол азаматпен жұмыс істеу бақыты да бұйырды. Ол кісінің қарапайымдылығы мен талапшылдығы бізге әрқашан жігер беріп отырады.

Алғаш келгенде ұжымдағы қыздардың ұйымшылдығы, бір-біріне деген мейірімі мен жылуы ерекше әсер етті. Мені де сол ынтымақпен, шын ықыласпен қабылдады. Сондықтан жаңа ортаға тез сіңіп кеттім. Бұл – үлкен бақыт.

Қазір «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлының қолдауымен де бүгінде түрлі жетістіктерге жетіп отырмыз. Әсіресе, ұжымдағы әріптестердің сыйластығы, бірлігі көпке үлгі екендігі сөзсіз.

Есте қалған бір ерекше сәт – медиа-холдинг басшылығы цифрлық контент орталығын құрып, сайттың жұмысын жандардыратын маман керек болған тұста мені басқа жаққа ауыстыру туралы ұсыныс түсті. Сол кезде жүрегім қимай, «AR-AI»-дан кеткім келмеді. Себебі ол кезде дизайнер Ғани Сүгірәлиев екеуміз едік. «Ғани өзі жұмыс істей берер, сіз сол жаққа ауысыңыз» дегенде үш күн жылағанымды қазір күліп еске аламыз. Сол сәтте Алла өзі жар болып, мен өз орнымда қалдым. Бұл оқиға мен үшін өмір бойы ұмытылмас бір қызық естелік болып қалды.

«AR-AI» газеті – менің жүрегімнің бір бөлшегі. Әр саны бір оқырманға көбейгенде, біз де қуанышқа кенелеміз. Бұл – тек жұмыс емес, жан дүниемді жылытатын, арманыма қанат бітірген орта.

Басылымның 20 жылдық мерейтойымен барша әріптестерімді құттықтаймын! Газетіміздің абыройы асқақтап, оқырманы артып, шығармашылық табысы еселене берсін! Өзім де сол үлкен істің кішкентай бір кірпіші болып қала берсем деймін.

Гүлназира БЕКТҰРСЫНОВА,

облыстық «AR-AI» жастар газетінің дизайнері