Әлеумет

Өмірімдегі ең аяулы сәт

2017 жылы жолдасымның қызмет бабымен Алматыдан Таразға көшіп келгеннен кейін мамандығым бойынша жұмыс іздей бастадым.

Әлі есімде, қазіргі редакторымыз, сол кезде редактордың орынбасары болған Тұрсынбек Сұлтанбекке түйіндемемді алып кірдім. Корректордың орны босап жатқанын айтып, бас редактор Масат Берік ағаға әңгімелесуге (собесодавание) кіргізді. Еркін сөйлесіп отырмыз, бір кезде түйіндемеме көзі түскен басшы: «Сыр жастары әнұранының авторымын депсің, айтып берші, тыңдайық», – демесі бар ма?!

Қарсы алдымда редактор мен орынбасары отыр. Шырқата жөнелдім. Әнұран дегеннің өзі рухты, дауысыңды көтере айтатын ән ғой, қалай болғанын елестетіп көріңіздер...

Сөйтіп, ертеңіне жұмысқа қабылдандым. Осы кезде «Қалай ұялмай айтқанмын?» деп ойлаймын. Сірә, журналистиканы сүйгендігім шығар, басқа өңірде өзімді көрсетудің жолы деп түсіндім бе, әйтеуір, жүрегімнен шыққан жалынды әнімді шырқай отырып «AR-AI» жастар газетінің қайнаған қазанына топ ете түскенмін. Бұл – менің өмірімдегі ең аяулы, ең таңдаулы сәт!

Ғалия САДЫҚОВА,

облыстық «AR-AI» жастар

газетінің корректоры