Әріптестерімнің қуанышы – менің қуанышым
Жастар басылымы «AR-AI» биыл 20 жасқа келді. Жиырма деген үлкен өмірге қадам басқан, жалындап тұрған жас қой!
2005 жылы басылымның алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов жан-жақтан талатты жастарды газетке шақырды, жұмылдырды. Ол кезде мен 3-курс студентімін әрі «Аймақ+» республикалық басылымында журналистпін. «AR-AI»-ға мақала әкеліп тұратынмын. Әр санында мақаламыз шыққан сайын ерекше қуанатынбыз. Не дегенмен жастар газеті ғой. Осылайша «AR-AI»-мен бірге біз де бойжеттік, есейдік.
Бас редактор Болат ағамыз өте тамаша жан болатын. Жастарды жиып, басын қосып, оларды бір шаңырақтың астына біріктірді. Сол мықты талантты жастар бүгінде бас редактор, аға тілші, кейбірі республикалық басылымдардың қызметкері.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Бүгінде аға толқынның алды мәңгілік өмірге аттанған. Одан кейінгі толқын бүгінде орта жаста. Сол кездегі желкілдеген жастар біз болсақ бүгінде 40-тан астық.
Таразда осындай үлкен шығармашыл орта болғанына бек қуанамыз. Жастардың үнін, идеясын жеткізетін бұл басылым өңірімізге ауадай қажет. Ауызбіршілігі зор ұжымға шығармашылық табыс тілеймін.
«AR-AI» газеті ең жақын, адал, шығармашыл адамдар жұмыс істейтін орта. Алланың қалауымен мен 2022 жылы осы басылымға жұмысқа тұрдым. Оған дейін телеарнада, қалалық газетте жұмыс істеген маған бұл ұжым құшағын айқара ашты. Үйренерім көп болды. Ұжымның әрбір мүшесі бүгінде бауырымдай. Олар және басылым жетістікке жетсе, ұжымдастардың қайсысы биікке көтерілсе іштей қуанамын. Әріптестерімнің қуанышы – менің қуанышым!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА,
облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі