Әлеумет

Жас ұжымның жалыны

Газет ұлтты тәрбиелейді. Жамбыл облыстық «АR-АI» газеті сарабдал саясаты, ұтқыр ұстанымымен жастарды тәрбиелеп отыр. Сол жас ұжым мерейлі белесіне қадам басып, жиырма жылдықтың ауылына ат байлап жатыр екен. Жамбылдық әріптестеріміздің бұл белесіне Арқа өңірі, ордалы «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы шын жүректен қуанышты.

Рас, жас толқынның аяқ-алысын аңдап, бағытына баға беру аға буынға жүктелген міндет. Жастардың жанашырындай болған газет ұжымының осы орайда атқарып жатқан жұмысы ойлана білгенге оңай шаруа емес. Замана көшінен қалмай, жас буынмен бірге жасасып, үнін жеткізіп, үмітін үрлеп отырған редакцияның әр бастамасына сәттілік, табыс тілейміз.

Қадірлі ұжым, газет тасқа басылған тарих. Соңдарыңыздан өшпес із, ізгілікті өнеге қалыптастырып отырған әр қызметкердің қаламына қуат тілейміз! Қасымның елінің Жамбылдың жұртына жолдар мерейлі сәлемі – осындай! Ынтымақ артсын, жас әрі жалынды ұжым!

Ерсін МҰСАБЕКОВ,

Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты