Әлеумет

Заңғарлардың жалғасы, заманыңның жол басы бола біліңдер

Өткен ғасырларда қазақты оятып, ар-намыс мектебіне айналған «Дала уалиаты» газетіне редакторлық еткенде Дінмұхамед Сұлтанғазин жиырма бір жаста, «Кедей» газетіне басшылық жасаған Жанұзақ Жәнібеков он тоғыз жаста, «Жаңа өріс» газетінің редакторы болған Сұлтанбек Қожанов жиырма алты жаста екен.

Бүгінгі жастар газетінің редакторлары мен шығарушы құрамы – сол арыстардың заңды жалғасы, өркениет заманының білімді өкілдері.

Жамбыл облыстық «АR-АI» жастар газетін 20 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, басылым қызметкерлеріне жоғарыда аталған Алаш арыстарының абыройын, асқақ беделін тілеймін.

«Жас ұрпақтың арын асқақтатып, аппақ Айдай таза болуына ықпал етсін» деген ниеттеріңізге жетіңіздер. «АR-АI» жүзмыңдаған жастардың діл дәрісханасына айналсын.

Жастар газетінің елдік саясатты қолдап, қоғамның жегі дерттерін сынап, аға басылымдарға атқосшы болу мақсатын орындап келе жатқанын жұртшылық жақсы біледі. Бұл өте орынды ұстаным.

2013 жылдан бастап аптасына бір мәрте он екі бет болып  жарық көріп келе жатқан бес мың оқырманы бар Қызылорда облыстық «Ақмешіт жастары» газеті – республикадағы алғашқы жастар газетінің бірі.

«Ақмешіт жастары» газеті сіздермен әрқашан әріптестік байланысқа әзір. Үнге үн қосып, тәуелсіз еліміздің бірегей мүдделеріне тірек болмасақ та, тиек болайық деген асыл ойларыңыз бір арнада тоғысып жатса, нұр үстіне нұр.

Жиырма жасқа толып отырған «АR-АI»-ға алдағы уақытта жақсылықпен астасып, уақытпен жасасып, жүз жасқа жетіңіздер демекпін. Қазыналарыңыз ортаймасын, қаламгерлеріңіз қартаймасын!

Қуат ШАРАБАДИНОВ,

Қызылорда облыстық «Сыр бойы»

газетінің бас редакторы,

Қазақстан Журналистер одағы

Қызылорда облыстық филиалының төрағасы,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері