Басылым бастапқы бағытынан айнымайды
Жамбыл облыстық «АR-AI» жастар газеті ақпарат айдынына ақ желкенін керіп, асқақ рухпен келді. Назым Хикметтің «Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?!» деп өрілетін өлең жолдарын ұран еткен басылымның 2005 жылдың 13 қазанында жарық көрген алғашқы нөмірі ә дегеннен ерекше дизайнымен, жанр алуандығымен, бай мазмұнымен, ең бастысы ресми реңктен ада еркін стилімен ерекшеленді.
Әлі есімде, 2004 жылы «Мемлекеттік жастар туралы» заң қабылданып, жер-жерде жастар орталықтары мен қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. Бұл тоқсаныншы жылдардағы терең тоқыраудан енді ғана еңсе тіктеп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жіті көңіл бөліне бастаған кезең еді. Сол уақытта облыстық ішкі саясат департаментінің басшысы қызметін атқарған Масат Берік сынды идеология саласына жауапты тұлғалардың мекеме-кәсіпорын құрумен шектелмей, республика бойынша алғаш рет жастар газетін шығаруды қолға алуы тың бастама әрі айтулы оқиға болды.
Құрметті жастар, қадірлі оқырман!
Қолдарыңызға бүгін бірінші саны тиіп отырған облыс жастарының үні «Ар-Ай» газеті осындай игі мұраттарға, асқақ армандарға қызмет етсе екен. Өзінің аты айтып тұрғандай жас ұрпақтың Арын биік ұстауына, әппақ Айдай таза болуына, әппақ Айдай айналасына арайын төгіп, шұғыласын шашып тұруына ықпал етсе екен деймін.
Газетке ғибратты ғұмыр, алғашқы санына атсалысқан жас ұжымына шығармашылық табыс тілеймін», – деп ізгі лебізін жолдады.
Ал басылымның алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов оқырманға арнау сөзінде: «Әр басылымның өзіндік кескін-келбесі мен ұстанымы болатыны белгілі. Газетіміздің болмысынан жастық жалын, өткірлік, ақиқатшылдық, тіпті жастық албырттық мінез де көрініс тауып жатса, ол жеңіліс емес жеңіс деп бағалар едік. Шығыс жұртына ортақ Назым Хикметтің жалынды жыр жолдарын түйіндеп: «Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ» деген тұжырымды басты сөз етіп алдық.
Жалындайтын да, жанатын да кезіміз келді. Кез келген өзіндік ойы бар, айтары бар жастар үшін «Ар-Ай» – ашық мінбер. Өнер өлкесіне, ғылым айдынына бет түзеп, желкен көтерген жастың өзін-өзі танытатын, өзі арқылы өрелі елін танытатын сәті де осы. Тағы да айтамыз, газет бұхаралық халықтікі. Біз қашанда сіздермен біргеміз. Алғыр ой, асыл сөздеріңізді күтеміз, әрбір газет оқырманы, әрбір газет иесі – жас талап!» деп басылымның бағыт-бағдарын айқындап көрсетті. Осындай шынайы қолдау шығармашыл жастардың шабытын шарықтатты. Қиялына қанат бітірді. Сенімділік пен серпіліс сыйлады.
Расында да «AR-AI» газетінің қалыптасып дамуы жолында Болат Үмбетәліұлының сіңірген еңбегі өте зор. Жұмысты 0-ден бастап ұйымдастырудың машақатының аз болмайтыны айтпаса да түсінікті. Болат Бекжанов басылымның бас редакторы ретінде шығармашылық құрамды жасақтап, талантты жастарды қызметке қабылдады. Жас ақындардың жарқырап көрінуіне жағдай жасады. Сол уақытта Сарысу аудандық «Сарысу» газетінде еңбек етіп жүрген мен де редакциямен тығыз байланыс орнатып, өз жазбаларымды жолдадым. Ол дүниелерім жастар басылымының алғашқы нөмірлерінде жарық көріп жатты. Көп ұзамай Болат ағамыз мені де жұмысқа шақырды. Дегенмен ол уақытта осы ортадан табылудың орайы келмеді.
Жарық көре бастағанына 20 жыл болған жастар басылымына бірнеше бас редактор басшылық етті. Алғашқы бас редактор Болат Бекжановтан кейін 2011-2012 жылдары Оралхан Дәуіт, 2012-2017 жылдары Гүлнұр Ембердиева, 2017-2018 жылдары Масат Берік, 2018-2021 жылдары Дәулет Төленді, 2021-2022 жылдары Біржан Сөктай редакция тізгінін ұстады. Журналистика саласында өзіндік орны бар осы аталған тұлғалардың бәрі де «AR-AI»-дың көшін алға бастап, аянбай еңбек етті. Оқырманға олжа боларлық ойлы дүние ұсынуға күш салды.
Екі онжылдықтың бедерінде жастар басылымы талай таланттың тұсауын кесіп, шығармашылығын шыңдаған шеберханаға айналды. Бүгінде есімдері елге белгілі қаламгерлердің де редакцияда қызмет атқарғанын мақтанышпен айтамыз. Олардың қатарында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Азамат Есалы, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, ақын Хамит Есаман, белгілі блогер Өркен Кенжебектің орны бөлек. Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары Нұржан Қадірәлі, осы басылымның жауапты хатшысы Эльмира Байназарова, аға тілшілер Есет Досалы, Марат Құлибаев, Қамар Қарасаева «AR-AI»-дың мақтаныштары.
ҚР Президенті Әкімшілігі баспасөз қызметінің сарапшысы Шынболат Күзекбаев, ел газеті-«Егеменде» еңбек етіп жүрген әріптестеріміз Жасұлан Сейілхан, Табиғат Абаилдаев, республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибеков, «Orda Life» Youtube-арнасының жетекшісі Серік Жолдасбай, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, осы басылым бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан, республикалық «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Шапағат Әбдір, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС цифрлық контент орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Рахымбай, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бөлім басшысы Фариза Кенжебаева, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы баспасөз қызметінің жетекшісі Шынболат Сейдуалиев, мемлекеттік қызметшілер Ерболат Пәрмеш, Болатжан Ахтанберді, Қордай аудандық мәдениет үйінің директоры Елдар Боранбек, тағы да басқа көптеген әріптестеріміз редакцияның жұмысын жандандыруға сүбелі үлесін қосты. Жалпы, 20 жыл ішінде жастар басылымында 100-ден астам адам еңбек етіпті. Ұжымның тарихында әрбір әріптесіміздің өзіндік қолтаңбасы бар.
Өмір қашанда өзгерістен тұрады. 2022 жылы облыстық «Aq jol» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүргенімде «AR-AI»-ға бас редактор болу туралы ұсыныс түсті. Бұған дейін, дәлірек айтқанда 2015-2020 жылдар аралығында жастар басылымында үш бөлімге жетекшілік етіп, үш жылдан аса бас редактордың орынбасары болғаным бар. Сондықтан бұл ұжым маған бөтен емес. Содан «Нар тәуекел!» деп іске кірістік.
Жастар басылымы қызықты әрі мазмұнды болу үшін бірінші беттен бастап еркін тақырыптарға орын бердік. Осы газеттің жарық көрген алғашқы күнінен бері еңбек етіп келе жатқан фототілші Алтынбек Қартабайдың архиві өте бай. Таспаға түскен суреттер тасада қалып қоймасын деп «Өмір-өлең» айдарын аштық. Мұнда әртүрлі суреттерге сай қазақ ақындарының сол тақырыпта жазған өлеңдерін бірге жариялап отырдық. Сонымен қатар жастар шығармашылығын қолдап, жаңа есімдердің танылуына жол аштық. Өзекті мәселелерді көтерген өткір мақалалар да өз ретімен жарық көруде.
Басылым бетінде «Біз де студент болғанбыз», «Мамандығымызды өзгертеміз», «Білгім келген бір сұрақ», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Менің анам», «Өнеге өрнектері», «Дала дәптері», «Ойтамызық» айдарлары тұрақты жариялануда. Сонымен қатар «Шамшырақ», «Диагноз», «Айна», «Жалын», «Жанартау», «Парасат-пайым», «Тіршілік», «Талбесік», «Көңілашар», «Зерде», «Топжарған», тағы да басқа арнаулы беттер бойынша мазмұнды мақалалар топтамасы ұсынылуда. Сондай-ақ жедел ақпарат тарату мақсатында газеттің сайты қайта жасалып, техникалық тұрғыдан нығайды. Редакцияның әлеуметтік желілердегі парақшалары да сәт сайын жаңартылып тұрады.
Мемлекеттік тапсырыс көлемінің өсуіне байланысты жастар басылымы 2023 жылдан аптасына екі рет, 12 бет болып шыға бастады. Бастапқыда бұл шешім «AR-AI» газеті үшін оңай соққан жоқ. Өйткені апталық басылымның өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда ресми ақпараттан гөрі тарихи-танымдық дүниелерге, сырлы сұхбаттарға, тағы да басқа қызықты тақырыптарға басымдық беріледі. Ал ондай материалдарды дайындау үшін уақыт керек. Әйтсе де ынтымағы жарасқан ұжым бұл өзгеріске де бірден бейімделді. Еңбек өнімділігінің екі есе артуы бізді одан бетер ширатты.
Осындай жұмыстарды жүзеге асыру барысында редакция қызметкерлері кәсіби біліктілік пен шығармашылық ізденісті ұштастыра білуде. Бұл тұрғыда бас редактордың орынбасары Талғат Нұрханов пен жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева ұжымға ұйытқы болып, ұйымдастырушылық қабілеттерін танытуда. Аға тілшілер Нұрым Сырғабаев, Айжан Өзбекова, тілшілер Құралай Сейсенбекқызы, Ақтоты Жаңабай, Мұқағали Балтабай, Асан Тілемісов, Сымбат Қуаныш түрлі тақырыптарға қалам тербеп жүр. Ал бас дизайнер Ғани Сүгірәлиев, дизайнер-беттеуші Гүлназира Бектұрсынова газеттің кескін-келбетінің көзтартықтай көркем болып шығуына көңіл бөледі. Фототілші Алтынбек Қартабай да өз ісінің хас шебері. Ал қырағы корректор Ғалия Садықова газет бетінде қате кетпеуін қадағалайды. Arainfo.kz сайтының контент-редакторы Еңлік Әбдірәсіловаға жүктелген жауапкершілік те жеңіл емес.
Бір сөзбен айтқанда, ақпарат аламанына атой салып келген «AR-AI» газеті арада қанша уақыт өтсе де алғашқы бағытынан айныған жоқ. Қайта уақыт талабы мен оқырман сұранысын ескере отырып, тың тақырыптарды қамтып келеді.
Уақыт уыста тұрмайды. «Жамбыл облысында жастар газеті ашылды» деп бөркімізді аспанға ата қуанғанымыз күні кеше сияқты еді. Содан бері зымырап 20 жыл өте шығыпты. Адам өміріне қатыстыра айтсақ, 20 жас – ат жалын тартып мінген азаматтың жасы. «AR-AI» да бастапқы кезеңінен бүгінге дейін біраз белесті бағындырды. Осы уақыт аралығында басылым облыс басшыларының, құрылтайшылардың, серіктестердің, тұрақты авторлардың, оқырманның, барша газет жанашырларының қолдауын айқын сезініп келеді. Ол үшін айтар алғысымыз шексіз.
Лайым, жастар газетінің ғұмыры ұзақ, алар асуы көп болсын деп тілеймін.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕК,
облыстық «AR-AI»
жастар газетінің бас редакторы