Қай кезде де құрметпен қараймыз
«AR-AI» газетінің ең алғашқы саны қолыма тиген күн әлі есімде. Бұл – 2005 жылдың қазан айы болатын. Сол уақытта облыстық мәслихаттың депутаты болатынмын әрі тексеру комиссиясының төрағасы қызметін қоса атқарып жүрдім. Содан бері басылымға әр жыл сайын жазылып, тұрақты оқрманы болып келемін.
20 жыл ішінде «AR-AI» заман ағымына сай дамып, қоғаммен бірге өсіп-өркендеді. Алғашқы сәттен-ақ газет жастардың айтар ойын оқырманға ашық жеткізді, талай дарынды жастарды өңірге танытты. Бүгінде басылым өңір руханиятының дамуына, қоғамдық пікірдің қалыптасуына аянбай атсалысып келеді. Мұны ұжымның табанды еңбегінің, ізденісінің, шынайы жанашырлығының жемісі деп білемін.
Жиырма жыл ішінде газет менің де өмірімнің бір бөлшегіне айналды десем артық емес. Әр кезеңде мен туралы материалдар, сұхбаттарым, өзім жазған түрлі мақалалар да жарық көріп отырды.
Негізінде аға буын өкілдер «AR-AI» газеті мен оның ұжымына әрқашан құрметпен қарайды. Себебі бұл басылым жастардың сөзін сөйлеп, қоғамдағы шынайы оқиғаны дәл бере алған газет. Қазірдің өзінде газет ұжымы сүйекті материалдар жариялап, өңірдің жетістіктерін, ел ішіндегі жақсы жаңалықтарды кеңінен насихаттауда. Жастарды еңбексүйгіштікке, ізденіске, елжандылыққа баулудағы еңбектеріңіз ерекше.
Қаламдарыңыз ұштала берсін, жастардың, жалпы оқырманның ойынан шығар дүниелеріңіз көп болсын. «AR-AI» алдағы уақытта да қоғамдағы өз орнын сақтап, жаңа биіктерді бағындыратынына сенімдімін.
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы