Ақпарат айдынына жаңа леп әкелді
Жиырма жыл дегеніміз тарихи уақыт өлшемімен алып қарағанда аз да, көп те емес. Ғылым мен технология ғарыштық жылдамдықпен алға басқан ғасырда 20 жыл – түрленіп-түлеп, дамып-қалыптасып үлгеретін кезең. Әулиета өңірі жастарының шығармашылық шеберханасына айналған облыстық «AR-AI» жастар газеті бұл белесті дәл осылай еңсеріп отыр.
Аймақтағы талантты, талапты жастардың шоғырын жинап, ақпарат айдынына жаңа леп әкелуді мақсат тұтқан «AR-AI» газеті жиырма жылда осы үдеден шыға алды. Өз оқырмандарын тапты. Көптің көңілінен шықты.
Мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстап, ел деп еңбек ете жүріп еш уақытта газет-журналдардан қол үзбедім. Ел газеті –«Egemen Qazaqstan»-нан бастап, облыстық барлық басылымды шолып өтіп, назар аудартқан мақала, сұхбаттарды, сараптамаларды оқып шығуды әдетке айналдырдым.
Жалпы, халық пен биліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтау, бақылау және ескерту, еске салу, түптеп келгенде «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жағынан келгенде, БАҚ пен мәслихаттың көтеретін жауапкершілік жүгі бірдей. Екеуі де – халықтың өкілі. Бұқараның аманатын арқалаушы.
Халықтың рухани сұранысын өтеп қана қоймай, әлеуметтің әлеуметтік мәселелерін зерделеп, тілегін жеткізіп жүрген «AR-AI» газетінің ұжымын 20 жылдық белесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ақпарат айдынында көтерген желкендеріңіз жығылмай, әлі талай жиырма жылдарды еңсере беріңіздер!
Абдалы НҰРАЛИЕВ,
облыстық мәслихаттың төрағасы