Руханият

23 сарбаз Мемлекеттік күзет қызметіне аттанды

Ел мен жерді қорғау – ердің еңсесін тіктеп, абыройын арттыратын ұлы міндеттің бірі. Қазақ елінің иен далаға иелік етіп, бүгінгідей бейбіт заманда күн кешуінің артында ата-бабамыздың ел мен жерді қорғау жолында төккен тері, тыныштығымызды күзеткен бүгінгі сарбаздардың қырағылығы жатыр. Сондықтан да әрбір дені сау азамат үшін Отан алдындағы борышын өтеу, ел мен жердің тыныштығының сақталуына үлес қосу – бұлжымас парыз.

Өткен аптаның соңында Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өңірдегі 70-ке жуық өренді әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтті. Олардың бірқатары Отан қорғау үшін Мемлекеттік күзет қызметіне, тағы бірі десанттық-шабуылдау әскери бөліміне аттанды. Нақты айтқанда, 23 сарбаз Астана қаласындағы 0112 әскери бөлімінде, 45-і Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтейтін болады.

Салтанатты жиында алдымен LED экраннан Мемлекеттік күзет қызметінің мақсаттары мен міндеттері жайлы бейнеролик көрсетілді.

Іс-шара барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев сөз алып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін сөз алған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы, полковник Нұрбол Зейнелов Мемлекеттік күзет қызметі мен десанттық-шабуылдау бөліміне облыстағы ең лайықты деген жастар таңдалып алынғанын сөз етті.

Негізінде Мемлекеттік күзет қызметіне де, десанттық-шабуылдау бөліміне де кез келген адам алына бермейтіні белгілі. Өйткені, оның ішінде Мемлекеттік күзет қызметіне алынған әрбір сарбаз Президентіміз секілді еліміздің ең жоғары лауазымды тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады. Сол себепті бұл қызметке тек жасы он сегізге толған, бойы жүз сексен сантиметрден жоғары, денсаулығы мықты, тәртібі мен төзімі сай азаматтар ғана қабылданады. Ол үшін талапкер арнайы іріктеуден сүрінбей өтуі қажет. Азаматтық борышын өтеп болған сарбаздың келісімшарт негізінде әрі қарай да міндетін аталған қызметте жалғастыруына мүмкіндігі зор.

Осы орайда біз әскери міндетін Мемлекеттік күзет қызметінде өтеуге кетіп бара жатқан Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тумасы Аят Ілесқалымен тілдестік. 19 жастағы өрен әскерге баруы үшін үнемі дайындық үстінде болғанын айтады. Жаздың алғашқы айынан бастап әскер қатарына өз еркімен барудың қамына да кіріскен екен. Күн сайын денешынықтыру жаттығуымен тұрақты айналысып, физикалық және психологиялық тұрғыдан өзін шыңдаумен болған.

Жастарды әскер қатарына шығарып салу рәсіміне әскери сала өкілдері мен ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары да қатысып, ақжарма тілектерін арнап, оларға сенім білдірді.

Н.БОЛАТҰЛЫ