Басылыммен тығыз байланыстамын
Егемен еліміздің өсіп-өркендеуінде бұқаралық ақпарат құралдарының атқарып отырған қызметі орасан. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқандай, мерзімді басылымдардың мән маңызы қашанда бөлек. Осы орайда Жамбыл облысында жарық көретін «AR-AI» жастар газеті де жиырма жылдан бері оқырманның рухани сырласы, ақылшы досы болып келеді.
Басылымның алғашқы нөмірінің оқырманға жол тартқаны күні кеше сияқты еді. Міне, арада ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Сол кезден бастап күні бүгінге дейін 1226 нөмір дайындалып, басылған. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе газеттің әрбір нөмірінің артында шығармашылық ұжым мен техникалық құрамның күн-түн демей атқарған қажырлы еңбегі жатыр.
Айта кету керек, басылым бетінде қайтылмайтын бағыт кемде-кем. Өзім денсаулық сақтау саласында қызмет еткендіктен осы тақырыптардағы мақалаларды бірінші кезекте іздейтіндігім жасырын емес. Тұрақты түрде жарияланатын «Диагноз» бетінен әріптестеріміздің адал қызметі, пайдалы кеңестер, тұрғындардың дәрігерлерге деген шынайы алғысы туралы оқығанда көп ой түйетініміз бар. Сонымен қатар маңызды мәселелер де аз жалылған жоқ. Бірнеше рет өзім де сұхбат беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен бөліскен болатынмын. Сондай-ақ «Менің анам» айдары аясында анам туралы толғанысым да жарық көрді. Бір сөзбен айтқанда, мен жастар басылымымен тығыз байланыстамын. Тілшілер қауымы жазғалы отырған өзекті мәселесіне қатысты пікір сұрағанда уақыт тауып үн қатуға тырысамын.
«AR-AI» жастар газетінің 20 жылдық белесі құтты болсын! Басылымның биік белестерді бағындырып, оқырманның алғысына кенеле беруіне тілектеспін!
Гүлдара Нұрымова,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты