Жамбыл облысында ірі тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданындағы «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу саласына инвестиция тарту және ірі, орта, шағын инвесторлармен өзара тығыз байланыс орнату жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға негізделген.
Аталған бастаманы отандық инвестор жүзеге асыруда. Кәсіпорында жылына 500 мың тонна кен өндіру жоспарланып отыр. Жалпы инвестиция көлемі – 47 млрд теңге.
Биыл 10 млрд теңге көлеміндегі қаржы есебінен қызметкерлерге арналған жатақхана мен зауыттың құрылысы басталады деп күтілуде. Қазіргі таңда геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылысқа 100-ден астам адам тартылады. Комбинат толық іске қосылғаннан кейін 400-ден 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан 1 101 гектар жер телімі бөлініп, уақытша 44 шақырым электр желісі тартылды.
«Шоқпар-Гагаринское» ЖШС директоры Семён Хан өндіріс ошағында кез келген полиметалл кенін өңдеуге қабілетті бірегей технология қолданылатынын атап өтті.
Айта кетейік, Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін іске асырылатын, құны 3,5 трлн теңгені құрайтын 62 жоба бар. Бұл жобалар 6,3 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.
Биыл жалпы құны 161 млрд теңге болатын 26 жобаны іске асырып, 1,1 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.
ТОП-10-ға кіретін жобалардың қатарында «MASDAR» және «TOTAL EREN» (жел электр станциялары), «Fujian Hengwang Investment» (металлургиялық зауыт), «ЕУРОХИМ-ҚАРАТАУ» (минералды тыңайтқыштар), «Qazaq Soda» (кальцилендірілген сода), «Fufeng Group» (жүгеріні терең өңдеу), «MARIAM GOLD» (алтын өндірісі), «ALTYNALMAS REAGENTS» (натрий цианиді өндірісі), «Шоқпар-Гагаринское» (алтын өндірісі), «Shagala Mining» (мыс өндірісі) бар.