Жайлаутөбе қалашығында қазба жұмыстары жалғасуда
Байзақ ауданындағы Жайлаутөбе қалажұртында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба өңірдің бай тарихи мұрасын жаңаша зерделеу мен оны сақтау ісін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам.
2023-2025 жылдарға жоспарланған бұл кешенді зерттеуді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық тобы жүзеге асыруда. Ғалымдар Талас аңғарындағы қаңлы дәуіріне тиесілі ескерткіштерді кешенді түрде зерттеуді қолға алған. Зерттеудің негізгі мақсаты – Жайлаутөбе қалашығын жан-жақты зерттеп, оның айналасындағы оба тізбектерін анықтау және археологиялық тұрғыда қазу жұмыстарын жүргізу.
Қазба жұмыстарына дейін қалашықтың айналасында археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде солтүстік жағынан Жиенқайнар қорымынан 46 оба мен 50 этнографиялық ескерткіш, ал оңтүстігіндегі Ақжар қорымынан 157 оба мен 40 этнографиялық ескерткіш анықталыпты. Бұл атаулар ескерткіштердің нақты орналасқан географиялық аймақтарына байланысты берілген.
Археологиялық қазба жұмыстары Жайлаутөбе қалажұртымен қатар, Жиенқайнар қорымындағы №8 оба мен Ақжар қорымындағы №3 оба аумағында жүргізілді. Қазбалар нәтижесінде ені 4 метр, сақталған биіктігі 5 метрге жететін қуатты қорған қабырғасы аршылып, бұл аймақтың ежелгі құрылыс техникасы мен қорғаныс жүйесіне қатысты тың деректер анықталды.
Қалашық аумағынан Талас аңғары мен Оңтүстік Қазақстандағы отырықшы-егіншілік қоныстар мен қорымдарға тән керамика бұйымдарының бай топтамасы жиналды. Бұл деректер өңірдің ежелгі сауда және мәдени байланыстарының кең ауқымын айғақтайды.
Археологиялық жұмыстардың ең маңызды жаңалықтарының бірі – Қазақстан аумағында алғаш рет Талас аңғарында катакомбалық жерлеу орнының табылуы болды. Радиокөміртекті талдау нәтижелері бұл жерлеудің б.з. I-III ғасырларына жататынын көрсетті. Аталған жаңалық Жайлаутөбе қалашығы мен оған іргелес қорымдардың Қаңлы мемлекеті және ғұн-сармат дәуіріндегі этногенетикалық үдерістермен тығыз байланысты болғанын дәлелдейді.
Жайлаутөбе – Байзақ ауданы, Ақжар ауылынан батысқа қарай 2 шақырым, Талас өзенінің оң жағалауынан 1 шақырым жерде орналасқан ерте ортағасырлық қоныс орны. Қалашықтың құрылымы үш сатылы алаңнан тұрады. Негізгі ішкі қамал оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан және оның биіктігі 6 метрге дейін жетеді. Екінші және үшінші алаңдар біртіндеп төмендей отырып, қала құрылымын құрайды (шамамен 2,5 және 2 метр биіктікте). Қаланың жалпы аумағы ені 12 метр, биіктігі 1,5–2 метр болатын дуалмен қоршалған. Бұрыштарында қорғаныс мұнараларының іздері сақталған.
Археологиялық зерттеулерге Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкерлері Қуаныш Сүйіндікұлы мен Руслан Нұрланұлы жетекшілік етуде.
Жуырда облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы пресс-тур өткізілді. Журналистер археологиялық зерттеу жұмыстарының барысымен танысып, Жайлаутөбе қалажұртының тарихи маңыздылығын өз көздерімен көріп қайтты.
Айжан ӨЗБЕКОВА