Денсаулық

Дәрігерлер тәжірибе алмасты

Қалалық көпбейінді аурухана мен консультативтік-диагностикалық орталықтың базасында «Инсультті емдеудегі және алдын алудағы тамырлық нейрохирургия» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Оған Алматы облысының штаттан тыс бас тамырлық нейрохирургы Рауан Қастей және осы аурухананың нейрохирургы Асылбек Сенгербеков қатысты.

Оқыту семинарына облысымыздың барлық аудандарынан неврологтар мен рентгенологтар шақырылды.

Іс-шара барысында қатысушылар инсульттің алдын алу мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылап, тәжірибе алмасты және өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарының жағдайында қолдануға болатын жаңа практикалық білім алды.

Рауан Қастейдің айтуынша, шеберлік сыныбының мақсаты – заманауи операциялық тәсілдерді көрсету ғана емес, инсульттің тиімді профилактикасы бойынша тәжірибе бөлісу. Бұл өз кезегінде өңірлік дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның негізгі бөлігі – Рауан Қастейдің жетекшілігімен өткен шеберлік сабағы болды. Оның аясында бес көрсетілімдік операция жоспарланған. Солардың екеуі Р.Кастейдің тікелей қатысуымен, нейрохирург, нейроинтервенциялық хирург, ми тамыр патологиясы бойынша жетекші маман, рентген-эндоваскулярлық араласу дәрігері Еркебұлан Меркібековтің ассистенциясымен жасалды. Бұл операциялар қазіргі тамырлық нейрохирургия мен рентген-эндоваскулярлық технологиялардың мүмкіндіктерін айқын көрсетті. Операциялар кезінде аса күрделі клиникалық жағдайлар қарастырылды.

Бірінші пациент – сол жақ омыртқа артериясының V1–V2 сегментінің критикалық стенозы диагнозымен үш рет инсульт алған. Қайталама инсульттің алдын алу мақсатында зақымданған артерияға стент қою жүргізілді. Рентгендік кескіндерде операцияға дейінгі және кейінгі қан ағымының айқын айырмашылығы көрсетілді. Қан айналымы қалпына келтірілді, жедел ишемия қаупі жойылды.

Келесі пациент инсульт және миға массивті қан құйылумен түскен болатын. Бұл жағдай кешенді тәсілді, қан кету көзін мұқият визуализациялауды және ем тактикасын дұрыс таңдауды талап етті.

Үшінші пациент ми артерияларының көптік стенозымен бұрын инсульт алған. Диагностика нәтижелері бойынша жеке емдеу жоспары жасалды.

Артериовеноздық мальформациясы (АВМ) бар пациент – сирек әрі қауіпті патология. Науқасқа кезең-кезеңімен жоспарлы эмболизация жүргізілуде. Мұндай операциялар қан құйылу қаупін едәуір төмендетіп, неврологиялық симптомдарды жеңілдетеді.

Тағы бір пациент ұйқы артериясының толық окклюзиясымен түсті. Оған экстра-интракраниалдық микроанастомоз жасалды – бұл өте күрделі нейрохирургиялық операция. Онда қан айналымына жаңа айналма жол пациенттің өз тамырларының көмегімен, микроскоп астында құрылады. Мұндай араласулар тек жоғары мамандандырылған клиникаларда жасалады және хирургтан жоғары біліктілікті талап етеді.

Ғылыми-тәжірибелік конференция мамандардың біліктілігін арттыруға және облысымызда нейрохирургиялық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуге жасалған маңызды қадам болды. Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, бағдарламаның мазмұндылығын және клиникалық үдерістің тікелей бөлігі болу мүмкіндігін атап өтті.

Осындай бастамалардың арқасында медициналық көмектің сапасы артып, кәсіби ынтымақтастық нығаяды және заманауи емдеу әдістері енгізіледі.

Айжан ӨЗБЕКОВА