Ауыл шаруашылығы

Бидай экспортына қолдау көрсетілуде

Ала жаздай кетпенін иығынан тастамай, алқап басында ала таңнан қара кешке дейін жүрген шаруаға да, астықты өңдейтін кәсіпорынға да, қамбаға құйылған астықты шетелге экспорттайтындарға лайықты көмек көрсетілуі қажет. Мемлекет тарапынан мұндай қолдау дер кезінде көрсетілмесе ала жаздайғы бейнеттің өтеуі рәсуә болып, өнімнің сапасы уақыт өте келе төмендеп кетуі ғажап емес. Осының ішінде астықты экспорттаушылардың жөні бөлек. Егер астықты шетелге шығару барысында жол шығыны артып, тасымалдаушыға ауырлық түсетін болса, оның соңы кәсіпкерді тығырыққа тіреуі, қиындыққа душар етуі мүмкін. Сол үшін де мемлекет тасымалдауға кеткен шығынның бір бөлігін жабу үшін субсидия төлеуді 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғастыратын болды.

Бұл шараның басты мақсаты – астықты арзан жеткізу, шаруалардың қаржылық жағдайын жеңілдету және отандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуын арттыру. Яғни мемлекет шаруаның еңбегін қолдап, астықтың қашықта жатқан мемлекеттерге жетуіне жағдай жасап отыр. Субсидия әртүрлі бағыттарға беріледі екен. Айталық, Ресей арқылы Азов, Қара және Балтық теңіз порттарына, Балтық жағалауындағы елдерге, Кавказ арқылы Қара теңізге, Түрікменстан арқылы Ауғанстан мен Иранға, ал Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізгенде қолдау көрсетіледі. Нақты айтсақ, Ресей Федерациясы аумағы арқылы Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттарына, Ресей Федерациясы, Латвия Республикасы, Литва Республикасы және Эстония Республикасы аумағы арқылы Балтық теңізінің порттарына, Ресей Федерациясы аумағы арқылы Латвия, Литва және Эстония республикаларына, Әзербайжан Республикасы мен Грузия аумағы арқылы Қара теңіз порттарына, Түрікменстан аумағы арқылы Ауғанстан Ислам Эмиратына, Түрікменстан аумағы арқылы Иран Ислам Республикасына, Қытай Халық Республикасы аумағы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне астық апарғандарға субсидия беріледі. Осылайша астық тасымалдаушылар астықты өндірушілердің тауарын көрсетілген тәртіппен тасымалдағанда олар лайықты қолдауға ие болады.

Осы ретте бір мысал келтірсек, осы өнімді шетелге жеткізу бағыттарының бірі Ресей Федерациясы аумағы арқылы өтетін жолдар. Бұл бағыт Грузия мен Армения елдерін де қамтиды. Экспорттық бағытқа қарай мемлекет төлейтін өтемақының көлемі әр тонна астыққа 20 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін артпақ. Осы жылдың 15 қыркүйегіндегі жағдайға тоқталсақ, осы бағдарламаның операторы болып есептелетін «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы шаруалар мен экспорттаушыларға айтарлықтай көмек көрсеткен. Атап айтқанда, корпорация 828,4 мың тонна бидайдың тасымалы үшін 19,1 миллиард теңге аударыпты. Бұл қолдауға барлығы 553 өтінім түскен. Жалпы алғанда, бидай экспортының көлемі 1,2 миллион тоннаны құрап, 28,2 миллиард теңгенің қолдауы жүзеге асырылыпты.

Экспорттың басым бөлігі Әзербайжанға және Балтық елдеріне бағытталып жатқан көрінеді. Мәселен, жалпы жөнелтілген астықтың 43 пайызы Әзербайжанға жетсе, 30 пайызы Балтық жағалауы елдеріне жіберіліпті. Ал 16 пайызы Балтық және Қара теңіз порттарына транзитпен жеткізілген. Ауғанстанның үлесі 6 пайыз болса, Грузияның үлесі 5 пайыз деңгейінде қалыптасқан.

2024-2025 жылдарға арналған межелі жоспар аясында іске асып отырған бұл экспортты субсидиялау бағдарламасы тек қана бидай жеткізілімінің артуына емес, сонымен бірге қазақстандық астықтың әлемдік нарықта беделінің өсуіне де зор үлес қосыпты. Осы жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстаннан шетелге шамамен 12,8 миллион тонна астық жөнелтілген екен. Демек, бұл ауылдағы шаруаның маңдай терімен өсірген өнімінің бір бөлігі шалғайдағы мемлекеттерге жөнелтіліп, қазақстандық ұн ол жақта танымал болып жатыр деген сөз. Бұған дейін біз көбіне көршілес Орталық Азия елдеріне, Каспий өңіріне астық жіберіп үйренген едік. Дәстүрлі бағыттарымыз сақталып қана қойған жоқ, мемлекеттің қолдауының арқасында астық тасымалдаушыларға өзге елдерге қарым-қатынас орнатуға даңғыл жол ашылып отыр.

Астық алғаш рет Африка мен Араб түбегіндегі алыс мемлекеттерге жөнелтілді. Марокко, Алжир, Мавритания сияқты елдер біздің бидайды сатып ала бастапты. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріне, Вьетнамға да жөнелтілген екен. Бұдан бөлек, Еуропаның біраз елі Қазақстанның астығына қызығушылық танытқан. Мысалы, Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания құрамындағы Шотландия біздің астықты импорттаушылар қатарына қосылды. Қазақтың даласында өсірілген бидай осылайша әлемнің түкпір-түкпіріне жол тартып отыр.

Бұрын шетелдіктер Қазақстанды негізінен қатты бидай мен жоғары ақуызды бидайдың өндірушісі ретінде білетін. Олар бізден көбіне сапасы мықты, нан ашытатын, макаронға арналған дәнді алып жүрді. Ал биылдан бастап біздің жұмсақ бидайымызға да көңіл бөлініп, оның сапасын жоғары бағалай бастапты. Бұл – үлкен жетістік. Өйткені әлемдік нарықта астықтың түр-түрін ұсынып, әр елдің сұранысына сай бейімделу бәсекеге қабілетті екеніңді дәлелдей түседі. Негізінде экспортталатын өнімнің түрлері көбейіп, нарықтағы орнымыз да айқындала түсті. Қазақтың астығының әлемдік аренада танылып келе жатқаны қуантады. Бір кездері тек белгілі бір мемлекеттерге ғана жеткізілетін дәніміз, енді Африкадан бастап, Еуропаға дейінгі елдердің дастарқанынан табылуда.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары да астық тасымалдаушыларға дер кезінде демеу болуда. Астық тасымалдауға қатысты шығындарды жеңілдететін субсидиялау мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Бұл шешімнің мәні зор. Өйткені жаңа ашылған нарықтарға жол тауып, сол бағыттарды бекітіп алу үшін уақыт керек. Енді алдағы жылдары Қазақстан бидайының орнын нығайтуға, өнімді тұрақты жеткізуге мүмкіндік молая түспек.

Жалпы шаруаның еккен егінімен, еткен еңбегінің артында қаншама қыруар іс, салмақты саясат тұр. Мұның соңында тіпті экономикалық байланыс пен еліміздің беделі тұрғанын көруге болады.

 Нұрым СЫРҒАБАЕВ