«Ауыл аманаты» ауылдықтардың еңсесін тіктеуде
Ауылдағы ағайынның күнделікті күйбең тіршілігі ауылшаруашылық саласымен тікелей байланысты. Себебі ауыл тұрғындарының дені ырзығын есігінің алдындағы азғантай жердегі бау-бақшадан, тағы бірі қорасындағы 5-10 тұяқ малдан айырып отыр. Кезінде осы ауыл тұрғындарының тұрмысын «Қайтсек жақсартамыз?» деген ниетпен «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын.
Бүгінде Қазақстан халқының үштен бірі ауылда тұрады екен. Сол ауылдағы ағайынның табысы артып, тұрмысы жақсарса, ол осы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы орындалып жатқаны анық. Өйткені бұл жоба алғаш 2019 жылы біздің облыста жүзеге асырылып, ауылдағы ел-жұрттың кәсіп бастауына, қорасындағы малын көбейтуіне, егін егіп, тірлігін тіктеуіне мол мүмкіндік берді. Осыдан кейін әулиеаталықтардың тәжірибесі 2023 жылдан бастап ел аумағына таратылған еді.
Жалпы жобаның артықшылығы жеңілдетілген несиемен байланысты екені анық. Жылдық мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайызды құрайтын қаражатты қайтару мерзімі – 5 жылға дейін. Негізі малшаруашылығына қатысты жобалар үшін бұл мерзім 7 жылға дейінгі уақытты құрайды. Қаржы көлемі де аз емес, бір адамға 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, ал кооператив құрылса 8 мың АЕК-ке дейін несие алуға мүмкіндік бар. Бұл ауыл халқы үшін үлкен демеу екенін айта кетуіміз керек.
2023-2024 жылдары «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 120 миллиард теңге бөлініпті. Сол қаражаттың арқасында ауыл адамдарына 107,9 миллиард теңгеге 16 мыңнан аса шағын несие беріліп, 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған екен. Ал осы жылы «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға 50 миллиард теңге қарастырылып, ол шетінен үлестірілуде. Соның арқасында ауылдық жерлерде 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігі пайда болған.
Айтқандай, осы жобаға қатысты биылғы жылдың жақсы жаңалығы – несие алу талабының жеңілдей түсуі. Бұл ретте арнайы ақпараттық жүйені іске қосудың қолға алынуы да құптарлық жайт. Ол жүйе өтінімдерді қабылдауды біріздендіріп, барлық істі ашық жүргізуге, бүкіл деректерді қадағалап отыруға мүмкіндік беруде. Мемлекеттік деректер базасымен тікелей байланыс орнатылатындықтан, құжат жинап сабылу азая түспек. Сөйтіп ауыл тұрғыны өтінім беріп, несие алу процесін бұрынғыдан да тез әрі ыңғайлы атқара алу мүмкіндігіне ие болуда.
Бағдарлама басталғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінде 540-тан астам ауылшаруашылығы кооперативі құрылыпты. Соның ішінде 537 кооперативке 12,1 миллиард теңге бөлініп, олар өз ісін жандандырған. Яғни, ауылдағы адамдар бірігіп, кооператив құру арқылы үлкен істі қолға алып, табысқа қол жеткізуде. Бұл жобаның ерекшелігі қарапайым ауыл тұрғыны үшін ыңғайлы «айналмалы несие» жүйесі, яғни алынған қарыз қайтарылған сайын сол қаражат қайтадан басқа біреуге несие ретінде берілуінде. Осының арқасында ауыл халқы үшін тағы да 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, мыңға тарта шағын несие үлестіріліпті. Бағдарламаға қатысқан шаруалар мен кәсіпкерлер салық ретінде 1,2 миллиард теңге төлеген. Бұл ретте Ақтөбе, Түркістан және Әулиеата өңірлері көш басында келеді.
Президенттің тапсырмасымен ауыл мен шағын қалаларда тауарлық несие беру тетігі іске қосылған болатын. Мысалы, ауыл тұрғынына мал, ауылшаруашылығына қажетті техника және басқа да құрал-жабдықтар тауарлық несие ретінде беріледі. Мұны орта және ірі шаруашылық иелері өз жауапкершілігі аясында ауыл адамдарына жеткізуде. Ең бастысы мұндай көмекті жұмыссыз жүргендер де, тіпті кепіл қоятын мүлкі жоқ, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар да алуда. Мәселен, осы жылдың басында-ақ ел аумағында тауарлық несие аясында 300-ге жуық жылқы, 1600-ден аса ірі қара, 4,5 мыңнан астам қой-ешкі үлестіріліпті.
2019-2023 жылдар аралығында облыс аудандарынан ауылшаруашылық саласы бойынша 62 ауылдық округ жобаға қатысса, оның ішінде Мойынқұм ауданынан 8 ауылдық округтен 448 аула қамтылған. Былтыр Мойынқұм ауылынан 2, биыл 7 адам қолдауға ие болыпты.
Бұрнағы жылы Қызылтал ауылдық округінде 51 тұрғын «Ауыл аманаты» жобасының екінші бағыты бойынша 240 миллион 800 мың теңгеге 465 бас ірі қара, 95 ұсақ мал және 183 қылқұйрықты сатып алған екен. Сол сияқты «Көкжелек Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 20 миллион 400 мың теңгеге 5 техника алып, өндірісін дамытқан. Барлық игерілген қаражат көлемі 261 миллион 200 мың теңгені құраған. Қызылотау ауылдық округінде 23 адам жоба бойынша 94 миллион 600 мың теңгеге 169 бас ірі қара және 120 бас жылқы сатып алған. Сонымен қатар «Күшаман Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 29 миллион 600 мың теңгеге бес техникаға қол жеткізген. Жалпы осы округте игерілген қаражат көлемі 124 миллион 200 мың теңгеге жеткен. Жамбыл ауылдық округінде 42 адам екінші бағыт бойынша 242 миллион 600 мың теңгеге 469 бас ірі қара мен 164 бас жылқы алыпты.
Ал «Тұлпар» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 17 миллион 200 мың теңгені екі техника сатып алуға жұмсаған. Осы ауылдық округте барлығы 259 миллион 800 мың теңгеге игерілген. Қылышбай ауылдық округінде 24 адам 133 миллион 600 мың теңгеге 279 ірі қара, 95 бас қой және 92 жылқы алған. «Талды Өзек» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 5 техниканы 29 миллион 600 мың теңгеге алған. Жалпы қаражат көлемі 124 миллион 200 мың теңгеге жеткен. Қарабөгет ауылдық округінде 204 миллион теңге 379 ірі қара, 120 қой және 155 жылқы сатып алуға 35 адамға берілген. «Алмат-2023» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 29 миллион 600 мың теңгеге бес техника алған. Барлығы 233 миллион 600 мың теңге игерілген.
Биназар ауылдық округі жобаға 2022 жылы қатысқан екен. Ауылдық округ әкімі Қамбар Атаев Биназар ауылында 260 үй болса, ауылдың 67 тұрғынына 226 миллион теңге несие берілгенін айтады.
Биназар ауылынан жобаға қатысқан үйдің бірі Берікбай Исаевтың әулиеті. Оның қазір екі үйір жылқысы бар. Көктем шыға қара күзге дейін 4-5 бие байлап, қымызын сатса, күзге қарай 4-5 тайды бордақылап сатумен айналысуда.
Қарияның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы расында да ауылдағы ағайынға сүйеніш болып отыр. Осы жобаға қатысу арқылы Биназарлықтардың көбісінің малшаруашылығына ден қоюы орынды-ақ. Себебі Мойынқұмның жері малшаруашылығына қолайлы, одан бөлек қазақ «Малдының беті жарық, малсыздың беті көн шарық» деген.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Мойынқұм ауданы