Жүрегімде жылы естелік болып қалады
«AR-AI» – атауының өзі жарқын болашаққа шақырып тұрған, жастықтың үні мен жүрек лүпілін жеткізетін ерекше басылым. Еліміздің ақпарат кеңістігінде жастардың ойы мен армандарын, талпынысы мен табыстарын жеткізетін, жаңашыл әрі заманауи бағыттағы газетке айналғандарыңыз – үлкен жетістік.
Мен үшін «АР-АЙ» – жай ғана газет емес, жүрегімде ыстық орын алатын орта. Себебі дәл осы жерде мен еңбек жолымды бастаған едім. Журналист болып жұмыс істемесем де, бір кездері хатшы-референт ретінде осы ұжымның шаңырағының астында қызмет еттім. Ол кезең менің өмірімдегі ерекше бір естелікке толы, шабытты шақ болды. Жас кезімізде әрқайсымызда болар «журналист болсам» деген арман бар ғой. Мен сол арманның шетін «AR-AI»-да жүргенде сезіндім.
Сол жылдары газет ұжымындағы аға-әпкелеріміздің кәсібилігіне, жауапкершілігіне, тынымсыз еңбегіне қарап, нағыз рухани майданның қалай жүретінін көрдім. Әр мақала, әр бет – уақытпен жарысқан шығармашылықтың жемісі екенін ұқтым. Ұжымдағы адамдардың бір-біріне деген құрметі, ізгілігі, ортақ іске деген шынайы жанашырлығы мені қатты әсерлендірген еді.
«АР-АЙ» менің жүрегімде әрдайым жылы естелік болып қала береді. Сол кездегі ұжым мүшелеріне, қазіргі ұрпақ жалғастырып отырған жас журналистерге алғысым шексіз. Сіздер арқылы өңір жастарының үні, ойы мен арманы қағаз бетіне түсті, халыққа жол тартты.
20 жыл ішінде «АР-АЙ» талай биікті бағындырды. Басылым оқырманмен бірге жасап, олардың сенімді серігіне айналды. Бұл – зор жетістік әрі үлкен жауапкершілік.
Алдағы уақытта да әріптестеріміздің шығармашылық шабыты сарқылмасын! Қаламдары әрдайым ұлт пен ұрпаққа қызмет етсін. «АР-АЙ»-дың әрбір жаңа саны жастардың жұлдызын жағатын шамшырақ бола берсін!
Әдемі Рақышева,
Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар газетінің бұрынғы хатшы-референті