Бекзаттық
Күз мезгілі болса да бүгін ауа райында жанға жағымды жылылық бары сезіледі. Әдетте жасыл желекті шаһар аталатын Тараздың ажарында қазір сары түс басым. Қоғамдық жұмысшылар әр көшені сыпырып әлек, артынша-ақ сары жапырақ жаңбырша жауып жатыр. Мұнда маусымда оқуды тәмамдап, диплом алуға келгеннен соң оралғаным осы. Сондықтан болар, бәрі де көзге әдемі көрінеді. Келе жатқан нысанам – облыстық «AR-AI» жастар газетінің редакциясы. Қыста газеттің бас редакторы Болат аға хабарласып, шығармашылық байланыста жұмыс істеуді ұсынған. Содан бері жеке шығармашылығымнан және ауданның жаңалықтарынан жазғандарымды пошта арқылы жолдап, газет бетінен оқып, қуанып жүрмін. Телефонмен ғана тілдескен Болат Бекжановпен және газет ұжымымен таныспаққа арнайы келе жатырмын.
Газетте көрсетілген мекен-жайы Әйтиев пен Әйтеке би көшесінің қиылысы болатын. Қазыбек би көшесінен Әйтеке биге дейін Әйтиев көшесімен жүріп өттім. Таппадым. Қайта айналып Қазыбек би көшесінің бойындағы пошта бөлімшесінен редакцияға қоңырау шалып, мекенжайды таппай жүргенімді айтып, нақтылап сұрадым. Көпқабатты үйлердің ортасында орналасқандықтан, көше бойынан байқалмайды екен. Бас редактордың кабинетінің есігін қағып, ішке ендім. Төрдегі креслода отырған ұзын бойлы, шашын тықырлап алдырған, жылы жүзді ер адам орнынан тұрып, ілтипатпен қарсы алды.
Газет, ұжым туралы сөз ете келіп, қандай тақырыптардағы мақалалар жас оқырмандар үшін қызықты болатынын айтты. Бұл басылымда жастардың жеке шығармашылығына басымдық берілетінін де жеткізді. Бір сағаттай уақыт сөйлескен сәтте Болат ағадан парасаттылық байқадым. Шығармашыл жастарға бағыт көрсетіп жүрген жанашырлық сезілді.
Сол күннен соң бұл газетке деген қызығушылығым бұрынғыдан бетер арта түсті, хатпен жіберетін мақалалар мен шығармаларым да жиіледі. Болат ағаның бір тапсырғаны – танымал тұлғалармен аты да, тегі де бірдей адамдар туралы жазылатын «Аттастар» айдары еді. Біздің ауданда музыка пәнінен сабақ беретін Кенен Әзірбайұлы деген ағай болатын. Сол кісі туралы жазған мақаламды жібергенмін. Бір күні «AR-AI» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева қоңырау шалып, Кенен ағаның суретін жіберуімді сұрады, сол сәтте тауып бере алмадым, әрине. Жіберген мақалаларыма суретін қоса жіберуді құнттамайды екенмін.
Ертесіне сол мақаламды газет бетінен көрдім. Кенен ағаның суретін тауып, салыпты. Ал, мақаланың орта тұсына шеңбершеге қысқаша әзіл жазылған. «Мен мұндайды жазбаған едім» деген оймен бірден соны оқыдым. Сөйтсем, Кенен ағаның суретін алу оқиғасы қызық болыпты.
Шолпан аудандық мәдениет үйіне телефон шалып, Кенен ағаның нөмірін сұрап, үйіне хабарласады. Қоңырауға жауап берген кісіге «Кенен Әзірбаевтың үйі ме?» десе, «Жоқ, Жамбыл Жабаевтың үйі» депті телефонға жауап берген кісі. Себебі, ауылда ол кісінің әкесінің аты Әзірбай болғанымен, тегі басқа еді және ауылда ешкім атақты Кенен Әзірбаевпен аттас екенін аңғара бермейтін.
Міне, осындай таныстықпен басталған байланысым Тараз қаласына көшіп келгенімде тереңдеді. «Aq jol» газетінде жүріп, бір күні Болат ағаға барып, жастар газетінде жұмыс істегім келетінін айттым. Екі-үш күн бұрын ғана Болат аға қалалық «Жамбыл-Тараз» газетіне директор болып ауысыпты.
Расында да жаңа редактор барған бойымда мақала сұрады. Болат ағаның ақылымен құр қол бармағанмын. Апарған мақалаларым жарық көрген күннің ертесіне Оралхан аға жұмысқа келе беруіме болатынын айтып, қуантты. Болат аға басшы болған кездері әдеби шығармашылыққа басымдық берілетін. Ал, Оралхан аға негізінен сыни мақалаларға ден қойды.
Сол жылдардағы байланыстың ең озық құралы болған агентпен шеткі ауылдағы мұғалім қызбен сөйлесіп отырғанмын. Ол сөз арасында қазір оқушыларға еден жуғызуға тыйым салынса да ауыл мектептерінде әлі жалғасып жатқанын айтты. Мен іштей сыни мақалаға тақырып таптым деп қуанып кеттім. Сол қыздың ауызша айтуымен мектептің атын атап, оқушыларына кезекшілікпен күнде еден жуғызатындарын сынға алып жазған мақалам газет бетінде жарық көрді. Ертеңіне-ақ мектеп директоры қолына газетті ұстап, азанымен редакцияға келді. Сөйлеген сайын дір-дір еткенінен қатты ашулы екені сезілді.
– Мен...
– Біздің мектепте оқушыларға еден жуғызатынымызды қайдан білдің?
– Мұғалімдеріңіз айтты.
– Қай мұғалім айтты? Дәлелің кәне?
Жастығым ба әлде тәжірибесіздігім болар, алған мәліметтеріме дыбыстық жазбамен немесе қолхатпен дәлел алу керегі ол кезде мүлде ойыма келмейтін.
Қазір мені бастық шақырып, ана кісінің көзінше ұрысса не айтамын? Жазғанымды енді немен дәлелдеймін? Қап-ай ә, кешегі мұғалім қызға атын атамауға уәде бермеуім керек еді... Осындай ойлармен мазам қашып, дегбірсіздене бастықтың шақыруын күтіп тұрмын. Біраздан соң хатшы қыз келіп, мені емес, бастық Есет ағаны шақырып жатқанын айтты. «Мұнысы несі...» деп тұрмын іштей. Біраз уақыттан соң әлгі директор шығып кетті. Арада тағы 5 минуттай уақыт өткенде Есет аға келді.
– Қамар, сен сынаған мектепті мен мақтауға барамын ертең.
– Неге, аға?
Бірақ, мен қатаң жаза алғандай сезіндім. Міне, осы сәттен бастап, мақаладағы емес, жай ғана айтатын сөздерімді де дәлелмен айтатын болдым.
Менің кезекшілігіммен жарық көрген газеттің бір санында облыс әкімінің атынан қате кетіпті. Бір әріп басылмай қалған. Мен де оны байқамағанмын. Ертесіне ұжымның жоспарлау жиналысы түстен кейін болды. Себебі бас редактор облыс әкімдігінің аппараттық кеңесіне қатысып келді.
Ешқайсымыз үндемедік, себебі байқаған жоқ едік. Бәріміз де іштей «сорақы қате болмаса екен...» деген оймен қорқып отырмыз.
Сол сәт әлі күнге дейін есіме түссе, ұяттан жерге кірердей күй кешемін. Оралхан аға кейбір басшылар секілді дауыс көтеріп айғайламай, жай ғана айтса да өткір әзілмен осып өтті. Мақтамен бауыздағандай етіп айтылған сол ескертуден соң газеттің кезекшілігінде ғана емес, кез келген жазудағы әрбір сөзді буынға бөліп оқып, әріптерін көзбен түгендеуге әбден әдеттендім. Тіпті, 3-4 әріптен құралатын сөздің өзін көзім ерекше назармен оқитын болған.
Оралхан Дәуіт ұжымға басшы ғана емес, қамқор әке бола алды. Қателіктерімізді жекімей-ақ әзілмен ескертіп, естен кетпестей сабақ берді. Сондықтан, Оралхан ағаны журналистік жолымда ұстаз, «AR-AI» газетін үлкен мектеп тұтамын. Осы газетке келуіме бастамашы болған Болат ағадан, басшым болған Оралхан ағадан, «AR-AI» газетінің жастардан құралған ұжымының ұйымшылдығынан бекзаттық байқадым. Қандай жағдайларды бастан өткерсе де бұл газеттің ұжымында бір-бірімен ерегесу немесе арыздану деген болған емес. «Бас жарылса бөрік ішінде» деген ұлағатты сөздің нақ көрінісін осы газеттің ұжымынан көрдім. Қаншама басшы ауысып, ұжым мүшелері өзгеріп жатса да алғашқы бас редактор Болат Бекжанов қалыптастырып кеткен бауырмалдық, бір-біріне деген жанашырлық пен екінші басшы Оралхан Дәуіт сіңірген адалдық, қамқорлық, сыйластық бұл ұжымда әлі де жоғалмағанына қуанамын.
Қамар Қарасаева,
Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі