«Әр ақынның өз ерекшелігі болуы керек»
Елімізге белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров биыл 70 жасқа толды. Жас айтыскерлерді өнер жолына баулып, шәкірт тәрбиелеуде өзіндік мектеп қалыптастырған талантты тұлғаның қазақ руханиятына қосқан үлесі, еткен еңбегі өлшеусіз. Осы ретте жуырда біз Алматы қаласына арнайы барып, ардақты ақынмен сүбелі сұхбат құрған едік.
– Биыл 70 жасқа толдыңыз, туған жеріңіз Тамабек ауылында, аудан орталығы Қаратау қаласында кешіңіз өтті. Облыстық басылымдарда сіз туралы мақалалар жарық көрді. Бірақ сіздің өнер жолына қалай келгеніңіз жөнінде әр мақалада әртүрлі дерек жүргенін байқадық. Жалпы өнер жолын қууға қандай орта әсер етті, айтыс сахнасына алғаш рет қашан, қалай шықтыңыз?
– Туып-өскен жерім Талас ауданының Аманкелді (қазіргі Тамабек) ауылы. Бұрын Ойық ауылының құрамында болған, кейіннен Ждановқа (С.Шәкіров) қосылды. Осы елді мекенде 1955 жылы өмірге келіппін. Алақандай ауылдан Дәдебай Байқонысов, Әмір Туғанбаев, Қартабай Атшабаров секілді 11 Социалистік Еңбек Ері және 20-ға жуық ақын шыққан.
Ауыл сыртында аталарымыз өз қолымен қазған «Жұмабек» деген канал болатын. Жолтан есімді жездеміз «Жұмабек» каналының арғы бетіне шықсаң, шөбіне дейін сөйлейді» деген екен. Бұл сөз ел арасында мақалға айналып кетті. Жолтан жездеміз айтатын «Жұмабек» каналының арғы бетіндегі біздің ауыл. Ауылымыздың үлкені де, кішісі де мақалдатып, мәтелдетіп сөйлеуге құмар болғандықтан осы ерекшелігіне қарата айтылған, соған берілген баға еді.
Ауылымызда әдебиетке, өнерге жақын адамдар көп болды. Мектепте 8-сыныпта оқып жүргенде Есалы Қырықбаев ағамыз қазақ әдебиетінен сабақ берді. Ол кісі өлең де, пьеса, драма да жазатын. Мектепте оқып жүргенде Есалы ағамыз жазған пьесаларды сахналап жүрдік. Мәселен «Құрманғазы» деген спектакльіндегі Құрманғазының рөлін бүгінде үлкен әдебиет зерттеушісі, профессор Жанғара Дәдебаев сомдаса, інісі Байғазының рөлі маған бұйырған еді. Талас ауданындағы ауылдарды да аралап, мектептерде «Құрманғазы» қойылымын сахналайтынбыз. Сол кісінің арқасында көзіміз ашылып, өнердің мәнін ұғындық, әңгімесін тыңдап, көп нәрсеге қанық болдық.
Есалы Қырықбаев, Ескендір Қынашаев, Аман есімді ағаларымыздың суырып салып өлең айтып отырғанына да талай куә болғанбыз. Ең алғашқы өлеңдерімді оқып, түзеп берген де Есалы ағайымыз еді. «Сен болып бәрі кеткен бе?» деген өлеңімді аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетіне өңдеп, жолдағанын қалай ұмытайын. Бұл өлеңіме Ақкөлден шыққан композитор Әуесхан Салабеков ән жазып, Дана Маханбаева есімді әнші орындады. Кейін бұл ән облыстық филармонияның Жазира Ісметова есімді әншісі арқылы ел ішіне тарады. Ең алғашқы тырнақалды туындым осы өлең болатын.
Немере ағам, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбековтің де өнер жолына түсуіме ықпалы болды.
Бала күніміз әлі есімде. Ауыл жазда қыстақтан Талас өзенінің жағасына жайлауға көшіп барып, әр ата бір ауыл болып отыратын. Бір күні келе жатып, жерден бір парақ қағаз тауып алдым. Қолыма алып қарасам, машинкамен басылған өлең екен. Өлеңнің тақырыбы «Бүркітші ата» деп қойылыпты. Ал соңында авторы ретінде Жанғара Дәдебаевтың есімі көрсетілген. Өлеңді оқып, қатты әсерлендім. Қазір қарап отырсам, сол тауып алған өлеңім ақын ретінде талпыныс жасауыма айтарлықтай әсер етіпті.
Ал енді айтысқа келуімнің тарихы бөлек әңгіме. 1980 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, алматылық ақын Есенқұл Жақыпбековпен таныстым. Екеуміз курстас әрі дос болдық. Есенқұл өлең жазып әрі айтысқа да қатысады екен. Сол кезде Алматы облысында ақындар айтысы жиі ұйымдастырылып тұратын көрінеді. Ал біздің Жамбыл облысында ұлттық өнеріміз кенжелеп қалған еді. Есенқұл айтысқа қалай дайындалатынын, қарсыласын қалай зерттейтінін, бәрін-бәрін тәптіштеп тұрып айтып беруден жалықпайтын. Сөйтіп жүріп айтыстың не екенін, қалай дайындалу керектігін, сөзді халыққа қалай өткізудің әдіс-тәсілін меңгеріп алдым.
Осылайша күндер өте берді. Оқуым сырттай болғандықтан ауылда мал бағып жүрдім. Қой соңында жүріп, өлең жазатынмын. Өлеңдерімді аудандық газетке апарып беремін. Нарша Қашағанов ағамыз осы газетте бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Ол өлеңдерімді алып қалып, ішінде жарайтынын аталған басылымда жариялап жүрді. Бір күні «Талас тынысы» газетінің редакциясына бара қалып едім, Нарша ағамыз ерекше қуанып қарсы алды. Салған жерден: «Көп жылдан бері тұңғыш рет облыстық ақындар айтысы өтейін деп жатыр. Облыс бойынша әр ауданнан бір-бір ақын қатысуы керек. Ал біздің ауданда оған қатысатын лайықты адам болмай тұр» деді. Негізі осы айтысқа өзі қатысуы керек болған. Бірақ бұрын айтысқа қатыспағандықтан жүрегі дауаламай отырса керек. Ал менің өлең жазатынымды біледі, мен барғанда куанып кеткенінің мәнісі сол екен. Ол маған: «Айтысқа сен қатысасың ба?», – деді. Көп ойланбастан келісімімді бердім.
Нарша ағамыз дереу аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Көшербек Жұманқұловқа телефон шалды да: «Айтысқа қатысатын адам таптым, қазір сізге жіберемін», – деді.
Менің айтыс ақыны ретінде сахнаға шығуымның тарихы осылай басталды.
– Ауылыңызда, ауданда биылғы мерейлі жасыңызға орай кешіңіз өтті. Қандай әсерде болдыңыз?
– Осы жасыма дейін айтыстың талай жүлдесін алдым, көп алдында мерейім өсті. Бірақ туған жерге барып, кеш өткізіп, елдің сый-құрметін көрудің жөні, әсері бөлек. Ауылымда кеш өткенде балалық балдәуренім көз алдымда көлбеңдеп, ерекше толқыдым. Осы арқылы сыртта жүріп қанша сый-құрметке бөленсем де кіндік қаным тамған жердің, туған елдің, ауылдың көрсеткен құрметіне ештеңе жетпейтінін сезіндім.
– Сіздің алдыңызды көрген шәкірттердің бірі мен едім. Десе де шәкірт тәрбиелеу ісінде ұстаз ретінде ұстанған қағидаларыңызды айта отырсаңыз...
– Негізі «Ұстаздық етейін, шәкірт тәрбиелейін» деген ой болған жоқ. Бір кішкентай оқиғаны сөз етейін десең, осылай әңгімені әріден бастауға тура келеді. Бір күні Ақан серінің өлеңдерін оқып отырып арасынан:
«Молдалар паңсынып жөтеледі,
Кеудесін әрбір жерде көтереді.
О дүние бұл дүниеден жақсы болса,
Адамға айтпай молдалар кетер еді» деген шумақты көзім шалып қалды. Осы өлеңді «Бұрын қайдан оқыдым» деген ой санамда жылт ете қалды. Сөйтсем, бұл өлең Ұлбике Жанкелдіқызының айтысында бар екен. Ұлбике негізі Ақан серіден әлдеқайда бұрын өмір сүрген адам. Ол өлеңнің Ұлбике ақындыкі екеніне үлкен дәлел бар. Әйгілі шығыстанушы-түркітанушы, этнограф Василий Радловтың шығарған жинағында, анығын айтқанда, ұмытпасам Ұлбике мен Күдері қожа айтысында осы өлең шумақтары бар. Бұл 1862-1863 жылдарға тән болса, ол кезде Ақан сері әлі өлең айтуға жарамаған жас бала болатын. Осы жағдай мен үшін үлкен айтыс ақынына жасалып отырған қиянат сияқты көрінді. Өйткені Ұлбикенің өлеңдерін Ақан серіге теліп қойған. Ал оның өлеңдері онсызда толып жатыр ғой. Шын мәнінде ол кезде Ұлбикенің өлеңдері жинақталмаған, аты да толық шықпаған еді. Біздің білетініміз тек Күләш Ахметованың Ұлбике туралы жазған өлеңі. Онда күйеуі Бойтанның Ұлбикені ұрып өлтіргені баяндалады. Содан кейін ошақтылар құн сұрайды. Ұлбике ошақтылардың қызы ғой, ал барған жері сіргелілер. Сонымен Ұлбикенің төркіні екі-үш құн белгілейді. Ердің құны, жырдың құны деген секілді. Сонда жырдың құнын өтеу үшін мәйітті сойып көру керек болған көрінеді. Сөйтіп К.Ахметованың өлеңінде суреттелгендей Ұлбикенің өкпесі өлеңге толы болып шығып, жырдың құны төленген екен.
Ұлбике ақын біздің Таластың тумасы екенін К.Ахметованың өлеңі арқылы біліп жүретінмін. Ұлбикенің өлеңі Ақан серіге телініп кеткеннен кейін өз бетімше зерттеу жүргізе бастадым. Талас ауданының Үшарал ауылындағы жерлестеріне қозғау салып «Үшаралда Ұлбикенің күндерін өткізейік» деген мақала жаздым. Аудандық газеттің редакторы Әбдірахман Әбдірәсілов Ұлбикенің қандай ақын екенін білетін. Бірден қолдады. Осылайша екеуміз ақылдасып, «Ұлбикенің ұлы күндерін» өткізуге кірістік. Енді осы іс-шараны «Қалай, қандай ерекшелікпен өткіземіз?» деген сұрақ туындағанда мен ақындар айтысын ұйымдастыруға ұсыныс жасадым. Осылайша Ә.Әбдірәсілов екеуміз айтыс ақындарын іздестірдік. Ана ауылдан бір-екі, мына ауылдан бір-екі ақын шығып, бас-аяғы бір Талас ауданынан 25 ақын табылды. Іс-шарамыз ақындар айтысынан бастау алды. Жоғары деңгейде өткен айтысқа Бостандықтан Бегімбет Дәулетов, Жанбайбек Түгелов, Тамдыдан Бақытжан Махашев, Ойықтан Болат Бекжанов деген жас ақындар қатысты. Сонымен қатар Жақсымбет Қоқанбаев, Сәбит Ақынбаев, Аққұмнан Қарсан Батаев сияқты жасы үлкен ақындар да бақтарын сынады. Ақындық өнерге өзім баулып жүрген Үміт Битенова, Ербол Қамбатыров, туған інім Асқарбек Айдаровтар та айтыскер ақындар қатарынан табылды.
Кейін «Енді бұларды республикалық деңгейдегі үлкен айтыстарға қалай шығарамын?» – деген ой мазалай бастады. Бір жолы Бостандықтан шыққан Жанбайбекке: «Өзімнен бұрын үлкен сахнаға сені шығарайын, сен айтысқа бейімдел», – дедім.
Сөйтіп, Жанбайбек республикалық айтысқа өзіммен қатар шықты. Сол кезде ғой қарсыласым да, өзім де қап-қара болғандықтан:
«Құрдасым сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай,
Қосылдық екі ақ маңдай шам жаққандай.
Екеуміз ай мен күндей боп отырмыз,
Вагонға көмір артқан солдаттардай». – деп айтатын кезім.
Осы айтыстан соң Жанбайбектің беті қайтып қалды ма, мүлде айтысқа шықпай кетті. Дегенмен Үміт республикалық деңгейде өнер көрсетті. Ербол да жап-жақсы танылды.
Сол айтыстардан кейін қатарға талантты жастардың үркердей шоғыры қосылды. Атап айтсақ, Ойық ауылынан Бекен Досалиев, Есет Досалиев, Біржан Сөктай, Қызыләуіт ауылынан Райхан Мәселбекова, Аққұмнан Олжас Отар, Үшаралдан Шырынбек Қойлыбаев, Айнұр Шаханова, одан кейін Алтыншаш Баққараева деген қыз шықты.
– Жуырда Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуіңізде мақамы бір-бірінен аумайтын ақындар көбейгенін сөз еттіңіз. Одан бөлек ел арасында «Шорабектің айтыстан қол үзуіне ақындардың бір-бірімен келісіп алып айтысуы себеп болыпты» деген сөз бар. Жалпы бүгінгі айтысқа көңіліңіз тола ма?
– Негізі ақындардың келісіп айтысуы айтыстан кетуіме себеп болды деген сөз шындыққа аса жанаспайды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары аудан орталығы Ақкөлден Қаратау қаласына көшірілді. Сол жылдары аудандық мұражайдың директоры болып жүретінмін. Өзім басқарып отырған мекемеммен бірге орталыққа көшейін десем, үй-жайым жоқ. Әйеліме де жұмыс табылмайтын болғандықтан, ойлануға тура келді. Ақыры не керек Тараз қаласына қоныс аудардым. Таразда да жұмыссыз жүрдік. Күн көру қиындап, амал жоқ кейде тұрмыстық қажеттілік үшін пісте сатуға дейін бардық. Осының барлығы күнкөріс қамы үшін жасалған амал еді. Сол қиындықтар қажыта бастады. Бір жағынан тұрмыс ауыртпашылығы, екінші жағынан жүйкем сыр беріп, денсаулық жағдайы да басқаға мойын бұрғызбады. Айтысқа барсам да бұрынғыдай әуенімді, өзімнің ерекше болмысымды таппай қалып, бірдеңе жетіспей тұратындай болды. Ол кезде айтысқа бару үшін қалтаңнан ақша шығарасың. Қазіргідей ұйымдастырушылар, демеушілер жоқ еді. Турасын айтқанда, қаржылық қиындықтар туындады. Сөйтіп жүріп айтыстан қол үзіп қалдым. Бірде ауданымызда басшылық қызметте болған Тыныс Сейдуанов деген ағамыз демеушілік жасап, айтысқа жіберді. Алматыда өткен сол айтыста өкінішке қарай жарқырап көріне алмадым. Өйткені оған дейінгі қиындықтар, айтысқа қатыспауымның салдарынан қарайып қалу секілді жағдайлар өзімді толық көрсетуіме мұрша бермеді. Одан бөлек, бұрын айтысқа жиі шақырып тұратын ұйымдастырушылар да хабарсыз кетті, шақырмайтын болды. Сол кездерде «Мен айтысты тастаған жоқпын, айтыс мені тастап кетті» деп айтқанмын. Негізінде шындығы осы. Одан кейін жарқырап жастар шықты. Бұрынғы біз сияқты ақындарды жаңа толқын жағаға ысырып тастады. Себебі олардың бойында энергиясы тасып тұрды әрі есте сақтау қабілеті бізге қарағанда мықты еді. Ал біздің жасымыз ұлғайғандықтан, есте сақтау қабілетіміз нашарлай бастады.
Дегенмен бұрынғы ақындардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар еді. Мысалы, Әселхан Қалыбаеваны ешкім біреумен шатастыра алмайтын. Оның өз әуені, сөз саптау мәнері болды. Мысалы, оларды теріс қаратып қойып айтыстырса немесе тыңдарман радиодан беріліп жатқан айтысқа орта жолдан құлақ түрсе, айтысып жатқан ақындардың кім екенін бірден ажырататын. Әсия Беркенова да солай. Есенқұлды да ешкіммен шатастыру мүмкін емес. Қонысбай Әбілов, Абаш Кәкеновтің де өз стилі, мақамы болды. Баянғали Әлімжан, Айтақын Бұлғақов секілді барлық ақындардың өз ерекшелігі бар еді. Қадыр Мырза Әлінің:
«Бір-біріне ұқсамасын ақындар,
Ақын түгіл ұқсамайды жақындар.
Бір-біріне ұқсас болса ақындар,
Тек біреуін ап қалуға хақың бар», – деген өлеңі бар.
Негізінде айтыс дәстүрінде әр ақынның өз болмысы, өзінің өнер жолында салған өрнегі болуы керек. Ерекше болмыстағы ақындар бірен-саран болса да бар, бірақ жалпы алғанда сипат осындай. Сондықтан нақ осы мәселе жағына көңілім толмайды. Әйтпесе, бүгінгі буынның көтеріп жатқан проблемасы, жауаптасуы керемет. Алайда олардың жауаптасуы келісіп алушылықтан туындап отырғаннан кейін халық та жан-тәнімен қоштамайды. Зал бір сәтке ғана «ду-ду» ете қалады, одан кейін тынышталып қалады. Бұрынғы уақытта бір ақын бір сөз айтса, оны халық көп жылдар бойы «пәленше былай деп айтып еді» деп ұмытпай айтып жүретін. Ал қазіргі ақындардың сахнада айтқан сөзі сол сәтте-ақ ұмытылып кетеді. Сонда менің айтып отырғаным екі-ақ мәселе, оның біреуі – ақындардың бір-бірінен айнымайтыны, ерекшелігі жоқтығы. Екіншісі – келісіп айтысатыны. Қалғанының барлығы өте жақсы.
– Қазір әлеуметтік желіде қазақы салт-дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды насихаттайтын бейнежазбаларыңыз жарияланып жүр. Мұның ұрпаққа берері мол деп ойлаймыз. Бұл кімнің идеясы?
– Қаскелеңде Тимур есімді кәсіпкер жігіт бар. Өзім толық танымаймын. Бұл сол жігіттердің идеясы. Қазір әлеуметтік желінің дамыған уақыты ғой. Барлық нәрсе халыққа осы желі арқылы насихатталады. Солар әлеуметтік желіде ақсақалдың бейнесі, ақсақалдың образы жоқ екенін аңғарып, осы мәселені қолға алды. Біз «Ақсақал кім?» дегенде Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би секілді ата-бабаларымызды еске аламыз. Олардың сақалы сала құлаш. Бұрын бір қарияны жақсы жағынан суреттегенде «сақалы кіндігіне түсетін» деп айтатын. Ал қазір сақалды адамды жексұрын етіп қойдық. Негізі сақал қою да салт, сақал қою да дәстүр. Бұл жерде ақсақалдың сыртқы бейнесі туралы айтып тұрмын. Мұндағы әңгіме – қазақ халқының ақсақалының образы, соның сақал-мұрты, ұлттық киімі арқылы өз болмысымызды кейінгі буынға көрсету. Әлгі жігіттер әлеуметтік желіде «Сондай қазақтың бір ақсақалының бейнесі пайда болса» деп ұйғарым жасаған ғой. Сол себепті ұсыныс маған түсті.
– Ол үшін ақы төлене ме?
– Әрине, әу баста маған ұсыныс жасаларда «Шөкеңнің аз ғана зейнетақысы неге жетеді? Бір жағынан ол кісі табыс тапса, екіншіден, ұрпаққа тәлім боларлық пайдалы іспен айналыссын» деген оймен оның төленетін ақысы алдын ала ойластырылған екен.
– Сіздің бір кездері аудандық газетте арнаулы тілші, автоклуб меңгерушісі, аудандық мұражай директоры болғаныңызды білеміз. Десе де Таразда жүргенде «Дүние дастан» деген жастар газетінің шығуына атсалысқаныңызды біреу білсе, біреу білмес. Осы басылымның бастамашысы кім еді, оның жабылуына не себеп болды?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, Таразға қоныс аударған соң жұмыстың ыңғайы болмады. Десе де №8 мектепте айтыс үйірмесін жүргіздім. Бірақ ол білім ошағы маған жарытып айлықақы төлей алмады. Кейін марқұм Серік Қали бауырымыз «Дүние дастан» деген газет ашты. «Соны екеуміз шығарайық» деді. Серіктің ойы да, біздің де мақсатымыз ортақ болды.
Ол кезде халықтың дүниеге деген көзқарасы өзгеріп, көбісі күнкөріс қамын күйттеп кеткен еді. Қолының кірі барлар байлығын еселей түсуге ұмтылды. Ал рухани мәселелер тасада қалды. Материалдық дүние алға шығып, адамдар кітап оқудан қалды, ол тұрмақ тіпті күнделікті баспасөзге көз жүгіртуді де қойды. Біз көпшілік үшін оқылымды газет шығарып, сол басылым арқылы оқырманды тәрбиелеуді, ойландыруды мақсат тұттық. Әрине, ол мақсатқа толық жете алмадық, бірақ нәтижесіз де болған жоқ. Көп адамның басылымға деген көзқарасы оң болды. Біз жаңа заманның ағымын халыққа түсіндіргіміз келді, бірақ өзіміз де ол кезде бәрін терең түсініп үлгерген жоқ едік. Дегенмен бір нәрсені анық ұқтық. Ол өтпелі кезең болатын. Өтпелі кезеңде адамдардың рухани әлсіреуі, адамгершіліктің төмендеуі жиілейді екен. Сол себепті газет бетінде адамдық қасиеттерді, кешірімді болу, қайырымдылық таныту, ізгілікке ұмтылу секілді құндылықтарды насихаттауға тырыстық. Қазақтың бойындағы бір-біріне көмектесу, ағайынның ағайынға, туыстың туысқа жәрдем беру, ата-анасына қарайласу сияқты қасиеттер жоғалып бара жатқанын көрдік. Сол себепті біз «Дүние дастан» арқылы осы ұмытылып бара жатқан адами және ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртқымыз келді. Қысқасы, түптеп келгенде бәрі тәлім мәселесі ғой.
Қазір ойлап отырсам, «Дүние дастан» газетінің ғұмыры қанша жылға созылғаны толық есімде жоқ. Мен өзім шамамен бір жылдай сол жерде жұмыс істедім. Кейін лайықты жұмыс тауып, ауысып кеттім. Газет ары кетсе екі жылдай шыққан шығар.
– «Дүние дастан» газеті жекеменшік болған соң, мүмкін қаржылық қиындыққа төтеп бере алмай, жабылған шығар. Алайда іле-шала облыста «АR-АI» жастар газеті ашылған болатын. Сол газетке биыл 20 жыл болып отыр. Осыған орай айтар тілегіңіз болса...
– Өзімді «АR-АI» газетінің оқырманымын деп толық айта алмаймын. Бірақ осы басылым алдымнан жиі-жиі ұшырасып тұрды. Өйткені ауылдағы сыныптас досым, өзі журналист әрі тусқаным Әбілда Сәрсенбиев «АR-АI» газетін жаздырып оқиды екен. Онысын сақтап қойып, мен барғанда: «Мынаны саған сақтап жүрмін, керек болар», – деп қолыма ұстататын.
Негізінде, осы газеттің алғашқы редакторы Болат Бекжанов болды. Сол кезде редакцияға жиі барып тұратымын. Кейін біз Алматыға көшіп кеттік те, сәл қол үзіп қалдық. Дегенмен кейін де орайы келгенде редакцияға ат басын бұрып жүрдім.
Жалпы қазір де анда-санда газеттің бір данасы болса да қолымызға тиіп қалады. Мысалы, онда Масат Берік деген елге қызмет еткен танымал азаматтың, Ақкөлден шыққан Дәулет Төлендінің, өзімнің шәкіртім Біржан Сөктайдың редактор болғанынан хабардармын. Қазіргі редакторды да өзің арқылы біліп отырмыз.
Менің айтайын дегенім, тиіп-қашып жүріп оқысам да, бұл газеттің маңыздылығын бұрыннан жете түсінгенмін. Өйткені газет қазіргі қоғамдағы жастарға аса қажетті мәселелерді үздіксіз көтеріп тұрады. Жастарды дұрыс жолға бастайды. Қазақы болмысынан айырылмауға, ұлттық ерекшеліктерін білуге тәрбиелейді, жаңашылдыққа ұмтылуға, жастардың көкірек көзін ашуға күш салумен келеді деп түсінемін. Бұл газет жастардың ғана емес, жалпы оқырманның сүйікті басылымына айналғанын оның әу баста жарық көрген кезінен бастап менің досымның оны қаттап жинап, мен барғанда қолыма ұстатуынан-ақ аңғаруға болады. Негізінде газеттің қай-қайсысының болса да оқырман үшін пайдасы көл-көсір.
«АR-АI» газеті өзінің алған бағытынан танбасын, оқырманы көп болып, таралым саны арта берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ